«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Сәби» қайынаға

Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ

0 421

– …Осы ауылдың шалдарын шетiнен жын қағып кеткен. Түймедей нәрсенi түйедей етiп, аққа қараны жаға салады. Адам қартайған соң, барлығы әлгi «сәби» қайынағадай болса ғой…
Есiк алдындағы аядай жердiң жоңышқасын орып жатып, Нұрсұлу келiннiң даусын естiгенде, Қақаң кәдiмгiдей-ақ масайрап қалды. «Өзi менi терiс көрмейдi, қай жерiм ұнап қалды екен, ә?» – деп iштей күбiрлеп алып, шалғы орағын құшырлана сiлтедi.
Қаһарман шалды ауылдың бар келiнi «герой қайынаға» деп атаушы едi. Жалғыз ғана Нұрсұлу елден ерек «сәби қайын­аға» деген әп-әдемi атты тауып алыпты. Ақсақал күн ұзаққа «менi неге сәбиге балайды екен, ендi қартайғанда бiзге балалық қайда?» деп ойланумен болады. Бiр ауық кемпiрi Айымтайды жанына шақырып алып, iштегi түйiндi ойды аша сөйлеп:
– Ай, осы сенiң не бiлгенiң бар, әлгi сұлу келiнiм менi неге «сәби қайынаға» дейдi, а? – деп сауал қояды. Айымтай оның «сұлу» деп сызыла сөйлеп, қайдағыны сұрағанына iшi күйе ме:
– Мен қайдан бiлейiн? Iшiңдi күйдiрiп бара жатса келiнiңдi шақырып ал, сосын сырын бiл. Өл дей ме маған, түге! – деп бұрқыраған күйi қайтадан үйге кiрiп кетедi. Бұл – қызғанғандағы түрi. Бiраздан берi шалының бет құбылысынан байқап жүр, үйге Нұрсұлу келiн келсе жүзi нұрланып, құйрығы жер сипамай кететiн. Көбелек секiлдi ұшып-қонып, өзi-ақ шай қайната салады. Әншейiнде ғой, керiлiп-созылып… бiр бүйiрлей беретiнi…
– Кемпiр, шайың қашан қайнайды? – деп кежегесi кейiн тартып, жоқтан өзгеге қабақ шытып, ұрыс iздеп тұратыны… Пәлен жыл отасып, түтiн түтетiп, «Айымжан, Айымжан» болып келiп едi, ендi қартайған шағында көңiлi шынымен-ақ өзгеге ауғалы жүр ме, шiркiннiң!..
Кемпiрiнiң кеудеге күдiк алатындай себебi бар.
Соңғы он жылдан берi кә­рiлiкке мойынұсынып, ендi тек ауылдағы пышақ, қайшы бiткендi қайрап берiп, елден алғыс алып жүрген шалы соңғы күндерi өзiнше мiнез шығарды. Бұрын күн ұзаққа есiк алдындағы көлеңкеден бiр ұзамайтын, бар тас қайрағын жиып алып, шидей мойны төмен салбырап, әлдененi түрткiлеумен күн өткiзетiн. Ендi олай емес, қолы қалт етсе, бойын түзеп, шоқша сақалын оңды-солды бұлғаңдатып, көршi үйдiң алдын бағумен болады. Сықырлауық ескi есiк әндете ашылып, арғы жағынан Нұрсұлу келiн шықты дегенше, қашан көзден таса болғанша, көз алмай қадала қалады. Байқаусыз бiр сәтте аппақ мойнын керенау бұрып, шалға жанарын тiктей қалса, Қаһарман апыл-ғұпыл айналасын сипалап, әлденесiн жоғалтқан жан бола салатын-ды. Осындай көрiнiстiң үстiнен түскен Айымтайдың iшi жалын жалаған қызғаныштан күйiп кете жаздаған. Дереу жетiп барып, өзiнен екi-үш мүшел кiшi келiнi болса да «сирағыңды сидаңдатып, бұтыңды көрсетпей, ұзын көйлек кимеймiсiң, көргенсiз» деп, ұрыспақшы да болып едi, артынша өзiн әрең тежедi. «Менде не жұмысың бар, жайыңа жүр, қақпас!» деп бетiнен алып тастаса, өмiрi өзiнен кiшiден ауыр сөз естiп көрмеген кемпiр сол жерде қара жерге кiрiп кетпей ме?!
Кәрi кеуде кемпiр қызғанышын анық аңғарса да, сезiмге тежеу бола алмады. Көзiнiң алдын көлбеңдеген түп-түзу, жұп-жұмыр жас балтыр делебесiн қоздырумен болды.

