Рухына тағзым етеміз

0 24

Сұрапыл соғыс басталғанда, ер-азаматтардың барлығы майданға аттанды. Солардың қатарында біздің әкеміз Кәкім Қасенов те бар еді. Ел басына қиын-қыс­тау күн түскен заманда Ақмола облысындағы Күлшін ауылының тұрғыны, әжеміз Кәмиля Жұмағұлқызы ұлы Кәкімді әскерге шығарып салады.Әкеміз Қиыр Шығыста әскери міндетін атқара жүріп, 1943 жылы Гвардиялық полктің құрамында майданға аттанады. Беларусь, Польша, Германия жеріндегі кес­кілескен шайқастарға қатысады. Өзінің жау­жүректігімен, әскери жұмысқа адалдығымен көзге түсіп, 12 мәрте мемлекеттік марапаттарға ие болған. Солардың ішінде «Қызыл жұлдыз» және ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені де бар.
Соғыс аяқталғаннан кейін тағы бір жыл әскерде қызмет етіп, 1946 жылы маусым айында туған ауылына оралады. Баласының соғыстан аман келгенін көрген анасы қуаныштан көз жасына ерік береді. Атамыз Хасен 36 жасында дүниеден өткен соң, 4 баласын әжеміз өзі асырап-жеткізген. Сонау 30-жылдардағы ашаршылықта әке орнына әке, ана орнына ана болып, балаларын өсірген Кәмиля әжеміздің табандылығына, қажыр-қайратына басымызды иеміз. Рухына тағзым етеміз! Ол кісі 1953 жылы 53 жасында қайтыс болды.
Ал әкеміз 1949 жылы Алматыдағы заңгерлер дайындайтын оқу орнына түсіп, 1952 жылы тәмамдап, Ақмола облысының Вишневка, Астрахан, Қорғалжын аудандық прокуратура органдарында қызмет етті. Көп жылдық ерен еңбегі үшін Кеңес Одағы бас прокурорының қолынан марапат алды. Сөйтіп, 2002 жылы 82 жасында фәниден бақиға озды. Әкеміз өте мейірімді және қатаң тәртіпті жаны сүйетін адам еді. Тарихи кітаптарды көп оқитын. Біздің үйдегі кітап сөресі әртүрлі кітаптарға толып тұрушы еді. Жанынан өлең шығаратын ақындығы да бар еді. Балалары, немерелері, туыстарына арнап шығарған өлеңдері көп. Тәлім-тәрбиеге ерекше назар аударатын. Бізге шаңғы тебуді, фотоаппаратпен суретке түсуді, оны өзімізге шығаруды үйретті.
Әкеміз бен анамыз – 8 баласын тәрбиелеп, жеткізген, немере-шөбере сүйген бақытты жандар. Анамыз бір мекемеде ұзақ жылдар бойы бас есепші болып қызмет істеді. Екеуі де аса еңбекқор, адамгершілігі мол, елге елеулі жандар болды. Өз еліне сіңірген еңбегі үшін лайықты құрмет көрді. 55 жыл бақытты ғұмыр кешіп, Алланың және өз балаларының алдындағы міндеттерін адал атқарды. Өмірде біз қандай да бір жетістікке жетсек, соның бәрі – әке-шешеміздің берген тәрбиесінің, көрсеткен өнегесінің арқасы. Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында соғыс және еңбек ардагері атанған ардақты әкеміз Кәкім Қасеновті сағынышпен еске алып, ұрпақтарының атынан рухына тағзым етеміз!

Балалары,
немере-шөберелері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × five =