©2020 Астана Ақшамы
СӘБИЛЕР ҚУАНҒАН КҮН
Қалалық Мамандандырылған балалар үйінде «Армысың, әз-Наурыз! Қуан, сәби!» атты мерекелік шара өтіп, ата-ана қамқорлығынсыз қалған екі бүлдіршіннің тұсауы кесілді.
Кішкентай Кәусар мен Арманға өнегелі жолы бұйырсын деп, тұсау кесу рәсімін орындауға қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының Астана қаласындағы филиалының төрағасы Бақытжан Тәжібай мен 40 жыл бойы білім саласында қызмет етіп, тәрбие жолында 3 балабақша салдырған астаналық Дина Смайылқызы шақырылды.
Сондай-ақ, қонақтар назарына аға тәрбиеші Гаухар Әбсейітованың жетекшілігімен ұйымдастырылған концерттік бағдарлама ұсынылды. Қазақтың ұлттық киімін киген бүлдіршіндер былдырлап өлең оқыды, хормен ән салып, топпен би биледі.
«Балалар осы күндері ерекше тіл алғыш болып, Наурызға қуана-қуана дайындалды, сыйлықтарды асыға күтті. Адамшылыққа тәрбиеленуі үшін бала жастайынан мейірімге бөленіп өскені жөн. Осы тұрғыда сәбилердің тағдырына алаңдап, қайырымдылық көмектерін аямайтын ізгі жандарға алғыс білдіреміз» деді жоғарыда аталған мекеменің бас дәрігері Ләйлә Закарьянова. Мейрам қарсаңындағы іс-шараны меценаттар мен бала асырап алуға ниетті ата-аналар тамашалап, өнерпаздарға түрлі ойыншықтарды тарту етті.
Қазіргі уақытта Астана қаласы Мамандандырылған балалар үйінде 76 бала тәрбиеленуде. Оның 29-ы – тастанды болса, 22-сі белгіленген тәртіппен мүгедек деп танылған. Ал, 23 сәби отбасы жағдайына байланысты бұл жерге уақытша орналастырылған.
Мәдина ЖАҚЫП