САБЫР САБАҒЫН АЛАТЫН АЙ

0 165

Мүбәрак рамазан айында адам баласы өзінің мінез-құлығын түзетуге тырысуы қажет.

Расында, иман екі бөліктен тұрады. Бір жартысы – сабырлылық, екінші жартысы – шүкірлік. Сондай-ақ, сабырлылық пен шүкірлік – Алла тағаланың сипаттарының бірі. Алла тағала өзін Сабур және Шакур деп атаған. Сабырлылық пен шүкірлікті білмейтін адам – иманның екі жартысынан бейхабар жан. Сонымен бірге, Рахман Алла тағаланың сипаттарының екеуін білмейтін адам болып саналады.

Алла тағалаға тек иман арқылы ғана жақындай түсеміз. Демек, иманның болмысын білмейінше әлемдер Раббысына жақындай ал­маймыз. Ал, сабырлық пен шүкірлік жайлы білмеу – иманның не екенін білмеу деген сөз.

Алла тағала Құранда сабырлы адамдарды түрлі сипатпен суретте­ген. Және сабырлық сөзі Құранда жетпістен астам жерде зікір етілген, көптеген мәртебелер мен жақсылық атауын сабырлықпен байланысты­рып, бұларды сабырлықтың жемісі деп көрсеткен.

Құранда мынандай жолдар бар: «Әрі олар сабыр етіп, аяттарымызға нақ сенген кезде, араларынан бұйрығымызбен тура жол көрсететін бастықтар қылған едік» (Сәжде сүресі 24-аят). «Сондай езілген халықты (исраил ұрпақтарын) біз құнарлы қылған жердің шығысына да, батысына да мұрагер қылдық. Сөйтіп, олардың сабыр қылулары себепті Раббыңның исраил ұрпақтарына деген игі сөздері орын­далды…» (Ағраф сүресі 137-аят). «Сендердің жандарыңдағы дүниелік түгейді де, Алланың қасындағы қалады. Әрине, сабыр еткендердің сыйлығын, істеген істерінен де жақсырақ береміз» (Нахл 96-аят).«Міне, соларға сабыр еткендіктері себепті сыйлықтары екі есе беріледі…» (Қасас сүресі 54-аят)

Ғұлама Ато ұстазы Ибн Аббастан (р.а.) риуаят етеді: «Алла елшісі (с.ғ.с.) ансарлықтарға барғанда «сен­дер мүминсіңдер ме?» деп сұрады. Олар үнсіз тұрып қалды. Сонда Омар (р.а.) «иә, уа Алла елшісі!» деп жауап берді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «имандарыңның белгісі не?» деп сұрады. Сахабалар «кеңшілікке шүкіршілік етеміз, қиыншылыққа сабырлық танытамыз және тағдырға көнеміз (ризашылық көрсетеміз)» деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Қағбаның Раббысымен ант етемін, сендер мүминсіңдер» деген екен.

Иса бин Мариямның сөзі бар: (ғ.с.) «Сендер ұнатпаған жайтқа сабырлық танытпайынша, жақсы көретін нәрселеріңе қол жеткізбейсіңдер». Ал, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер сабырлық адам кейіпінде болса, ол жомарт кісі болар еді. Алла тағала сабырлыларды жақсы көреді», – деп айтқан.

Омар бин Хаттаб (р.а.) Әбу Мұса әл-Ашғариге жазған хатында мына жолдар бар: «Сабырлы бол! Жадыңда тұт, сабырлық – екеу. Бірі екіншісінен артық. Қиыншылыққа сабырлық ету – жақсы, ал одан абзалы Алла тағала харам еткен нәрсеге сабырлық ету. Білгенің жөн, сабырлық – иманның құраушы негізгі бөлігі. Өйткені, тақуалық – ең абзал ізгі амал. Ал, тақуалық сабырлықпен болмақ.

Әли бин Әбу Толиб (р.а.) айта­ды: «Иман төрт негізге құрылған. Олар – яқин, сабырлық, жиһад және әділдік». Сондай-ақ, хазреті Әли (р.а.) «Сабырлылық иман үшін бастың денедегі орнындай» деген. Әбу Дарда (р.а.) «Иманның шыңы үкімге сабырлық және тағдырға ризашылық ету» дейді. Бұл – сабырлықтың фазилеті жайлы сөз.

