Саддам Хусейн: ӨМІР мен ӨЛІМ

0 561

Тарихта аты залымдықпен де, қайырымен де қалған тұлғалар туралы әңгіме айту қиын. Біріншіден, жазарманды «жұрт онсыз да білетін жәйттерді сы­дыртып отырған жоқпын ба?» деген ой мазалайды. Екіншіден, тұлғаның жолай бұрын-соңды айтылмаған жаңа қыры ашылса, оны оқырман да күнделікті ақпарат айдыны қалыптастырған образға қарсы қою қажеттілігі. Саддам Хусейн – дәл сондай, екіұдай, екітарапты, қарама-қайшылыққа толы қайраткер. Оны сипаттап отырып, жақтасып кету де, жаман­дай кету де оңай. Жетістіктерін мойындай отырып, кемшіліктеріне қынжылып отырғаныңды байқамай қаласың. Немесе керісінше.

«Есек мінген ер»

Жалпы, қосөзеннен – Тибр мен Ефрат аңғарларынан бір қызық табылатынына әсіресе, тарихшы қауым әбден үйреніп қалған. Көне Бабылдың ірі мәдени ошақ болғанына ешкімнің дауы жоқ.

Бірақ, екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Ирактың тағдырына қызыға қою екіталай. Адамзат бұл кезеңдегі Иракты, жалпы Парсы шығанағын тек әлеуметтік дүмпулер мен қақтығыстар арқылы ғана білетін. Потсдам конференциясынан кейінгі жаңа әлем тек Еуропаға ғана бейбітшілік сыйласа керек. Ағылшын мандатынан ресми түрде 1932 жылы тәуелсіздік алса да, 1970 жылдарға дейін негізгі экспорт көзі мұнайы – түріктер мен ағылшындардан ауыспай, халық шелек түбіндегі жұғынды жалаған күй кешкен.

Елдегі дінаралық, ұлтаралық ахуал да мәз емес еді. Ең алдымен, шиғалар мен сүннәлар, одан қалды – Түркиямен екі ортада қаңғырған қалың күрд елі. Оның үстіне бұл шиеленістер жасыратыны жоқ, Иракты уысында ұстағысы келген ағылшындар, американдар, француздар және түріктер мейлінше шебер пайдаланды. Әлсіз Иракқа әлділер әбден мүдделі болды.

Ендеше, Саддам Хусейн тұлғасы кездейсоқтықтан гөрі, осы елдің саяси-әлеуметтік өмірінің өнімі болар. Кейінгі, Саддам Ху­сейн билікке келген тұста қайта жазылған тарихнамада “күн көсем сол қиын-қыстау уақыттарда Мысырдан есек­пен жасырын келіп, Тибрді кешіп өткен” дейді. Қалай десе де, сол кездегі әлемдегі ең танымал әрі сыйлы коммунистік партиялардың бірі – БААС-тың болашақ жетекшілерінің бірі Саддам Хусейн дәл керек тұста, нақ уақытында келді.

Арабша Че Гевара

1960 жылдар – Саддам Хусейннің жұлдызды сәттері. Билік баспалдағын сатылап емес, қарыштап шығуын ең алдымен әр ши түбінде бір басшы болған Ирактың күйзелуімен түсіндіреміз. Мұндайда ең қанішер тажалдың да құты қашқан ел үшін кейде құт болатынын сіз бен біз тарихнамадан білеміз.

Ресми әскери биліктен қашып-пысып жүрген Саддам бұл уақыттарда партия билігіне араласып, заң мектебін бітірген еді. Әрдайым күлімдеп жүретін мұртты жігіттің сол қиын-қыстау кезеңдерде үміт ұялатқаны рас. Бұл кезде социалистік әлемде Че Гевараның образы әбден жарнамаланып үлгерген бо­латын, ендеше Саддамды оның арабша нұсқасы деуге де болады. Рас, социалистік идеалдардан ауытқуы да көп күттірген жоқ.

