«Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу»

0 39

Мемлекет басшысының бір жыл атқарған жұмысының қорытындысы төрт том болып жарық көрді. Бұл туралы Фейсбуктегі парақшасында Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.Қасым-Жомарт Кемелұлы жуыр­да твиттер парақшасында: «Бір жыл бұрын аса көрнекті мемлекет қайраткері, жаһандық деңгейдегі саясаткер Н.Назарбаевтан ел тізгінін қолға алу мәртебесі бұйырды. Мемлекетіміздің негізін қалаушы – Елбасы стратегиясының сабақтас­тығын жүзеге асыру үшін көп жұмыс атқарылды…» деп жазды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі­нің сайлауалды бағдарламасын «САБАҚТАСТЫҚ. ӘДІЛДІК. ӨРЛЕУ» деп атап, өзінің негізгі үш ұстанымын жариялаған болатын. Осы басты қағидаттарды ұстанған Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі Мемлекет басшысының осы уақыт аралығында әртүрлі деңгейдегі мінберлерден сөйлеген сөздерін жинақтап, 1 жылдық жұмыстың қорытындысы ретінде «САБАҚТАСТЫҚ. ӘДІЛДІК. ӨРЛЕУ» деген атпен 4 томдық жинақ шығарып отыр. Бұл кітаптарда Мемлекет басшысының әртүрлі іс-шараларда сөйлеген 76 сөзінің толық мәтіні жинақталды.
Бірінші кітапқа Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізді дамыған елдердің қатарына қосу мақсатымен қолға алған бастамалары және халықтың жарқын болашағы үшін жүзеге асырылатын жобалар туралы ой-пікірлері, мемлекеттің алдында тұрған басым бағыттары мен міндеттерін айқындауға арналған жалпыұлттық іс-шараларда сөйлеген сөздері енгізілді.
Екінші кітапқа Мемлекет басшысының өңірлердегі жұртшылықпен кездесу өткізіп, ел мен жердің тағдыры, саяси өзгерістер, экономикадағы серпін, әлеуметтік жауапкершілік және басқа да қоғам өмірі туралы ой-толғамдары, еліміздің алдында тұрған басым бағыттар мен міндеттер жөнінде сөйлеген сөздері топтастырылды.
Үшінші кітапқа Қазақстан Президентінің шет мемлекеттердің басшыларымен кездесулерде, әлемдік саммиттер мен халық­аралық форумдарда сөйлеген сөздері жүйеленіп топтастырылды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақ­стан Президенті қызметіне кіріс­кеннен кейін бірнеше айдың ішінде Ресей, Қытай, АҚШ және Еуразияның басқа да көптеген елінің көшбасшыларымен байланыс орнатып, шетелдерге бірнеше мемлекеттік, ресми және жұмыс сапарын жасады. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Тәуел­сіз Мемлекеттер Достастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Еуразиялық экономикалық одақ, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының саммиттеріне қатысты. Аталған жиындарда халықаралық саясаттағы Қазақстанның орны, ұстанымы туралы мәлімдемелер жасады.
Төртінші кітапқа Қазақстан Президентінің бір жыл ішіндегі отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында жария­ланған мақалалары мен сұхбаттарында, БАҚ өкілдері үшін өткізген брифингтерде еліміздің шет мемлекеттермен арасындағы байланыстарға, халықаралық және ішкі саяси мәселелерге қатысты айтқан ой-толғамдары енді. Сондай-ақ кітаптың соңында 8 сұхбат пен 2 деректі фильмнің бейненұсқасы флеш-картаға жүктеліп, қоса берілген.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × two =