* * *
Қаһарман қайрақшы десе қайрақшы едi, оның қолынан өткен кез келген бұйым көпке дейiн майырылмайтын. Ауыл үй әрдайым күнделiктi тұтынатын балта, пышағын осы кiсiге әкеп тастайтын да, шал қайрақпұл сұрамайтын. Қайта кейбiр ұяты бар келiн-кепшiк азын-аулақ теңге қалдырмақшы болғанда, мұны ашуландырып алып, бiраз сөз естидi.
Бiр жолы колхоз бастық үйге келiп, шалдың көңiл-күйiн сұрап, бiразға дейiн бұйымтайын айта қоймады.
– Сiз ғой, колхозға еңбегiңiз сiңген азаматсыз. Абыройлы ақсақалсыз. Бүгiнгi ұрпақ сiздердi айтып мақтана алады, оның бер жағында… – Шал оның сөзiн кесiп тастады.
– Қаныш шырақ, мен мақтау сөздi о баста ұнатпаушы едiм, келген жұмысыңның тоқетерiн айт, сол оңды болар.
Қаныш аяқ астынан қипақтап қалды. Сонан соң «болары болды ғой» дегендей, төтесiне көштi.
– Қысқасы, көмегiңiз қажет! – Ендi ғана басшы кейпiне ауыс­ты. – Елуге тарта қой қырқатын қайшымыз бар едi. Қойманың төбесi тесiлiп, үстiне тамшы тамыпты. Қоймашы да үстiнен бөзi түскен бiреу… Ең болмаса жаңбыр жауған соң, бiр рет бас сұғып, жағдайды көруге болмас па? Ай баға ма осы, түсiнбеймiн… – Қақаң оның сөзiн тағы да бөлiп жiбердi.
– Соны қайрап, өткiрлеу керек қой, шамасы?..
– Үстiнен түстiңiз. Ертең жоқ, арғы күнi қой қырқым басталмақшы. Тiптi қиналып тұрмыз… Колхоздың электрмен iстейтiн шарығы бұзылып жатыр.
Ақсақал басын әрлi-берлi бұлғаңдатты. Әлденеге келiсiм берер кезде осылай жасаушы едi, содан кейiн ғана:
– Жарайды, болсын! – дейтiн. Бұл жолы да сөйттi. Көмектес­пекке келiстi. Қаныш күлiм-күлiм етiп, шалмен қос қолдап қоштасты.

* * *
Өмiрi екi сөйлеудi бiлмейтiн қария уәдесiнде тұрды. Екi күн бойы басын көтерместен, жан-жағына қарамастан жұмыс iстедi, тiптi әдеттегiдей ара-тұра бел де жазбады. Керек десеңiз, осы күндерi Нұрсұлу келiннiң есiгiнiң алдын көзбен торуылдаған да жоқ. Сәт сайын шалының қабағын бақылап отыратын Айымтай көңiлiн бiр демдеп, масайрап қалды. «Ендi тәубесiне келдi. Бәсе-ау, есi жоқ емес едi, ұстамды едi, сол үшiн де… тұрмысқа шықпадым ба мен. Әлгi не деушi едi, мә-хаб-бат болдық қой…»
Ертеңiне күн кешкiре барлық қой қырқатын қайшыны қайрап бiттi…
* * *
Бөксесiн бұлғаңдата қаз-қаз басып Нұрсұлу табалдырықтан аттады. Шал көйлек-дамбалшаң отыр едi. Қипақтап, шалбарын iздедi.
– Ай, кемпiр, қайда әлгi?.. – деп айқай салды. Ол не зат екенiн атаған жоқ. Келiнiнiң көзiнше «шалбар қайда, кемпiр?» деуге аузы барар емес. Сонда да сырт киiмiн күтпестен орнынан ұшып тұрып, оған төрден орын ұсынды. Жиюлы тұрған жүктiң арасынан көрпеше аламын деп жүрiп, барлығын құлатып тынды.
Айымтай қайтадан қисая қалды.
– Осы сен шалға не жоқ, келiн бiр жұмыспен маған келген шығар, отырмайсың ба жайыңа! Сақалың шошаң-шошаң етiп…
қутың-қутың етiп… – Кемпiр сампылдап сөйлей жөнелдi. Бiрақ оны сап тиған Нұрсұлудың үнi болды.
– Жоқ, мен атаға келдiм.
Айымтай аузын ашқан күйi сөзiнiң соңын айта алмай, аз-кем уақыт аңыра қарап қалды. «Не дейдi мына шайтан? Ендi қартайғанда өз шалымды өзiмнен бөлiп әкетпекшi ме, сайқал!…»
– Жай ма, қарағым, жай ма?! – Қақаң елп ете түстi.
– Мына қайшымды қайрап бересiз бе?
– Е-е, сол ма, мен бiр нәрсе болып қалған екен десем… Тастап кете ғой, қайрап бере қояйын…
«Қалқам» деген сөздi тiлiнiң ұшында ұстап қалды. Кемпiрдiң көзiнше айтса, оңашада миының құрт етiн жейдi. Әйтпесе, айтып-ақ жiберер ме едi… Жанарымен жеп қоя жаздап, есiктен әзер шығарып салды.