Саддамның сол кездердегі ең ірі жеңісі – 1970 жылы бітіспес жау күрдтердің автономиясын мойындап, олардың серкесі Мұстафа Барзанимен мәмілеге келуі. Халық он шақты жыл бойғы лаңкестік әрекеттерден, қақтығыстардан және сая­си дүмпулерден терең бір тыныс алғандай болды. Дәл сол уақытта Ирактың күрдтерге ойып тұрып жер берген ештеңесі жоқ еді. Жәй, формалды болса да бір жеңіс Мұстафа Барзаниге де керек болды және Саддам бұл жәйтті өте шебер пайдалана білді.

Бұдан әрі қарай Саддамды билік шыңына шарықтаудың сара жолына түсіп алды десе де болады: мүмкін еместей көрінген күрдтермен бейбіт келісім-шарт өзінің саяси ұпайларын әкеле бастады. Кешікпей елдің және партия басшысы Ахмед Хасан сая­си сахнадан ығыстырылып, Саддам тұлғасының қасында көмескіленіп қалды.

Тоқ күндер

Саддамның кейінгі кезде қалыптасқан қарабас қамын ойлаған құбыжық бейнесін мына бір жәйт быт-шыт қылмаса да, сейілте алады. 1980 жылдың басында Ирак – Египеттен кейін екінші орындағы ең дамыған араб мемлекеті болған. Қарап тұрсаңыздар, тіпті Сауд Ара­биясы да, Кувейт те емес. Бұл қалай мүмкін болды?

Саддам алдымен комму­низм идеяларын өз халқына бейімдеп алғанға ұқсайды. Айталық, ірі жер иелерін (ла­тифундияларды) ыдыратып, шаруаларға бөліп берді. Иә, бұл әдіс кеше ғана өздері бай-құлақтардың соңына түскен бізге таңсық емес, бірақ Саддам ол жерлерді шаруаларға жекеменшікке берді. Бұл онсыз да мұнайға бай елді аграрлық дүмпуге алып келді: ирактықтар жер өңдеу мен дақыл өсіруден тарихи тәжірибесі бар халық болатын. Бұған қоса, мемлекет иелігіне алынған мұнай ком­паниялары ел қазынасын тура мағынасында молшылыққа лықа толтырды: 1970 жылдардағы мұнай бағасының тұрақтылығы мен шарықтауын көзі қарақты оқырманның барлығы біледі. Тап сол уақытта Саддам дінаралық, ұлтаралық татулықтан да ұпай жинап алды: айталық, министрліктердің барлығында дерлік күрдтер мәселесі жөніндегі департамент­тер болды. Шамамен 20 миллиондық күрд қауымы бұл жәйттен бауырласып кетпегенімен, ішік ішіндегі пышағын жасыра тұрғаны анық. Тіпті, Иракта жұмыс істеу мәртебеге айналып, шетелдік технологиялар мен мамандар елге лап қойды. Бірақ, бір кем дүние демекші…

Таз қалпына түсу

Сегіз жылдық Иран-Ирак соғысын сарапшылар мен әскерилер Саддамның өркөкіректігінен дейді. Осы бір зұлматқа арқау болған Иран мен Ирак шекарасындағы Хузистандағы даулы мұнай кеніштерін Иран қылдай бөлі п алуды ұсыныпты-ақ. Шынымен, бұл – ұсыныс тарихи бекітілген құжат. Ен­деше Иран-Ирак соғысын бір жағынан “табыстан басы айналған” Саддамның жеке құйтұрқылығы деу­ге болады. Не десек те, сол бір онжылдықтағы табыстардың барлығының күлі көкке ұшты: итжығыс соғыстың нәтижесінде Ирак бір кездегі гүлденуші мем­лекеттен – 300 млрд доллар қарызы бар, тұтастай халық әскерлерді қамтамасыз еткен үлкен қосынға айналып шыға келді. Бұған қоса, Израильдің Бағдадттың салынып жатқан атомдық инфрақұрылымын қиратуын алсақ, 1990-жылдың басындағы Ирактың жағдайына қызыға қоятын адам, сірә, табылмас. Таз қалпына түсті деуші ме еді мұндайды?

Тағы да соғыс

1990-жылдардағы Саддамның барлық әрекетінен, де­генмен, жеке басқа табыну кеселінің меңдегенін анық байқауға болады. Айталық, көрші Кувейтке басып кіруі – алдын ала сәтсіздікке ұшырайтын авантюризм еді. Әскери рух қанша мықты болғанымен, Кувейттің “жарылқаушысы” – АҚШ-пен соғысамын деу кәдімгідей саяси соқырлық десек, артық айтқан емес. Оның үстіне, батыс бұл кездері контактісіз соғыс доктринасына көшкенін білсек, бұл әрекеті өз азаматын ерікті түрде еттартқышқа лақтырумен бірдей әрекет еді.

