САБЫРЛЫ, ҚАЙСАР, МЕЙІРБАН

0 119

сурет-1

Алла-тағала сыйлаған жарық дүниеге келіп, өмір деген ұлы көшке ілескеннен кейін талай адамдармен танысып, талай адамдармен табысасың, бірталай адамдармен дәмдес-тұздас боласың, көш ілгерілеген сайын жолай кездескен кейбірімен қарым-қатынасың әртүрлі жағдайларға байланысты біртіндеп сирексіп, ақыры әлгі танысың өмірдің әлдебір қалтарыстарында қалып, ұмыт болады. Ал, енді бірімен әңгімең жарасып, жақсы қарым-қатынас орнатасың. Өмір көшінде кездескен сондай ағаларымның бірі – Батырхан Қажыакбарұлы Мерғалиев.

 

Батекеңмен тағдыр бізді Парламент қабырғасында жолықтырды. 1998 жылдың қыс айлары-тын. Алматыдан Қазақстанның жаңа елордасына көшіп келгенімізге бірер айдың ғана жүзі болған. Ару Алматының әсем көшелерінде көңіліміз асып-тасып жүретін біздер үшін жаңа астананың – сол кездегі Ақмола қаласының жұпынылау көрінісіне көзіміз үйрене алмай-ақ қойған-ды. Оның үстіне, отбасымыз, бала-шағамыз анда, өзіміз мұнда әрі-сәрі күй кешіп жүргеніміз және бар. Соның әсері ме, кім білсін, Алматыдан таныстарымыз келе қалса, мәре-сәре болып қаламыз.

Көңіл қоңылтақ тартып жүрген сондай күндердің бірінде Ақмолаға іссапармен Алматы технология институтының бірінші проректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Оңалбек Нәлеев ағамыздың жолы түсіпті. Ол кісімен ағайындық тұрғыдан қарым-қатынаста едік. Амандық-саулық сұрасу барысында Оңалбек аға: «Парламентте Батырхан Мерғалиев деген ағаң жұмыс істеуші еді, сен оны маған тауып бере алмайсың ба?» деген сауал тастады. Мен ол кезде Парламент Сенатының Аппаратындамын. Бізде ондай адамның жоқ екенін айта келіп, Парламент Мәжілісінің Аппаратынан сұрастырып көрмекші болдым. «Бір жағынан сені таныстырайын деп едім, – деп әңгімесін сабақтады Оңалбек аға. – Ол кісі де біздің оңтүстіктің қазағы. Оның үстіне жегжаттығы да бар. Жұбайы саған әпке боп келеді. Кезінде Қазақстанның Жоғары оқу орындары министрлігінде басшылық қызметте болған. Мен де жоғары оқу орнында қызмет істейтіндіктен, бұрыннан таныспыз. Желтоқсан оқиғасына байланысты қудаланып, қызметінен алынып, біраз қиындықтар көрді». Оңқаң осылай деп бір түйіндеді. Желтоқсан оқиғасы аталғанда мен еріксіз елең ете қалдым.

Батырхан ағамызды көп қиналмай тауып алдым. Мәжіліс Аппаратының экономикаға қатысты бөлімінде консультант екен. Таныса келе бір үйде тұратын болып шықтық. Міне, сол уақыттан бері Батекеңмен қарым-қатынасымыз үзілген емес. Біздің әңгімеміздің жарасым тауып,
оңай тіл табысып, аға-іні болып сыйласып жү­руі­міздің себебін тым күрделендірудің де қа­жеті шамалы. Біріншіден, біз құдайы көршіміз, барып-келіп жүрген мекемеміз де бір. Екіншіден, Батекеңнің жеке басының қасиеті де оған адамның іш тартып, үйіріліп тұруына әсер етеді деген ойдамын. Үшіншіден, Батекеңнің бойында мейірбандық қасиет басым. Бұған оның өзінің күнделікті жұмысына деген ыждаһаттылығын, мұқияттылығын қосыңыз. Сонан соң жұртты сүйсіндеретін және бір жақсы қасиетін айтпай кетуге болмайды. Ол – сабырлылық. Он бес жылдан бері мен білетін Батекең қандай жағдайда да сабырлылық танытатын біртоға мінезінен танған емес. Бұл оның бойында туабітті бар табиғи қасиеті болса керек.

