Сәбилерге домбыра сыйлады

0 89

Қазақстан халқы ассамблеясының (ҚХА) қалалық филиалы Ұлттық домбыра күніне орай №2 перинаталдық орталықта «Бабалардың көзіндей қасиетті домбыра» қайырымдылық шарасын өткізді.Жаңа туған оннан астам сәбиге ҚХА логотипі бар домбыра сыйға тартылды. Әрбір сыйлық Қазақстан халқы ассамблеясының құттықтау сөзімен сабақтасып, оларға еліміздің лайықты азаматы болуға тілектер айтылды.
– Бабаларымыз ежелден домбыраны қазақтың жанымен пара-пар деп кие тұтқан. Сондықтан да ақын Қ.Мырза Әли «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дейді. Ассамблея жыл сайын дәстүрлі түрде перзентханаларға барып, дүние есігін ашқан сәбилерді мерекемен құттықтайды. Шараның маңызы – балаларды ұлтжанды, асқақ рухта тәрбиелеу, ұлттық құндылықтарды насихаттау. Балаларға домбыраның құлағында ойнайтын дәулескер күйші болсын деп ырымдап ұлттық аспабымыз­ды сыйға тартсақ, аналарға гүл шоқтарымызды ұсындық, – деді этносаралық қатынастар жөніндегі бөлім басшысы Гүлнар Тайгокова.

Перзентханадағы аналардың қуанышын еселеген қайырымдылық акциясы қазақтың ұлттық аспабын дәріптеуге бағытталған. Акушерлік бөлім директорының орынбасары Шұғыла Есембаеваның айтуынша, мереке күндері мұндай шаралар жиі өткізіліп тұрады. «Күн сайын осы орталықта 30-40 сәби дүниеге келеді. Ал бұл күн ерекше атап өтілуде. Себебі дәл домбыра күні босанған аналарды ҚХА өкілдері арнайы құттықтап келіп жатыр. Енді ғана өмір есігін ашқан сәбилерге ақ жол тілеп, қолдарына қасиетті домбыраны ұсынып жатқан жандарға ризамыз. Өйткені өмірінің бірінші күні қолына домбыра ұстаған сәбилердің өскенде халқының мақтанышына айналарына сенеміз. Түске дейін 13 сәби туды. Барлығына осы сыйды табыстадық» деді Шұғыла Есембаева.
Акция әрбір үйде домбыра ұстау маңызына бағытталған. Сондай-ақ байырғы дәстүрді жандандыруға әрі ұлттық код ерекшелігіне, ата-бабаларымыз­дың тарихы мен мәдениетіне арналған. Осы арқылы ежелден келе жатқан қазақ халқының ұлттық құндылықтарына құрметпен қарауға үндейді. Іс-шара санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілді.

Көктем ҚаАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 3 =