Сәдуақас Ғылмани және замана шамшырақтары

0 171

Серік НЕГИМОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор

Айтулы дін қайраткері, 108 200 сөз ұғымды сыйғызған «Арабша-қазақша сөздікті» туындатқан және үндінің даңқты шығармасы «Кәлила мен Димнаны» жаңғыртқан дарынды тәржімашы, Құран-Кәрім аяттары мен хадистердің тәфсірлерін, мәуліт жырларын, діни уағыздарды қазақша сөйлеткен, «Діни педагогика» оқулығын жазған, би-шешендердің даналық пен ізгілікке толы тұжырымды толғамдарын меруерттей тізіп, хатқа түсірген өз заманының дарабозы ­Сәдуақас Ғылмани (1890-1972) еді.
Қайраткер Сәдуақас Ғылмани 1952-1972 жылдарда Қазақстан қазиятының қазиы, Орта Азия мен Қазақстан діни басқармасының мүшесі, Ақмола шаһары мен Ерейментау мешіттерінде қызмет жасаған.Сәдуақас Ғылманидың заңғар тұлғасын аса көрнекті фарабитанушы Ақжан Машани (1907-1997) сөзімен былайша сипаттасақ: «Мен С.Ғылманиды өзімнің ғылыми жетекшім деп есептеймін. Өйткені «екінші ұстаз» әл-Фараби араб емес, қазақ жерінен шыққан ғұлама» деген хабармен жер жүзін шарлап, анықтауға кірісіп, араб-парсы тілдерінде жазылған шығармаларды оқи алмай жүргенімде Сәдуақасқа кезіктім. Ол кісі маған шығармаларды аударып берді. Соларды зерттей келіп, әл-Фараби зиратын тауып, оның қазақтың Отырар-Фараб қаласынан шыққан оқымысты екенін дәлелдеп, ел-жұртына таныс­тырдым».
Дінтанушы, білімпаз, ғұлама Сәдуақас Ғылманидың «Заманымызда болған ғұламалардың ғұмыр тарихтары» дейтін тарихи-өмірбаяндық кесек шығармасы (2013) тұлғатануға, әдебиет тарихына, оның ішінде ақын-жыраулар, абыздар, шешен-билер, шежірешілер, дін білімпаздар шығармашылығы мен тарихына, өмірбаяндық жолдарына арналған. Негізінде, өз заманында халықтың қадір-көсеміне айналған, құрмет пен абыройға бөленген ақыл-ойдың жарқын жұлдыздары деуге болады. Біздерге мәлім әрі беймәлім кеңестік-саясатқа, кеңестік мүддеге көзқарасы, дүниетанымы, түсінігі мүлде үйлеспейтін қайраткерлердің айтулы ойлары, толғамдары мәңгілік елдің, ұлттық Тәуелсіздіктің іргетасының берік қалануына, баяндылығына барынша қызмет ететіндігі айқын. Сонымен қатар ұлттың көркемдік ойлау жүйесі мен әдеби тілдің одан әрі өркендеуіне белгілі бір дәрежеде салмақты үлес қосатындығы даусыз. Өйткені ақындар, жыраулар, абыздар, сал-серілер тілінің алуан түрлі ерекшеліктері – ұлт мәдениеті дамуының кепілі.
Бұл ретте Сәдуақас Ғылманидың ішкі әлеуетінің тегеурінділігі, дін ғылымын терең, сұңғыла, зерделі көңілмен түйсініп, түсінуі, әдеби, ғылыми тәжірибесінің кемелдігі, ұлтқа, адамзатқа, жанды-жансыз жаратылысқа жанашырлығы айрықша.
Ел тарихына, ұлт руханиятына, бабалар мұрасына, даналық, ізгілік іліміне іңкәр көңіл жүйрік Сәдуақас Ғылмани Үмбетей жырау, Бапан би, Саққұлақ шешен, Байсерке абыз, Орынбай, Ақан сері, Өске, Досбол би, Шоң би, Ералы шешен, Жабай би, Мәшһүр Жүсіп, Қуат ақын, Асау­бай ділмар сынды ел естілерінің тапқырлық, шешендік, көсемдік толғамдарын мүмкіндігінше жинақтап, туу тарихын толғап-баяндап отырған. Мәселен, Бапан бидің Жанбота болысқа айтқанында:
Ынтымақ, бірлік қалмаса,
Елдікке бойын бұрмаса ,
Үлкеннің айтқан сөздерін,
Кіші қостап тұрмаса,
Ел дегенің немене?
…Қайырлы қоныс болмаса
Жер дегенің немене? –
деген терең ғибратты ойлар қазақ тарихындағы киелі ұғымдарды бойтұмардай сақтауды, ата-қонысымызды қорғауды өсиет етеді. Я болмаса, 16 жасында Саққұлақ шешен Абылай ханның Бас биі Байдалының алдында мал дауына төрелік айтқаны қандай өжеттік, білгірлік, тапқырлық десеңізші?!
Ертіс, Ерейментау, Қызылжар өңірінде аты шыққан азулы ақын, шешендіктің тұйғыны Қуат Тәңірбергенұлының мұрасында қызықты суретті өткір ойлар, әсіресе, әшкерелеушілік сипаты басым.
