РУХАНИ: ҮМІТ БОЛА МА, ЖЕМІТ БОЛА МА?

0 161

Саяси терминологияда «батыс» пен «шығыс», «демократия» мен «диктат» деген антагонистік түсініктер кеңінен пайдаланылады. Олардың аз-маз нақтырақ түрлері де бар, мысалы, «Варшава блогы» және «NATO». Енді «Варшава шартының» ұйытқысы – Советтер Одағы күйреп, «NATO» ғана қалып отыр. Бірақ ескі жаудың орнын қазір Иран, Қытай, Ресей, Шам басты. Аталғандардың біреулері ымыраға ыңғай танытса, біреулері Батысқа «бетің әрмен!» деуден тайынбауда. Солардың бірі – Иран Ислам Республикасы. Ислам төңкерісінен кейін жауласудан көз ашпаған ел осы аптада жаңа президентін ұлықтады. 

Кербез, бірақ «кет әрі» емес

Иранның жаңа президентін саяси әлемдегі айтарлықтай жаңалық деу керек. Ахмадинежадтан бөтендерінің дені діндар болған ел, дәлірек айтсақ, сол елдің рухани жетекшісі аятолла билік басына қайтадан теолог һәм мүжтәһидті (Қасиетті Құранды мазмұндауға құқығы бар адам) әкеліп отыр. Бірақ жаңа президенттің сайлау бағдарламасы ирандық өлшем­мен анау-мынау жаңашылдық ұсыныстардан кенде түскен жоқ. Мұның қасында дінге онша қатысы жоқ, ертеректе Теһран мэрі болған Ахмадинежадтың сайлау бағдарламасының діни мазмұны көп болған шығар. Бұл не? Елдің өзегі һәм құрылымның кепілі – Ислам Сақшыларының реформаға ұмтылысы ма?

Иә. Себебі, халықаралық шектеулердің зардабы кәдімгідей сезіліп отыр. Мұнайды лимитпен сатудан басқа экспорттық бабы жоқ елді тұралатып отыр. Халық саны да айтарлықтай өсуде. Айдай әлеммен қырқысудың зардабы енді шындап көрініп келе жатыр. Осылай кете берсе, бұл түрімен жақын бесжылдықта тағы да «Мысыр тектес» төңкеріс болып, Иран адам танымастай өзгеретіні – сарапшыдан бұрын, жаңалықтар ағынына көз жүгірте салатын қатардағы оқырманға да түсінікті еді.

Хаттамиден кейін келген Ахмадинежадқа да үміт көп болғаны рас. «Жас қой, жаңашыл дүниетанымы соны бастамаларға себеп болар» деп жазады сол кездің «сарапшылары». Бірақ бәрі керісінше болды. Нақ Ахмадинежадтың тұсында Батыстың үрейі шын үркердей анық бола бастады: алдымен МАГАТЭ инспекторлары елден қуылып, сосын уран байыту кешендерін жүйелі түрде салу қолға алынды. Хаттами ядролық бағдарламаны Батыспен саудаласуға ғана пайдаланған шығар, бірақ Ахмадинежад – «ядролық қару» деген құбыжыққа кейіп бере бастады. Айта кету керек, парсылардың ғылымдағы табиғи қағілездігі мақтауға тұрарлық: Махмуд Ахмадинежад тұсында атом физикасы саласында студенттері мен ізденушілері шетел оқу орындарынан түгел қуыла тұрса да, төлтума технологиялармен айтарлықтай ғылыми жеңіске жетті.

Бір жағынан, Ахмадинежад билікке, салыстырмалы түрде жастық жалынмен келгенімен, Ислам Сақшылары мен Ұлттық қауіпсіздіктің Жоғары Кеңесі деген әскери-саяси екі тажалдың ортасында бәсеңдегені рас. Елдің тізгіні шын мәнінде кімде екенін Ахмадинежадтың жүріс-тұрысына қатысты стенограммалардан аңдысын аңдауға болады. Бізше қарабайырлап айтсақ, оған әлгілер «бала, отпен ойнама!» деген ескерту жасағандай.

Енді міне, ел президентін таңдауда тек қана ирандықтардың қолынан келетін құйтырқы жүріс жасалды. Ел билігі қайтадан діндарға, бірақ бағдарламасында діни мазмұны аз діндарға тиіп отыр. Мұнымен елді исламиетке негіздеген аятоллалар билігі әлемге нені ымдағысы келеді?

