Сәдібектің семсері

0 391

«1998 жылдың ақпан айы. Алғашқылардың бірі болып ұлы көштен қалмай, Алматыдан жаңа астанамыз Ақмола қаласына келген кезім. Күн-түн демей, жарғақ құлағым жастыққа тимей атқарып жүрген қызметім елордамыз – Ақмола қаласы әкімінің баспасөз хатшысы-баспасөз қызметінің жетекшісі. Жаңа астанаға қоныстанған барлық бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынас жасаудағы мақсатымыз елордамыздың мәртебесін асырып, беделін көтеру болатын».Елге белгілі азамат, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұлтқа сүбелі сөзде­рімен ғана емес, іс­терімен қызмет етіп жүрген Сәдібек Түгелдің бір естелігі осылай басталады. Иә, арада дәл жиырма екі жыл өтсе де, бәрі кешегідей көз алдында сайрап тұр.
Қай істі болмасын алдымен бастау қиын. Ұлы Абай бұл туралы «Істің қалай біткеніне емес, қалай басталғанына қарап бағала» деп тура айтқан. Сәдібек Түгел жаңадан құрылып жатқан шаһарда, жай қала емес, елдің бас қаласында жан-жаққа ақпарат тарату ісін жолға қоя білді.
Халық кез келген оқиғаға БАҚ-та жазылған мақаланы оқып, баға беретіні өтірік емес. Журналистиканың қоғамға ықпалы күшті. Бір мақаламен жақсы істі жоққа шығарып немесе түкке тұрмайтын нәрсені жарқыратып, жайнатып көрсетуге болады. Сол сияқты кез келген мекеменің имиджі де бұл туралы таратылған ақпаратқа тікелей тәуелді. Ғасырлар тоғысында астананың мәртебесі мен беделі Сәдібек Түгелдің жұмысына байланысты болды. Ол өзіне тапсырылған істі абыроймен алып шыға алды. Оның атсалысуымен елорда баспасөзінің негізі қаланды. Астаналық ақпарат кеңістігі қалыптасып, халықаралық баспасөз орталығы ашылды.
Баспасөз қызметі жетекшісінің бір міндеті – журналистермен тығыз қарым-қатынаста болу. Сол уақытта шындық туын биік ұстап, ешқашан жықпаған марқұм Жұматай Сабыржанұлы жасындай жарқылдады. Көзіқарақты оқырмандар біледі, журналист жазған сын мақалаларының бір шеті әкімдікке тиіп жататын. Қазір осындай шыншыл қаламгермен Сәдібек Түгел қалай тіл табысты екен деген ой туады. Ал бұл екеуі жанжалдаспай, керіспей жұмыс істегеніне күмәніміз жоқ. Бұған Сәдібек Түгелдің «Олардың есімдері – біздің жүрегімізде» атты тамаша жобасы дәлел. Астананың өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан журналистерді еске алу кеші мазмұнында өтетін бұл жоба осы уақытқа дейін төрт рет ұйымдастырылды. Оның алғашқысында Ақселеу Сейдімбек, Дүкеш Байымбетов, Владимир Коченов, Талғат Ілімжан, ­Рафаэль Жұмабаев, Октябрь Әлібеков, Жомарт Әбдіхалық, Владимир Бойко, Мадрид Рысбеков, Шакизада Құт­таяқов, Алмас Жолтаев, Олег Квятковский, Біржан Белқара сынды белгілі қаламгерлермен қатар Жұматай Сабыржанұлының да жарқын бейнесі жаңғырды.
Өр Алтай мен ерке Ертіс бойында жылқышылар бригадасының бригадирі Түгел Құмарұлы мен колхоз жұмысшысы Мәрияның шаңырағында жетінші бала болып дүниеге келді. «Жеті» қазақта қасиетті сан саналады. Оның үстіне көзін ашқанынан ұлтымыз ерекше қастерлейтін жарықтық жылқы жануарын көріп өсті. «Қазақтың қазанаты, қайдасың?» деп шарқ ұратыны, Ақан серінің тұлпары – Құлагерге ескерткіш орнатуы, Ұлттық ат спорты федерациясының құрылуына ықпал етуі содан. Осыдан ширек ғасыр бұрын сол кездегі Жастар ісі, туризм және спорт министрі Бірғаным Әйтімоваға хат жазуының арқасында осы федерация құрылды. Ұлттық мүддеге, ұлтты ұлықтауға келгенде қолындағы қаруы – қаламын оңды-солды сілтеді. Бала кезінде әкесі Түгел «Қарындасың Салтанатқа қорған бол» деген ырыммен қанжар да сыйлаған. Қазір бұл Сәдібектің семсеріне айналды. Ал астана бағын жандырып, жұлдызын жарқыратты.
«Тағдырдың қалауымен маған жаңа астананың тұңғыш баспасөз хатшысы болу бақыты бұйырды. Бес жарым жыл қайнаған қазанның, тарихи оқиғалардың эпицентрінде жүрдім. Керемет жобалардың жүзеге асуының басы-қасында болып, қаланың жетістіктері мен жеңістеріне куә болған жанмын» дейтін, кезінде Парламент Сенатында да жауапты қызмет атқарған кейіпкеріміз қазір бірнеше немере сүйіп отыр.
Астана қаламына қанат бітіріп, қаламгер ретінде қалыптасуына да ықпал етті. Қолы қалт етсе, елорда тарихы мен тағдырын шығармашылығына арқау етеді. Осы уақытқа де­йін «Көк күмбезді Астана», «Астана – город солнечной мечты», «Астана – жерұйығы елімнің», «Астана – триумф страны», «Астана – ел жүрегі», «Астана – сердце страны», «Алғашқы астаналықтар», «Первопроходцы Астаны», «Астана баспасөзінің шежіресі», «Летопись столичной прессы», «Астана хикаялары» атты кітаптары жарық көрді. «Тұңғыш» атты пьесасы елорданың бірінші күндерінен бастап жиырма жылға жуық тарихы туралы сыр шертеді. «Астана хикая­лары» атты кітапты да жазып жатыр. Одан үзінділер журналдарда басылды. Ал жарық көрген туындыларының ішінде шоқтығы биігі – «Алғашқы астаналықтар» энциклопедиялық жинағы. Оған Елбасы ­Нұрсұлтан Назарбаев бастаған 186 алғашқы астаналықтың анкеталары мен естеліктері басылды. Бұл жоба аясында 500-ден аса адамның анкетасы жинақталды. «Түгел Медиа» медиахолдингінің құрамында бірнеше басылым шығып жатқанынан да жұрт хабардар болуы керек. Өткен жылы «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысы атынан Президент сайлауына түскенде де ұлттық мүддені көздеді.
Кез келген мемлекеттің түбіне жемқорлық жетеді деп есептейді. Қазір осы кеселді түп тамырымен жою бағытында еңбектеніп жатыр. Осыдан екі айдан аса уақыт бұрын Нұр-Сұлтан қаласы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жанынан ақпараттық үгіт-насихат штабы құрылды. Оның жетекшісі – Сәдібек Түгел. Қолға алған әр ісін ұршықша үйіретін іскер азаматқа бұл қызметінде де жеміс тілейміз!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 5 =