Сабақты ине сәтімен

0 187

Іргесін Петр патшаның өзі қалаған 300 жылдық тарихы бар Санкт-Петербург қаласына сапарымның негізгі мақсаты – Санкт-Петербург және Ленинград облысы қазақтарымен жүздесіп, қаланың туризм саласындағы бай тәжірибесімен танысып, шығыстанудағы Ресей мен Қазақстанның өзара ынтымақтастығы бойынша шараларға қатысып, осы саланың білікті ғалымдарымен жүздесіп қайту еді. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, айналдырған алты күннің ішінде питерлік отандастарымыздың ортасында болып, олардың сәлемі мен тілегін арқалап, елге оралдым.

0017

Қазақ тарихы бірлесе зерттеледі

Алдымен Ресей ғылым академиясының Шығыс қол­жаз­балары институтының профессоры С.Прозеровпен, Санкт-Петербургтегі Еуропа университетінің профессоры Сергей Абашинмен және Ұлы Петр атындағы РҒА Антропология және этнография сирек жәдігерлері (Кунсткамера) мұражайының директоры орынбасары Ефим Резванмен кездесіп, қазіргі күнгі исламтану, шығыстану мәселелеріне байланысты мол мағлұмат алдым. Әрине, мен сияқты қарапайым тілшіге атынан ат үріккен белгілі ғалымдармен кездесудің өзіндік қиындығы болар еді, алайда жол бастап барған Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Әшірбек Муминовтың арқасында қажет есіктер алдымыздан айқара ашылып, еркін сұхбат алудың мүмкіндігі болды. Бұл, әрине, тек қана Қазақстанда не Ресейде емес, халықаралық деңгейдегі атағы бар, ғылыми ортада өзіндік орны бар қазақ ғалымының беделін білдіріп, оған деген құрметтің белгісі еді.
Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы ақсақалы сәлем береді емес пе? Осы қағиданы ұстанған Санкт-Петербург пен Ленинград облысындағы отандастарымыздың «Атамекен» қазақ қоғамының төрағасы, Санкт-Петербург қаласы мэрінің ұлттар жөніндегі кеңесшісі Сәрсенбай Құспановпен РҒА Шығыс қолжазбалары инс­титутында кездестік. Бұл күні Әшірбек Муминов институт пен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті арасында әріптестік байланыс орнатып, атап айтқанда Ресей шығыстанушысы Александр Кунның (1840-1888) артында қалдырған қазақ тарихына қатысты жазбаларды бірлесе зерттеуге жол ашатын меморандумға қол қойды.
Кездесу соңынан Сәрсенбай Құспанов орта ғасырдың қол­таңбасы қалған институт ғима­ратына қарап, есіне түскен бір естелікті айтып берді. «Осыдан бірнеше жыл бұрын Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына бардым. Астанаға келген бетте елордада болып, Н. Назарбаевпен кездестік. Сонда Елбасыға қазақтай елдің ордасы көрген адам тамсанып айтып жүретіндей салтанаты артып тұруы керек деген едім. Сонда басқа елдерден келген қандастарымыз да сөзімді қуаттап, ду қол соғып жіберді. Біздер еліміздің, Елбасының, елорданың шоқтығы биік болғанын қалаймыз ғой» деді.
«Менің осында жүргеніме жарты ғасырдан асты, содан бері қазақтың бір баласы «екі қолға бір күрек» деп қара жұмысқа жалданып келген жоқ. Осында сегіз мыңға тарта бармыз, олардың бала-шағасын қосқанда, он мыңнан асып кетеміз. Бәрі де осында жақсы қызметте жүр, кезінде жоғары оқу орындарын бітіріп, жолдамамен қалғандар. Бүгінде Қазақстаннан білім іздеп келіп жатқандар да жеткілікті. Оларға да қамқор болып жүреміз. Мұнда Орта Азиядан келген мигранттар арасындағы еңбек дауы жиі болып тұрады, мэр­дің кеңесшісі ретінде оны шешуге мен де араласамын. Сондайда даудың ортасында шырылдаған қазақты көрмей, мерейімнің үстем болатыны Елбасының еңбегі деп ойлаймын» дейді қазақ қоғамын бас­қарып келе жатқан абзал азамат.

Батырларға мың тағзым

Санкт-Петербургтегі Қазақ үйінде болғанда кәдімгідей мар­­­қайып қалдық. Мұндағы ағайындар Псков облысынан келе жатқан қонақтарды күтіп жатыр екен. Азиялық бокс Кеңесінің вице-президенті, «Албан-бокс-Промоушн» промоутер компаниясының президенті Алтынбек Нұрдәулетовтің жолай Питердегі Қазақ үйіне соғып, ағайындардың амандығын білмек үшін келген беті екен. Дастархан басында таныса келе, Псков қаласында өткен «Отан үшін» халықаралық боксерлік шоуға спортшыларымыз қатысып, жүлделі орын алғанын айтып, қуанышымен бөлісті. Сайыс­тан соң осы облыстың Невель қаласында жатқан Мәншүк пен Әлияның басына барып, құран бағыштағанын айтты.
«Осы сапардан үлкен оймен оралдым. Ресейде батыр қазақтарды қатты құрметтейді екен. Осы жерде 100-ші ұлттық қазақ дивизиясы шайқасыпты. Қаланың айналасында 70 бауырлас зираттар бар екен. Невельде Мәншүк Мәметова атымен аталатын көше, мектеп, ескерткіш бой көтерген. Мәншүктің бейітіне барып дұға оқып жатқанымызда, шөкімдей бұлты жоқ ашық аспаннан нөсер құйып өтті. Ал Әлияның басында болып құран оқылып жатқанда, ақ жауын себелеп өтті. Мүмкін, бұл табиғат тылсымы шығар. Бірақ оны қос қарлығашпен осы жерде дұға дәметіп жатқан боздақтардың көз жасындай көріп, осылайша қабыл алдық» деді Алтынбек Нұрдәулетов.
Қазақ үйінде көп кідірмей, осында оқып жатқан студент жастардың футбол жарысын барып тамашалауға шықтық. Жолай Сарсенғали ағайды тыңдап келемін. «Маған қазақ тілін қалай ұмытпағансыз деп жатады. Мен қазақ тілін қалай емес, неге ұмытпаған себебімді айтайын. Ана тілің – қасиетің ғой, оны ұмытсаң, кім болғаның? Орталықта қазақ тілін оқытамыз. Бір күні келсем, жапон жігіті оқып жүр. Саған қазақ тілі неге керек деп төтесінен сұрадым. Сонда әлгі жігіт «Қазақстан – қарқынды дамып бара жатқан мемлекет. Сол мемлекетке қызметке бара қалғандай болсам, тілін білуім керек қой» деп жауап берді. Ертеңін ойлағанның сөзіне қарап, өз тілімізді өзіміздің місе тұтпайтын қасиетсіздігімізге ызам келеді. Бір жылдары жасы елуден асып кеткен бір азамат оқуға келді. Кезінде репрессияға ұшыраған әкесінен дәптерге жазылған өлеңі қалған, соны ана тілінде оқып көруге талпыныс жасады.
Менің осындағы беделімнің көп есіктерді еркін ашуға қауқары жетеді. Кезінде Ресейдің ғылым ордасы болған Петр қаласының мұражайларында, қолжазба қорларында, мұрағаттарында, зерттеу институттарында қазақ тарихына қатысты мәліметтер жеткілікті. Заманның жақсысында жастарыңызды жіберіп, неге мүмкіндікті пайдаланып қалмай­сыздар» деп ақсақал ой тастады. Жырақта жүрсе де, елім, жерім деп жүрген жасы үлкен ағаның сәлемін сіздерге жеткізгенім осы еді.

Еңбек мигранты шарасыздық па?

Миграция мәселесі біздің елге де таңсық емес. Бұл жөнінде ғалымның да пікірін білудің сәті түсті. Санкт-Петербург Еуропа университетінің профессоры Сергей Николаевич Абашиннің негізгі зерттеу салалары – Орталық Азиядағы ислам және ұлттық модернизация, трансформация, біртектілік және әлеуметтік қарым-қатынас, осы аймақтағы миграциялық үдерістер болып табылады. «Миграция әлемде, Еуропада, Ресейде маңызды саяси мәнге ие болып, саяси қақтығыстардың құралына айналды. Бұл барша халықты алаңдатады. Мәселенің күрделі түйінімен қатар, түсінбеушілікті пайдаланып, қолдан кедергі жасалған тұстары да бар. Нақты жағдай мен статистика басқаша болса да, оның жағымсыз аты саяси мүддеден туындап жатқанын жоққа шығармау керек. Жалпы адам баласының табиғатында дағдарыс өршіп, жағдайы қиындаған сайын алдымен кінәліні іздейтіні бар. Сондай кезеңде саусағының ұшымен мигранттарды көрсетіп, бұл мәселені ушықтырып жүрген саясаткерлерді ақтауға болмас. Мүмкін, кей жағдайда мәселе мигранттан туындауы да мүмкін, бірақ жалпылама сипат емес.
Мигранттар болған, бола береді де. Мұны жоюға қолдан келер қайран жоқ, қалыпты нәрсе деп қабылдауды үйрену керек. Еңбек мигранты келді, тиісті жұмысын істеп, нанын тауып жүр. Оларға да бүгінгі нақты тірлігіміздің бір бөлшегі ретінде қарап, ортақ тіл табуымыз керек болар. Мен ғалым ретінде осы мәселені жан-жақты зерттеп, жергілікті халық пен мигранттар арасында көпір орнатып, біріне-бірі жау болмай, жағдаятты қалыпты қабылдауына мән беріп келемін. Бұл құбылысты жанжалдың себебіне айналдырмай, оған академиялық ғылыми тұрғыдан талдау жасауға тырысамын. Менің мақсатым – осы төңіректегі «мифті» тарқатып, фобияның өршуіне жол бермеу, Орта Азия аймағының маманы ретінде нақты ақпаратпен жергілікті тұрғындардың көзін ашу. Бұл дегеніміз – миграция төңірегіндегі қиындықтарды жоққа шығару деген сөз емес. Миграция өзінің әлеуметтік қайшылықтарымен қатар келеді. Оны жоққа шығаруға болмайды, біздің міндетіміз онымен күресу емес. Ол үшін жергілікті атқару орындары, құқық қорғау органдары, тағы басқаларының қызметі жеткілікті.
Осы мәселені түбінен қазып, шынайы көрінісін жеткізу, ғылыми тұрғыдан түсіндіру өте маңызды. Бұлар қандай адамдар, олардың қандай құндылығы бар, дәстүрі қалай өзгеріп жатыр – бұл базалық мәселелер. Ол қалыптастырған соң, баршаға қолжетімді болып саясаткерлер, журналистер мен қарапайым халық та қарулана алады. Мұнда тарих, этнография, социология, сауалнама, зерттеу, статистика да қамтылған. Толық ғылыми зерттеулерден кейін ғана жағдаят бар қырынан айқындала түседі. Біздің міндетіміз – мәселені идеалдандыру емес, тек оның қысымын төмендетіп, үйлесімді орта қалыптастырып, ортақ тіл табуға бағыттау. Одан бөлек, таза білімге негізделген ақпараттың бағасы бөлек екенін білесіздер. Қазіргі күні қалыптасқан қоғамдық пікір өзгере қойған жоқ, бірақ жағдай өзгерді. Халықтың назары басқа саяси жағдайларға ауғаны себепті, мәселенің күйіп тұрған қызуы басылып, кейінге ысырылды. Бірақ бірлесе жұмыс істемесек, түйін күрделене түсетіні анық» дейді ресейлік ғалым.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 + seventeen =