* * *
Нұрсұлу – жалғызбасты келiншек. Күйеуi Әлекей осы Қаһармандарға қарасты жiгiт едi. Соғысқа аттанды да, содан қайтып оралмады. Өзi де жоқ, өлдi деген хабары тағы да жоқ. Әйел болып, пұшпағы қанамағанның бiрi – осы Нұрсұлу. Қайтып ерге шығуды осы күнге дейiн ойламапты. Бәлкiм, оған басты себеп – сол күйеуiнен хабар болмай, көп уақыт әрi-сәрi күй кешкенi де болар… Бала көтермеген соң ба, оның дене бiтiмi де, бет-пiшiнi де жап-жақсы сақталыпты. Оқта-текте айна алдына келгенде, Нұрсұлу өз сұлулығына өзi де тамсанып-тамсанып алатын. Жұп-жұмыр ақ балтырларын жалтыратып көшемен кетiп бара жатқанда ауылдың еркек кiндiгi түгел мойнын ерiксiз бұрып қараушы едi. Ол соған ләззаттанатын…
Ауыл-үй ағайын араға түсiп, әрi жақын, әрi жастау бiр қайынағасына қоса салмақшы болған әнебiр жылы, бұл ат-тонын ала қашты. Туғаннан бiр бет болып өскен едi, сол мiнезiн тағы да көрсеттi. «Өз бетiмше отырамын, егер оған ерiк бермесеңдер, төркiнiме қайтамын дедi. Ел iшi үнсiз тына қалды. «Келiнiн елге сыйғызбай, қуып жiбердi» деген өсекке таңылармыз деп қорықты ақсақалдар жағы.
Сөйтiп, ол ерке келiн атанып, көп жылдан берi өзiмен-өзi өмiр кешiп жатқан жесiр келiншек.
Қаһарман шалдың соңғы кездегi қылығын ол да байқаған. Сосын әдейi далаға шыққанда, ең қысқа шыт көйлегiн үстiне киетiн. «Адам қартайса да, көңiл шiркiн, қартаймайды» деген рас екен-ау. Сұлулыққа сұқтану жас-кәрi демей – бәрiне де бiрдей болғаны да… Мен неге өз көңiлiмдi өзiм пәсейте беремiн. Әлi елуге де тола қойғам жоқ. Ендеше, көңiл қалауын тым қымтай бермейiн, сезiмге де сәуле қалдырайын. Кiм бiледi, әлi-ақ… елуден асып, алпысқа иек артқан шағымда көңiл қалауын тауып, күйеуге де шығып кетермiн…»
Бұл – Нұрсұлудың ойы.