Сабырлылық дегеннен шығады. Әрбір адамның өмірінде кездесуі мүмкін қиындықтар Батекеңнің өмірінде де болмай қалған жоқ. Сондай сәттерде сабырлылық шегінен шығып, қызбалыққа беріліп, өзіне де, отбасына да абырой әпермейтін ыңғайсыз бір жағдайларға тап болуы ғажап емес қой. Ал ондай жағдайлар Батекеңнің өмірінде кездеспеді дейсің бе? Басқасын былай қойғанда, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты қуғындалып, алдағы мақсат-жоспарының бәрін күл-талқан еткен жағдайдың өзі неге тұрады?

Бір сәт ағамыздың үлгілі еңбек жолына шолу жасап көрелікші. Алматы халық шаруашылығы институтында оқып «Қаржы және несие» мамандығын алады, КазМУ-дің аспирантурасында және Алматы жоғары партия мектебінде оқып білімін жетілдіреді.  Кеңес әскері қатарында қызмет етеді. Кейін КСРО мемлекеттік банкі жүйесінде аудандық бөлімшенің инспекторы,  облыстық кеңсенің экономисі болады. 1967 жылы Батырхан Қажыакбарұлы Шымкент педагогикалық институтының саяси экономия кафедрасының оқытушысы ретінде жоғарғы оқу орнына ғылыми-педагогикалық қызметке ауысады.

Тиянақты теориялық білімі мен өндірістік тәжірибесінің жеткіліктілігі ескеріліп, Батырхан Қажыакбарұлы 1969 жылы Қазақстан Коммунистік партиясы Шымкент облыстық  комитетіне жауапты қызметке шақырылады және бұл қызметті 1974 жылға дейін іскерлікпен атқарады, жоғары партия мектебіне оқуға жіберіледі. ЖПМ бітіргеннен кейін Қазақ КСР Жоғары және орта арнаулы білім министірлігінің Басқарушы және ғылыми-педагогикалық кадрлар басқармасының бастығы болып тағайындалады, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қарарымен алқа мүшесі болып бекітіледі.

Бұл қызметте, 1976-1987 жылдары, Б.Мер­ғалиевтің белсенді қатысуымен университеттер мен институттардың, орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен мұғалімдері құрамының сапасын жақсарту жөнінде қомақты ұйымдастырушылық қызметтер істелді. Әсіресе, жоғары мектептегі білімнің сапасын арттыруға үлкен үлес қосатын ғылыми дәрежесі бар білікті кадрларды, ғылым докторлары мен кандидаттарын дайындаудың жан-жақты түрлері мен әдістері қарастырылған кешенді бағдарлама дайындалып, іске асырылды. Онда докторантура, аспирантура, стажер-зерттеуші, кәсіби мамандығын жетілдіру институттарының тиімділігін арттырудың жолдары зерттеліп қарастырылған еді. Бағдарламада АҚШ, Ұлыбритания, ГФР, Франция, Канада, Ресей, Украина мемлекеттерінің алдыңғы қатарлы, дамыған, атақты оқу-ғылыми орталықтарында  Қазақстан Үкіметінің қолдауымен ғылым кадр­­ларын дайындауға назар аударылды. Осы жұмыстардың нәтижесінде Қазақстанның облыс орталықтарындағы, оның ішінде жаңадан ашылған техникалық бағыттағы институттар оқытушыларының сапасы жоғарылады, қазіргі уақытта бұл оқу орындары аумақтық маңызы бар университеттерге айналып  елімізге білікті мамандар дайындауға атсалысуда.

Міне осылайша, жұмысты бар ынты-шынтысымен, ықылас-пейілімен адал атқарып жүрген адамды Желтоқсан оқиғасы кезінде студенттерге лайықты тәлім-тәрбие бере алмады деген желеумен орнынан алып, жұмыссыз қалдырды. Ол ол ма, бұдан былай еш жерге жұмысқа алынбайтындай ахуал туғызылды. Түптеп келгенде, отбасына нан тауып берудің өзі уайымға айналды. Сөйтіп жүргенде «жығылған үстіне жұдырық» дегендей, аяулы жары Кәмшат аты жаман ауруға ұшырап, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының бас кезінде өмірден озды. Батекең кәмелетке толмаған екі қыз, бір ұлын құшақтап қала берді.