Бұл соғыста біз эксцентрик Саддамды да көреміз: ол американ флотын тоқтатпақ ниетпен шығанаққа мұнай ағызып жіберді. Ойы – ке­мелер кірсе, мұнайды өртей қоймақ. Мұның ақыры экологиялық апатқа әкелді. Бірақ, шынымен, соғыс хро­нологиясын қарап отырсақ, осы тұстан ақыры кеме кірген жоқ.

Саддам Кувейтке қалай басып кірді, солай боса­та қойды. Бұл кезде Ирак бұрынғыдай емес еді. Күн көсемнің жақтаушылары болғанымен, қарсыластары да шықты. Экономикалық санкциялар да улы жемісін беріп, халық талғажу іздеп тағы теңселді. Саддам Хусейннің күйреуінің басы, сірә, осы шақтар болар.

Соңғы сойқан

Батыстық сараптамалық мектептің кейде Шығысқа келе бермейтін кереғар тұстары да бар. Тамақ тапшылығы және қымбаттығы, соғыстан болдырған халық – осының барлығы Саддамның аяғын аспаннан келтіреді деген “болжамдардың” қаншасын оқыдық. Бірақ, міне, Саддам Хусейн алаңға шықты, міне, Джордж Буш-әкенің сай­лауда Клинтоннан ұтылып қалуына орай аспанға үш-төрт рет тапаншадан оқ атты. Ал, халық мәз-мейрам.

Сыры неде? Білмейміз. Себебі, туралай жеткен де­рек жоқ, ал Ирактан бірден-бір дерлік дерек көзі CNN-ның жаңалықтарының да объективтілігіне күмән бар.

Дәл сол CNN әлемдік қауымдастықты Ирактың жаппай қырып жоятын қару жасап жатқанына сендірді ғой. Ақыры, АҚШ 2003 жылы осы желеумен Иракқа басып кірді. Кәрі Бағдад тағы от құшты. Ал Саддам Хусейн ізім-қайым жоғалды.

Саддамның табылуы тек уақыт еншісінде екені барлығымызға белгілі болды. Бірақ, назарымыз басқаға ауып кеткені де рас еді. Айталық, соғысқа бірден бір себеп болған жаппай қырып-жоятын қарулар мен азаптау түрмелерінің ізі де табылма­ды. АҚШ бұл тұтса ұялған тек тұрмастың кейпімен “Сад­дам сияқты жауызды бәрібір құлату керек еді” деген болды. Түсінбедік.

Кейін жертөледен табылған Саддамның соты мен дарға асылуы автоматизм деңгейіне жеткізілген әрекет екенін басып айтуға болады. Бұған дейін Милошевич те әбден дайындалған сценариймен түрмеге тоғытылған болатын. Екі түрлі оқиға арасындағы параллель өзінен өзі сызылып тұра қалғандай.

Бүгін әлем тағы да шиғасы сүннәға шыдамайтын, күрді арабты жек көретін, лаңкестік әрекеттерден ырым-жырым, ала-құла Иракты алып отыр. Тіпті, кейде ұлт пен ұлыстың ерекшелігіне байланысты Саддамның темірдей қолы қажеттілік болған шығар деген ой келеді. Әйтеуір, саддамдық Иракта көшеде бомба жарылғанын, тұтастай мешіттер қиратылғанын естімеппіз. Ал, қазір қаралы хабарлар күн құрғатпайды.

Саддам мен оның билігінің гүлденуі мен солуының жалпы сипаттамасы осы. Статистикаға құмар Батыс Саддам Хусейнді XXI ғасырда өлім жазасына кесілген бірінші басшы дейді. Ал, сіз осыны ойладыңыз ба? Әрине, жоқ. Маңызы қанша. Біз үшін тек – осындай тұлға болып­ты, былай жасапты – дұрыс болыпты, бүйткен екен – қияс басыпты деген сабақ боларлық тәпсірі ғана қызық..

Ерлан ОСПАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 + ten =