Сабырлылық – діндегі мақамдардың бірі. Ал, діндегі барлық мақамдар үш нәрсеге жүйеленген. Таным (маъариф), ахуал және амал. Таным – ол негіз. Ал, негіз ахуалды тудырады. Ал, ахуалдың жемісі – амал. Таным ағаш іспетті. Ал, ахуал оның бұтақтары. Ал, амалдар – оның жемісі.

Сабырлылық сипатының Алла тағаланың ең негізгі жаратқан жан­заты саналатын – періште, адам және жан-жануарлар арасында қандай орны бар? Бұл сипат періште мен жан-жануарларда болуы мүмкін емес. Жан-жануарлар тек шәһуатқа бағынады. Ал періштелер – кемел жаратылыс. Сабырлылық тек адамға тән сипат.

Сабырлылық екі түрге бөлінеді. Біріншісі, тән сабырлылығы. Бұл ауыртпалыққа тәнмен сабырлық ету және бекем болу. Ал, бұның өзі екіге бөлінеді. Біріншісі, іс-әрекетпен, яғни құлшылық пен басқа да әрекеттің ауыртпалығына сабыр етумен болады. Екіншісі, төзімділікпен, яғни сырқатқа, дене ауыртпалығына төзумен болады. Бұл сабырлылық түрі шариғатқа сәйкес келсе мақтаулы болмақ.

Адам баласы үнемі нәпсісіне жағатын немесе ұнамайтын жағдайлар күтіп тұрады. Адам қандай жағдайға тап болса да, сабырлыққа өте мұқтаж.

Біріншісі, адамға ұнайтын жайттарға келсек. Бұл – денсаулық, бас амандығы, мал-дүние, атақ-абырой, ағайын-туыстың көптігі, қолдағы мол мүмкіндік, қолдаушының көптігі және дүниенің барлық рахаты адам баласына өте қатты ұнайтын қалып. Пенде мұндай жағдайда сабырлылыққа аса мұқтаж келеді. Өйткені, ол үнемі өз нәпсісін астамшылық, тәкаппарлық пен асып-тасудан тыйып, төзімділік көрсетуі қажет. Өйтпеген жағдайда, кеңшілік адамды бассыздыққа бастайды. Сондықтан болар, данышпандар: пәле мен қиыншылыққа мүмін сабырлық етер, ал аманшылыққа тек сыддық адам ғана сабырлық танытар». Сондықтан, мал-дүниені, әйелді, бала-шағаны Құранда фитна, яғни азғыру деп суреттеген. «Ей, мүминдер! Сендерді малдарың, балалары Алланы еске алудан тоспа­сын. Әлдекім бұны істесе, міне, со­лар, зиян тартушылар» Мұнафиқун сүресі, 9-аят.

Екіншісі, құлшылыққа – сабырлық таныту. Пенде құлшылық етуде сабырлыққа зәру. Тағат-ғибадат етуде сабырлық таныту өте ауыр. Өйткені, нәпсі болмысында құлшылықты жақтырмайды, ол тәңірлікті қалайды.

Демек, құлшылық жалпыла­ма нәпсіге ауыр тиеді. Нәпсі на­маз сияқты құлшылықты кейде жалқаулық себепті ұнатпайды, зе­кет сияқты құлшылықты сараңдық себепті ұнатпайды және қажылық сияқты ғибадатты жалқаулық һәм сараңдық себепті ұнатпайды.

Құлшылыққа қатысты пендеге үш сабырлық қажет.

Құлшылыққа әуелі ниетті, ықыласты түзетіп, рияның тұзағынан құтылу үшін сабыр керек. Сондықтан пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Расында амалдар ниетке сай…», – деген.

Амал етіп тұрған сәтте Алла тағаланы ұмытпау. Амалын орындап болғанша шарттары мен әдебін орындауда жақуалық танытпау. Бұл – сабырдың ең ауырына жатады. «Иман келтіріп, ізгі іс істегендер, әлбетте оларды жәннаттың астынан өзендер ағатын жоғарғы орындары­на орналастырамыз да, олар онда мәңгі қалады. Ғамал істеушілердің сыйлығы нендей тамаша. Сондай сабыр етіп, Раббыларына тәуекел етеді» (Ғанкабут сүресі, 58-59 аят­тар).