Ер жігіттің басына түскен осынау қиын сәттерде Батекең мойымады, сабырлылығына қоса қайсарлық танытты. Сөйтіп жүргенде, жыртық үйдің құдайы бар демекші, Батекеңнің жолы болып, 1987 жылы Алматы энергетикалық институтына оқытушы болып орналасады. Іскерлігінің, білімдарлығының арқасында көп ұзамай осы институттың Экономикалық теория кафедрасының меңгерушісі, Гуманитарлық білім беру факультетінің деканы қызметтерін атқарады. Институтта негізгі оқу-әдістемелік жұмыстармен қатар, білім берудің гуманитарлық негізін инженерлік білімге енгізу жөнінде Батырхан Қажыакбарұлының қатысуымен тиімді жұмыстар жүргізіледі. Бұл мәселелер бойынша институтта  ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырылады,  «Шығыс-Батыс:  мәдениеттер диалогы» атты халықаралық симпозиумға қатысып, техникалық жоғары оқу орнының студенттеріне гуманитарлық тәрбие берудің әдістері мен әдістемелері туралы баяндамалар жасап, ғылыми мақалалар жариялайды.

Ал еліміздің тәуелсіздігі жарияланып, оның мемлекеттілігінің заңнамалық негіздерін қа­лыптастыру кезінде, яғни 1993-2006 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Пар­ла­ментінің аппаратында абыроймен еңбек етті. Алдымен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің аппаратында Бақылау палатасының аға инспекторы, Экономикалық реформа жөніндегі комитеттің консультанты қызметтерін атқарды.

Қазақстан Республикасы Парламенті кәсіби негізде жұмыс істей бастаған кезеңде Батекең Мәжіліс Аппаратында еңбек етті. Мұнда ол Заңдылық және сот-құқықтық реформа, Эко­номикалық реформа және аумақтық даму коми­теттерінде бас консультант, бас сарапшы  қыз­меттерін ойдағыдай атқара жүріп, конс­титуциялық, қаржы және ақша-несие саясаты жөніндегі, аумақтық даму мәселелері бойынша, мемлекеттік және жергілікті басқару жөніндегі заң жобаларын Парламентте қабылдау үшін  қарауға дайындау жұмыстарына белсене қатысты, заң жобаларын қарайтын жұмыс тобының мүшесі болды. Қазақстан Республикасы Парламентінде қабылданған бұл саладағы заңдардың еліміздің тұрақты  экономикалық даму сатысына көшудегі орны өте маңызды екенін қазіргі уақытта әлемдік-экономикалық сараптама мойындап отыр.

Елорда Алматыдан Астанаға ауыстырылған 1997 жылдан 2006 жылға дейінгі, яғни құрметті еңбек демалысына шыққанға дейінгі уақытта Батекең Парламент Мәжілісі Аппаратындағы жұмысын Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде және Азаматтық авиация академиясында ғылыми-педагогикалық қызметтермен шебер ұштастыра жүргізді. Бүгінгі күндері ол Астана қаласындағы Экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің профессоры қызметі аясында еліміздің қаржы жүйесіне мамандар дайындауда өзінің еңбектегі мол тәжрибесін, жоғары дәрежедегі кәсіби теориялық білімін кеңінен  әрі нәтижелі пайдаланып келеді.

Батекеңнің ғылыми жұмыстары экономикалық теория саласына, нарықтық экономикада қаржылық механизмдерді және адам капиталын тиімді пайдалану мәселелеріне арналған. Ол осы салаға арнап екі оқу құралын шығарды, инвестициялар жөніндегі пәндер бойынша оқу-әдістемелік кітаптар жазды, олар оқу процесінде пайдаланылып жүр.

Мерғалиев Батырхан Қажыакбарұлы Қазақ­стан Республикасы мемлекеттік қызметінің және Қазақстан жоғары мектебінің еңбек арда­гері, экономика ғылымдарының кандидаты, Қазақ­стан Республикасының білім беру саласы­ның құрметті қызметкері. Сонымен қатар КСРО медальдарының және «КСРО жоғары мекте­бін­дегі үздік жұмысы үшін» белгісінің иегері.

Жоғарыда біз мақаламызға сабырлы, қайсар, мейірбан деп айдар тақтық. Батекеңнің сабыр­лылығы мен қайсарлығына көз жеткізгендей болдық. Ал енді, ағамыздың біреудің ала жібін аттамайтын, адамгершілікке, мейірбандыққа толы кісілік келбетін Батекеңмен аралас-құралас адамдардың бәрі біледі. Сабырлылығы мен қайсарлығының арқасында өмір жолында кездескен кедергілер мен қиындықтарды еңсеріп, ұл-қыздарын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай адам қатарына қосып, бәрінің жоғары білімді маман болуына жағдай жасаған, бүгінде жетпістің бесеуіне табан тіреген Батекең – қос-қостан немере сүйіп отырған бақытты ата. Қадірлі ағамызға біз де өмір көшіндегі бағыңыз ылайым ортаймасын демекпіз.

 

Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,

филология ғылымдарының кандидаты   

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 + seventeen =