«Иә, – дейді мұнысымен аятолла ақсақалдар кеңесі, – экономикалық санкциялардан титықтап біттік. Мынау халық өзімізді төңкеріп тастайтын түрі бар. Саудаласуға қайтадан ашықпыз. Атом бағдарламасын бәсеңдетейік. «Хамас» пен «Хизбалланың» арынын да азайтайық. Шам шәрінің ісіне де көзді жұма тұрайық. Мұнай сатуға лимитті өсір». Әрине, мұндайды ашық мәтінмен айтудан асқан қорлық болмас еді. Кербездік сипатын сақтай отырып, мәмілегерлігін жеткізгісі келіп тұрғаны анық. Саясат әлемі ымдар мен меңзеулер жүйесіне негізделген. Ендеше, бірінші үміт – елдің шын билігіне ие аятоллада.

Тағы бір үміт – сыртқы әлемнің үміті. Парсы шығанағындағы тыныштық тап қазір барлығына керек боп тұр. Ормуз бұғазына дауы бар Біріккен Араб Әмірліктері сияқты «уақ-түйектерді» айтпай-ақ қойғанда, ядролық клубтың толыққанына мүдделі емес алпауыттарды айтпай-ақ қояйық. Себебі біреу атом қаруын жасаса, екіншісі де жасап алуға автоматты түрде моральдық құқық алады. Үндістан мен Пәкістан – осының куәсі. Енді Парсы шығанағындағы жаппай қарулануды елестетіп көріңіз. Ойын теориясының қисыны бойынша бір нәрсе неғұрлым көп болса, оны бақылау соғұрлым қиын. Ең болмаса, сол «бір нәрсенің» атом қаруы болмай-ақ қойғаны жақсы еді.

Көршіміздің хал-жағдайын Батыс арқылы білетін біздер үшін айқындық аздау. Шындыққа жанасымды жағдайды рационал ойлайтын батыстықтардың көзімен білдім деу – бекершілік. Еуропа мен АҚШ публицисті рационализм тұрғысынан ғана жазады. «Халық аш болса, атомды не істейді?» деген тұжырыммен мәселені тым қарабайырлап жібереді. Олар үшін – ұлттық намыс пен ар-ождан, сана-сезім мен болмыс дегендер атымен жоқ. Ал шығысқа таяу отырған біздер кей тұстарда парсылардың иррацио­налды қарекеттеріне түсіністік танытамыз. Ендеше, бізге ең дұрыс ұстаным – парсыларға деген Елбасымыздың ұстанымы. Ол қандай ұстаным?

Бізден де біраз үміт бар

Мұхитқа шығар жолы жоқ болып, торығып отырған мемлекет екеніміз аян. Иран – мұнайымызды Парсы шығанағына шығарудың тамаша мүмкіндігі. Кезінде Қытайдан Ресейге балама іздесек, енді Парсы шығанағын – екеуінен де басым түсер кірдің тасындай көріп отырмыз. Са­йып келгенде, Парсы шығанағы – мұхиттан бұрын, шығыстың шикізат биржаларына сара жол. Біреуге қып-қызыл қолүздік төлемей, өз бетімізше апарар едік. Мұнайды былай қойғанда, осы күні теміржолмен жеткізілетін, ондаған делдалдың қалтасын қампайтатын металл мен астық және бар.

Бұған қоса, Иран – Каспий бойынша тым жақсы әскери одақтас бола алар еді. Соңғы кездері кәрі Құрлықтық жанарындай жәудіреген бұл көл милитаризацияға ұшырап жатқаны өтірік емес. Әзірге түркімен мен әзерилердің да­уын тамашалап отырмыз. Бірақ жаңа кеніштер ашылса, бес мемлекет «қазаннан қақпақ кеткендегі иттің» қылығындай лап қойса, меймандостық көңіл әдіре қала ма деген қауіп бар. Сондай болмай кеткір болжалды оқиғаларда Иран сияқты одақтас саяси сауда қоржынында айтарлықтай ұпай болар еді. Ендеше, Хасан Руханиді – Президентіміздің жеделхатпен емес, жеке барып құттықтағанынан; Қазақстанды – ядролық бағдарлама мәселесі бойынша алаң ретінде тағы да ұсынуынан саяси қадам көре білейік. Болашаққа инвестиция іспетті қадам. Бейбітшілік қадамы. Үміт қадамы.

Ерлан ОСПАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 − three =