Амалды орындап болған соң рия, сумъа, ъужб секілді амалды жойып жіберетін әрекеттерге сабырлылық ету керек. «Ей, мүминдер! Аллаға, ақирет күніне сенбей адамдарға көрсету үшін мал сарып қылған кісідей, садақаларыңды міндет қылу, ренжітумен жоймаңдар…» (Бақара сүресі, 264-аят). Иә, кімде-кім садақа беріп болған соң, міндетсіну және мұқатуға тоқтау ете алмаса, амалы жойылады.

Екінші түрі, күнә істерге сабырлық ету. Пенде осы жағдайда сабырлыққа аса мұқтаж болмақ. Алла тағала күнә атауын мына бір аятта екі ауыз сөзбен айтқан:«Негізінде Алла әділетті, игілікті және ағайынға қарайласуға бұйырады. Және де арсыздықтан, қарсылықтан әм дөрекіліктен тияды. Сендерге насихат береді…» (Нахл сүресі 90-аят).

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «муһажир (көшуші) – жамандық атауынан қашқан адам. Мужаһид (күресуші) – өз нәпсісімен күресуші» деген.

Күнә жасамауға сабырлылық ету пендеге өте қиын екен. Әсіресе, күнә кісінің әдетіне айналса. Сондай-ақ, жаман іс оңай жасалатын болса, ондай іске сабырлылық ету екі есе қиын келеді. Мысалы, ғайбат, өтірік сөз, жалған мақтау секілді тілмен жасалатын күнәларға сабырлылық ету қиын. Өйткені, бұл күнәні жасау өте жеңіл.

Сырттан болған өзгенің жәбіріне сабырлық ету екіге бөлінеді. Біріншісі, адамдар тарапынан болған іс-әрекет, сөз, жеке өзіне немесе мал-мүлкіне тиісіп жәбір беруі. Бұл жайлы кейбір сахабалар (р.а.) «Кісі жәбір-жапаға сабырлылық ете алмаса, оның иманын иман деп есептемейтінбіз» деген екен. «Расында, бізге тура жолдарымызды көрсеткен Аллаға сенім артпайтын не болды? Бізге тарттырған жапаларына әлбетте сабыр етеміз. Ендеше, Аллаға сенім артушылар тәуекел етсін деді» (Ибраһим сүресі 12-аят).

Бір күні Алла елшісі (с.ғ.с.) мал-мүлікті адамдар арасында бөліп таратады. Мұсылманшылықты қабылдаған дала арабтарының кейбірі «Бұл Алла ризашылық қалап жасалған бөліс емес» дейді. Бұл сөз Алла елшісіне (с.ғ.с.) жеткен кезде: жүзі қып-қызыл болып: «Менің ба­уырым Мұсаны Алла тағала рахмет етсін, ол бұдан көп нәрсемен жәбір көрді, бірақ сабыр етті» деген екен.

«Олардың айтқандарына сабыр ет. Олардан сыпайы түрде айырыл» (Муззаммил сүресі 10-аят).

Бұл – адамның қалауына кірмейтін қиындықтар. Бұл жақын жанның қайтыс болуы, мал-дүниеден айыры­лу, ауырып денсаулықтан айырылу сияқты. Жалпы айтқанда, адамның басына түскен ауыртпашылықтар. Ибн Аббас (р.а.) сабырлық Құранда үш түрге бөлінген: Алла тағаланың парызын орындау үшін сабырлық ету, бұл сабырлылықтың үш жүз дәрежесі бар. Екінші – Алла тағаланың тыйымына сабырлылық ету, бұл сабырлылықтың алты жүз дәрежесі бар. Үшінші – пәлекетке әуелді соққы кезінде сабырлылық ету, бұл сабырлылықтың тоғыз жүз дәрежесі бар. Бұл қосымша сабырлылық бола тұра негізгі парыз сабырлықтан жоғары бағалануының сыры әрбір мүмин тыйым іске сабыр ете алады, – деп түсіндірген.

Мұсылман бауырлар! Оразаның шынайы мән-мағынасын ұғына оты­рып, қасиетті айдың ең маңызды сабағы сабырлылықты өн бойымызға сіңірейік!

Руслан ҚАМБАРОВ,

«Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 − one =