Рухани жаңару мейрамы

Отызбай СҮЙІНДІКҰЛЫ, Нұр-Сұлтан қаласының құрметті азаматы:

0 32

– Наурыздың келуі – жаңарудың белгісі. Бұл мейрамды түбі бір түркі жұрты бес мың жылдан бері атап өтіп келеді.
Қазақ елі Наурызды ежелгі замандардан бері атап өтеді. Қуаныш пен мейірімнің, бақ пен ырыстың, молшылық пен кеңдіктің белгісі болған мейрамда толық жаңару керек. Бұл тұрғыдан алғанда, ең бірінші, үйдегі ескі-құсқыны жаңалаудан бұрын, адамның өзі рухани жаңғыруы қажет. Сондай-ақ бір-біріне ақ тілектерін айтып, реніште жүрген дос-жарандар өзара кешірім сұрасып, татуласады. Мұқтаж адамдарға қолдау көрсетіледі. Наурыздың қазақ қоғамы үшін маңызы орасан, оның бәрін айтып тауысып болмас.Биыл мен 93 жасқа толдым. Осы өңірдің байырғы тұрғынымын, кеңестік кері идеологияның кесірінен үзіліп қалған осы дәстүрімізді 1989 жылы Ақмолада қайта жаңғыртқанда ұйымдастырушылардың бірі ретінде соның басы-қасында жүрдім. 1998 жылы елордада ҚР Президенті Н.Назарбаев, Премьер-министр Н.Балғымбаев бастаған мемлекет басшылары қатысқан алғашқы Нау­рыз мерекесінің тойлануы да көз алдымда. Ол уақытта астана атауы әлі ресми берілмеген, бірақ Алматыдан түрлі министрліктер мен белді мекеме-ұжымдар Ақмолаға қоныс аударып жатқан. Барлығын қарсы алып, «көш көлікті болсын» айтысып, жүктерін көтерісіп, ниеттестік білдірген қалың елдің ортасында болдық. Мен ол кезде қазақ педагогикалық колледжін басқардым, 360 төсек орындық студенттер жатақханасының біреуін және екінші жатақхананың 2 қабатын алматылықтарға уақытша тұруға бердік.
Сол кездері қаладағы санау­лы қазақи мекемелердің бірі болғандықтан, біздің ұжым ұлттық сипаттағы мереке-мейрамдардың бәріне белсене қатысады. Ақмолада қандай да бір атаулы той болса, әнші-биші де өзімізден шығады, киіз үйді де біз тігеміз. Ал енді Наурыз мерекесін өткізуге қазақ колледжінің студенттері мен оқытушылар қауымы тайлы-тұяғы қалмай түгелдей атсалысатын.
Қазір енді заман кеңіді, Наурыз мерекесі де жылдан-жылға түрленіп, мазмұн жағынан ба­йып өткізіліп жатыр. Тек мына әлі күші кетпей тұрған індет көңілге ептеп кірбің түсіретіні рас. Бірақ ол да өткінші, ертең-ақ бәрі орнына келер. Ең бастысы халқым аман болсын, Ұлыстың ұлы күнін тойлар ниетіміз дұрыс болсын деп тілеймін!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 + sixteen =