Кәрілік деген күлге аунаған
қотыр бура,
Би қайда бұрынғыдай сөзі тура –
Немесе:
Молдаға қол берейік,
ғалым болса,
Ұлыққа қол бермеу жол,
залым болса.
Сарт-сабан туған жерін
табу керек,
Әуелде өзіне шыққан жері
мәлім болса –
дегенде сан қырлы сыр бар. Әділдіктен танғандарды, көңілі соқыр көргенсіздерді улы тілмен түйрейді.
Сәдуақас Ғылманидың Ақан сері жайындағы мәліметтері, тарихи деректері, мәтіндері де өзекті. Өйткені оның шығармаларының текстологиясы мен өмірбаянын зерделеуде мән-мағынасы зор. Ақан серінің ақындық, әншілік өнерінің биіктігінің үстіне, рухани мәдениеті, кісі­лік қасиеті ерекше екен.
Парасаттың, ізгіліктің, әділдіктің ту ұстаушысы Сәдуақас Ғылмани замана ғұламаларының ғибратнамасын хатқа түсіру барысында өзі туып-өскен, түлеп ұшқан ардақты мекенінің тарихына, мәдениетіне, игі жақсылардың қалдырған ізгілікті істеріне, діни білімді таратқан қайраткерлердің қайырлы қимылдарына назар аударады.
С.Ғылманидың пайымдауларына жүгінсек, сол заманның өзінде жақсылардың, білімпаздардың ортасы болғанға көз жеткіземіз. Мысалы, Мұхамеджан Төлеубайұлы (1858-1918) араб, парсы, шағатай, орыс тілдерін ауызша әрі жазбаша түрде жақсы игерген, Л.Толстойдың, Герценнің, Ғалымжан әл-Барудидің шығармаларын және «Дала уалаяты» (1888-1902), «Қазақ» (1913-1918) газеттері мен «Айқап» (1911-1915) журналын жүйелі оқыған. Өзі тапқыр шешен болған. Оның мынадай нақыл сөздері бар:
1. «Қолы қосаяқ соға алмаса да, аузы жолбарыспен алысып тұрғанын қарашы!».
2. «Кімнің жүгі биік болса, соған қарғып шыққан мысықсың-ау!».
3. «Ей, әуелі тазалай біл іштің кірін, ішінде толып тұрмасын сасық ірің».
4. «Еркектігіңе сенбе, ерлігіңе сен».
5. «Мың тасырдан бір талапты артық».
6. « Ақымақтың күні қараң, арамтамақтың дәмі арам».
Мұқат молда Әлішер Науаи ғазалдарын да мейірленіп айтып отырады екен.
Ғылыми көзқарасы айқын, ғұламаның тұлғасы биік Сәдуақас Ғылмани терең тамырлы шынайы деректерді қайдан, кімнен алғанын, қай уақытта жазып алғанын нақтылы көрсетеді.
Мұқат молданың ірілігін, кісілігін, білімдарлығын сөз еткенде ұлы Ғалымжанның жазбаларын пайдаланады. Ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы Ғалымжан Мұқатұлының қолжазба мұрасы. М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қорында сақтаулы.
Сәдуақас Ғылманидың түсіндіруінше, Ереймен өңірінен шыққан діни білімпаздар «алпыс молда, жетпіс сопының елі» Қызылжар шаһарында оқыған.
Ғұламалардың өмірі мен өнегелі істерін толық сипаттаған Сәдуақас Ғылмани еңбегінде Ақтамақ халпе, Мұстақым хазірет, Байдүйсен хазірет, Әлдеберген хазірет, Ғалиасқар хазірет, Аббас хазірет, Исқақ хазірет, Қондыбай хазірет, Кәкібай хазірет, Мұстапа Ұзақұлы, Мұртаза Мұстапаұлы, Абылхан молда, Рамазан молда өмірбаяны қамтылған. Осындайда ойға оралады. Астана қаласының Жастар шағын ауданындағы қалалық бейіт, яғни ұлы қолбасшы Хан Кененің 200-ден аса сарбазы жатқан бейіт ХХ ғасырдың 90-жылдарында ойыншыққа айналғаны белгілі. Сәдуақас Ғылмани ұстазы Ақтамақ халпенің 1918 жылы басына қойылған тастағы ап-­анық жазуды 1966 жылдың 21 қыркүйегінде тұтастай көшіріп алған. Демек, осы уақытқа шейін ХVII-XX ғасырлардағы жазулар бұзылмай сақталған деген қорытынды жасауға болатындай.
Түйіп, жинақтап айтқанда, Сәдуақас Ғылманидың «Заманымызда болған ғұламалардың ғұмыр тарихтары» атты кітабы – өз заманында ғұмыр кешкен білімділердің тағдыр-талайын, көзқарасын, өмір жолын, даналық пен ізгілік дәрістерін баяндаған, толымды шығарма.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 + eight =