* * *
Нұрсұлу үйге тағы келдi.
– Сұлу келiн-ау! – дей бергенде, шалдың сөзiн бөлiп, арғы жағынан Айымтай айқайлады.
– Келiн, мұнда келшi, сандықты көтерiсiп жiбершi…
– Қазiр, апа! – дедi Нұрсұлу. Сонан соң қайынағасына жақындай түсiп, байқаусызда ағытылып кеткен түймесiнiң арғы жағынан ақ балтырын жарқыратып:
– Мына қайшы бәрiбiр өтпедi, қайрағыңыздан ба, әлде қайратыңыздан ба?.. – деп едi. Қария­ның кеудесiн кенет суық сөз қарып өттi. Көңiлдегi тәттi сезiм әп-сәтте ада болып, ескi қайшыға қарай ұмтыла түстi де, өз етегiн өзi басып қалып, омақаса құлады.
– Мүмкiн емес, олай болуы тiптен де мүмкiн емес, – дей бердi бар болғаны.
Шал тұңғыш рет өзi қайра­ған заттың керi қайтқанын көрiп тұр. «Қайратым тайды ма, кәрiлiк жеңдi ме менi… Заман шiркiн, дәурен шiркiн, төбемнен қош деп ұшқаны шығар бұл. Бар өмiр, қысқа ғана жалғыз жалған… осымен аяқталуға тақағаны ма, уай, дүние-ай!.. Iстеген iсiңнен ши шыға бастаса, бiтпегенде несi қалды оның? Аһ-һ!..»
Ескi қобдиды жанына алды. Қайшыны сол қолына ұстап, оң қолына қайрақ алған қария тап қазiр аса қапалы едi.
– Кемпiр, а кемпiр! – деп үйдi басына көтердi. – Кесеге су құйып әкел, мына қайрақ әбден қурап кетiптi ғой…
Сонан соң алаңсыз отырып алып, кешке дейiн бар ынта-зейiнiн қайшыға аударды. Бiр уақытта бойынан қуат кетiп, қолы қалтырағанын сездi. «Кәрiлiк!.. Кәрiлiк келдi…» деп ойлады iшiнен. «Әйтпесе, бұған дейiн қандай едiм. Жас жiгiттей қылшылдап тұрған күндер көздiң алдында бұлдырайсың-ау ендi…»
Түнде ұйқысы қашсын. Таң атқанша кiрпiгi айқасқан жоқ: өткен мен кеткендi, тiрiлер мен өлiлердi еске алып, ұзын-сонар қиял жетегiне ерсiн. Әлсiн-әлсiн шошып оянған кемпiрi байғұс:
– Ұйқы бермей, делебеңдi қоздырып жатқан әлгi сұлу келiнiңнiң жұмыр балтыры ма?.. – деп талмау­сырай үн қатады.
– Жоға, кемпiр, қаусаған ша­ғымда балтырды қайтейiн. Белiм­нiң ескi құяңы сыздап жатқаны, уқалашы, – деп терiс аунап түседi де, қайтадан сырлы ойды сабақтайды.
«Рас-ау, жетпiстiң жағасына жармасып тұрып, менiң бұл неғылғаным. Сұлулыққа сұқтанудың жөнi осы ма? Қой, кемпiрдi де азапқа сала бермейiн. Алжыған шалдың әрекетiне ұқсап барады ғой өзi. Атам қазақ келiнiне көз тiкпедi емес, көз тiккен. Бiрақ бәрiн де жолымен, iзiмен жасады. Әмеңгерлiк дедi оны. Менiкi не?! Елуге жетпеген жiгiт сықылданып, өз кеудеме өзiм сыймай барамын ғой, түге! Тәйт! Жетер ендi!..»
Қақаң өз көңiлiне өзi қатты үкiм жасады.
* * *
Арада бiршама уақыт өттi. Бiр күнi колхоз бастығы Қаныш есiк қағып:
– Ақсақал, кiруге рұқсат па екен? – деп дауыстаған.
– Е, неге рұқсат болмасын. Кел, кiр, – деп, Қақаң есiк ашты. Қаныш тiзе бүккен жоқ. «Асығыс едiм» дедi. Сосынғы айтқаны мынау болды.
– Колхозымыз биылғы қой қыр­қымды жақсы аяқтады. Ауданда алдыңғы орынның бiрiне шықтық. Бұл жетiстiгiмiзде сiздiң де үлесiңiз зор. Өз аузыммен рақметiмдi жеткiзгелi келдiм. Жүз жасаңыз. Қайратыңыз кемiмесiн. Келiндерiңiз iнiлерiңiзге сiздiң қайрат-жiгерi­ңiзді үлгi ете сөйлесiн…
Сосын қоштасып, шығып бара жатты. Шал iштей масайрап қалды. «Келiндерiңiз қайрат-жiгерiңiздi үлгi етсiн дедi, ә!.. Әнi, солай… Неге ғана кәрiлiкке оп-оңай мойынсұнамын… Жо-жоқ, мен қартайған жоқпын. Әлi-ақ…»
Шалдың тәттi қиялын кемпiрi кiлт үзiп жiбердi.
– Ойбай, шал-ау, естiдiң бе?.. Әлгi Нұрсұлу келiн… – деп, тұтықты. Қақаң селк ете қалды.
– Немене!.. Жайшылық па?.. – деп, асығыс-үсiгiс сұрады.
Ойына әрнәрсе келдi. Келiнге бiрнәрсе болып қалды ма екен деп… Сөйт­кенше болған жоқ, кемпiрi:
– …Тұрмысқа шығатын болып жатыр. Жарамды бiр еркектiң етегiнен ұстапты дейдi. Әй, өзi де… соңғы кезде бөксесiн ойнатып, тым сәнқой болып алып едi…
Айымтай тұтыға сөйлесе де, ойындағының бәрiн айтып шықты.
Шалдың тұла бойы мұздап қоя бергендей болды. Мына хабарға не қуанғаны, не ренжiгенi белгiсiз:
– Е-е-е… – дедi қарлығыңқы даусын ұзақ соза түсiп.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды