Сабақтастық салтанаты

0 29

Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттігінің бір жылы тарихи сын-қатерлерге, тосын оқиғаларға толы болды. Алайда Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси сабақтастық бағытын ұстанған екінші Президент өз жүрісінен жаңылған жоқ. Бұл – еліміздегі билік транзитінің сәтті жүзеге асырылғанының дәлелі.
Осы кезеңде тәуелсіз Қазақстан әртүрлі сынақтар мен қауіп-қатерлерден сүрінбей өтіп, өркениеттің көшіне ілесті. Екінші Президенттің бірінші жылы тәуелсіздік туындатқан дәстүр сабақтастығы салтанат құрғанын аңғартты.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы екінші Президент – Қасым-Жомарт Тоқаевтың инаугурациясының өткеніне тура бір жыл толды. «ASTANA AQSHAMY» газеті Мемлекет басшысының бір жыл ішінде қандай реформалар жүргізіп, өзін дағдарыс-менеджері ретінде көрсете білгеніне және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын қалай жүзеге асырғанына, қоғамда қандай өзгерістер болғанына шолу жасады.
Шегініс жасайтын болсақ, тура бір жыл бұрын, 2019 жылдың 12 маусымында Қасым-­Жомарт Тоқаев ресми түрде Қазақстан Президенті қызметіне кірісті. Екінші Президенттің ел басқарудағы бір жылы ол қолға алған саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалармен, Арыстағы апат, Қордай оқиғасы, Мақтааралдағы су тасқыны, COVID-19 індетімен күрес сияқты оқиғалармен есте қалды.

Дағдарыс менеджері

Президент бір жылдың ішінде еліміздің саяси, экономикалық және әлеуметтік өміріне қатысты көптеген оң шешімдер қабылдады. Мәселен, шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілерін үш жылға дейін табыс салығын төлеуден босатты. Қазақстандағы 1,2 млн ШОБ субъектілері 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін салық төлемейді. Алдын ала жасалған есеп бойынша, үш жылда кәсіпкерлер 380 млрд теңгеден аса қаражатты үнемдейді екен. ШОБ субъектілерін тексеруге мораторий жарияланды.
Мемлекет басшысы бизнесті қолдауға әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Індетпен күрес барысында отандық бизнесті қолдауға ерекше көңіл бөлді. Шағын және орта бизнестің несие төлемдері кейінге шегерілді. Кәсіпкерлер 0,5 жылға дейін еңбекақы қорына төленетін салықтан босатылды. Үкімет 700 мыңнан аса бизнес субъектілеріне салық ауырт­палығын азайтып, нәтижесінде дағдарыста 1 трлн теңге үнемделді.

Әлеуметтік салаға – басымдық

Президент ұлықтау рә­сімінде де, халыққа жолдауында да сөйлеген сөз­дерінде әлеуметтік саясатқа ерекше мән берді. Сол мәлімдемелерінің кейінірек толық жүзеге асырылғанына халық куә болды. Мәселен, еліміздегі әлеуметтік көмекті тағайындау тетіктері жетілдірілді. Биыл 1 қаңтардан бастап 400 мыңнан аса отбасылар табысына қарамастан әлеуметтік жәрдемақы ала бастады. Мемлекет әлеуметтік ахуалы төмен отбасыларға толық көмек көрсететін әлеуметтік топтаманы жүзеге асырды.
Індет кезінде жұмысынан айрылған, ахуалы төмендеген 4,5 млн-нан астам қазақстандықтарға 42 500 теңге жәрдемақша төленді. Мұқтаж жандарға 15 000 теңге көлемінде коммуналдық шығындарға көмек көрсетілді. Ұзын-саны 1 млн-нан аса азаматтарға азық-түлік жиынтықтары таратылды. Елбасы ­Нұрсұлтан ­Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоры арқылы 475 мың отбасына 50 мың теңгеден атаулы көмек берілді.
Қ.Тоқаев Үкімет пен Ұлт­тық банкке әлеуметтік тұр­ғыдан аз қамтылған халықтың кепілсіз тұтыну несиелері бойынша қарыздарын өтеп беруді тапсырды. Қарыз бойынша жалпы берешегі 3 миллион теңгеден аспайтын 1,2 млн адамның (көпбалалы, асыраушысынан айрылған және мүгедек бала асырайтын отбасылар, жетім балалар және т.б.) 300 мың теңгелік несиелері кешірілді. Колледждер мен жоғары оқу орындарындағы 230 мың студенттің шәкіртақысы 25 пайызға өсті.
Президент денсаулық сақтау мен білім беру саласындағы реформаларға ерекше назар аударды. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші жиынында осынау түйткілді мәселелер ашық талқыланды. Қазақстанда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұғалімдердің, мәдениет қыз­меткерлерінің, әлеуметтік сала және дәрігерлердің жалақысы өсті. Мысалы, Президенттің тапсырмасымен жыл басынан бері 500 мың мұғалімнің еңбекақысы 25 пайызға ұлғайды. Сондай-ақ 34 мың мәдениет қызметкерлерінің жалақысы – 30 пайызға, 215 мың дәрігердің жалақысы – 30 пайызға, медбикелердікі – 20 пайыз­ға, 25 мың әлеуметтік сала қыз­меткерлерінің жалақысы 30 пайызға көбейді.

Билік пен бұқара диалогы

Президенттік қызметіне кіріскен күннен бастап ­Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі саяси жүйені либералдандыру бағытын жариялады. Билік пен бұқараның диалогын орнату үшін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынды.
Қ.Тоқаев билік пен бұқараның диалогын орнатуды, ұлттық диалог жүргізуді мақсат тұтты. Сөйтіп, ұлттық диа­логтың жаңа моделі – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрып, өзі басшылық етті. Бүгінге дейін үш отырысын өткізген кеңес халықтың да, биліктің де сенімін ақтады. Мемлекет басшысы өзінің сая­си реформаларға қатысты бастамаларының бәрін осы алаңда жария етті. Олардың қатарына бейбіт шерулерді ұйымдастыруды хабарламалық тәртіпке көшіру, партияларды тіркеу талабын 40-тан 20 мың адамға азайту, парламенттік оппозиция институтын енгізу, Қылмыстық кодекстің 130-шы жала жабу туралы бабына декриминализация жасау, партиялық тізімге әйелдер мен жастарға 30 пайызға дейін квота енгізу сияқты баянды бастамаларын жатқызамыз. Бұл бас­тамалар заң жүзінде жүзеге асырылды.

Арыс апаты

Арыстағы апат Президент Қ.Тоқаевқа алғашқы үлкен сынақ болды. Үш адам қайтыс болып, ондаған адам ауруханаға түсті. 20-дан аса үй толық жанып, қаладағы үйлердің 85 пайызы зақымдалды. Сын сағатта Президент Арысқа жетіп, апаттан үрейі ұшқан елмен жүздесіп, қайғысымен бөлісті. Мемлекет Арысты қайта қалпына келтіруге 56,1 млрд теңге жұмсап, 7634 үй жөнделіп, 500 ғимарат жаңадан салынды.
Биыл мамыр айында Шымкентте Арыс апаты бойынша сот процесі бас­талды. Қызметіне нем­құрай­дылық танытып, сыбайлас­тық қылмысқа барған 16 адам (көбісі әскерилер) айыпталушылар орынды­ғына отырды. Қ.Тоқаев Түркістанға ұшып баруы арқылы саяси тактикасын байқатып, кез келген мәселені жедел шеше алатындығын көрсетті.

Мақтааралдағы су тасқыны

Сардоба су қоймасындағы бөгеттің жарылуы нәтижесінде Түркістан облысындағы 10 ауылды су басты. 30 мыңнан аса адам қауіпсіз жерге көшірілді. Бір ғана өсімдік шаруа­шылығына келтірілген зиянның көлемі 404 млн теңгені құрады. Мемлекет басшысы су апатынан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетуге тапсырма берді. Өзбекстан тарапымен келіссөз жүргізіп, мәселенің оң шешілуіне ықпал етті. «Өзбекстан аумағындағы Сардоба су қоймасындағы бөгеттің бұзылуы салдарынан Түркістан облысының 10 ауылын су басты. 22 мыңнан аса тұрғындар эвакуацияланды. Оларға көмек көрсетіліп жатыр. Өзбекстан Үкіметімен келіссөздер жүргізілуде» деп жазды Қ.Тоқаев твиттердегі парақшасында. Президент су тасқынына қатысты ахуалға тікелей өзі бақылау жасады. Нәтижесінде, Мырзакентте жаңадан 500 үй тұрғызылатын болды.

Індетпен күрес

Індеген індет елімізге және Президентке үлкен, маңызды сынақ болғаны рас. Қазақстан екі айға жуық карантинде өмір сүріп, қаншама адам жалақысынан айрылды. Індет белең алғанда Қ.Тоқаев 16-наурыз – 11 мамыр аралығында төтенше жағдай енгізді. Оның шеңберінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, барлық өңірлерде қатаң карантин тәртібі орнады. «Қазақстан басқа елдерден бұрынырақ арнайы сарапшылар штабы мен Үкімет деңгейінде ведомствоаралық комиссия құрды. Індеттің таралуына қарсы күрес жоспарын бекітті. Өйткені ДДСҰ жариялаған COVID-19 пандемиясының өршуі күллі әлемді алаңдатып отыр» деп түсіндірді өзінің шешімін Президент.
Төтенше жағдай кезеңінде Қ.Тоқаев төрт рет қазақстандықтарға үндеу жолдады. Мысалы, елордада екі аптада 200 орындық озық үлгідегі модульді жұқпалы аурулар ауруханасы салынды. Алматы мен Шымкентте де қысқа мерзімде осындай кешендер бой көтерді. Бұл – іс-шаралардың барлығы Қ.Тоқаевтың білікті дағдарыс-менеджері екенінің дәлелі.

АНЫҚТЫҒЫ АЙҚЫН

Әлеуметтік саясатты әділ жүргізген Президент өзінің халықшылдығымен, ашықтығымен ерекшеленеді. Бұл сөзімізге ­Қ.Тоқаевтың лауазымды тұлғаларды қызметінен босатуы, еліміздегі әртүрлі оқиғаларға дер кезінде әлеуметтік желі (мысалы, twitter-дегі парақшасына 161 мың адам жазылған) арқылы үн қосып отыруы дәлел. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлт бірлігі, ел тұтастығы мәселесінде үш тұғыр – рухани кемелденуді, патриоттық ұстанымды, ана тілімізді дамытуды басты назарда ұстап келеді. Алғашқы екі тұғырға «Абай және 21-ші ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында толығырақ тоқталып, өзінің парасатты пайымын ортаға салды. «Әсіресе мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды. Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады» деп мәлімдеді Президент «Егемен Қазақстан» газетіне бірген сұхбатында.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 + 19 =