«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Рухани тығырық

0 289

Жаңа қоғамдық формация – нарықтық эконо­ми­­каға өту ке­зіндегі абыр-сабырдың тұ­­­сын­да мем­ле­кеттігіміз үшін аса маңыз­ды кейбір мә­­се­ле­­лерді мүлдем назар­дан тыс қалдырдық. Біз­дің ойы­мызша, сондай ұмы­тып бара жатқан мә­се­леміздің бірі – жас ұрпа­ғымыздың тәр­биесі.

Бұрын тәрбие мен білім егіз дейтінбіз. Қазір сол егіздің сыңарының бірі дәріптеліп, екіншісі ауызға алынбайтын, алынса да мүлде сирек алынатын болып жүр. Шамасы, шектен тыс прагматик болып алған біз оқу, білім мен ғылым, жаңа технология болса болды емес пе, тәрбие қайда қашар дейтін болуымыз керек. Ал шын мәнінде ең алдымен тәрбие, сол тәрбие салған ізбен білім мен ғылым жүруі керек қой. Өйткені адамзат нәсілі ғасырлар бойы қалыптастырған тәрбиемен суарылған білім мен ғылым ғана қоғамды бақытқа бастай алмақ. Егер бар мәселе тек оқуға, білімге тіреліп тұрса, Қазақстан бұл жағынан дүние жүзі мемлекеттерінің ең алдыңғы қатарының бірінен орын алады. Сондықтан бізде оқығандар жетерлік. Ал бірақ біздің сол оқығандардың арасынан адамгершілік жағынан жетілмей қалған надандардың, кісі ақысын жегіш обырлардың, күштілерге ғана шыбындап бас изегіш жағымпаздардың неше атасын ұшырататынымыз қалай? Олардың басым көпшілігінің қалталарында құрығанда бір немесе екі-үш дипломы бар емес пе? Және анау-мынау емес, институттар мен академиялардың, университеттер­дің дип­ломдары. Ендеше, осыншама мәртебелі білім ордаларын бітірген осы жандар адамгершілік жағынан неге мұнша құлдырап кеткен? Міне, қазақ қауымының тек қазақ емес-ау, бүткіл адамзат қоғамының алдында тұрған қазіргі заманғы ең басты сауал – осы.
Бәсе, шынында да, айдың күннің аманында неғып осындай рухани тығырыққа тіреліп отырмыз?

Бұл сауалға бір-ақ сөзбен жауап беруге болады: біздің қоғамдық-әлеуметтік институттарымыз өз азаматтарына жет­кілікті дәрежеде білім бергенмен, сондай дәрежеде тәрбие бере алған жоқ. Соның нәтижесінде бұл күндері біз оқымысты сыбайлас жемқорларға, жарлы-жақыбай еңбекші халықтың көз жасына селт етпейтін қатыгез, бірақ білмейтіндері жеті қат жердің астындағы сұңғыла шенеуніктерге, басқа да сан қилы алаяқ интеллектуалдарға жем болып отырмыз. Бір ғажабы, бұлар екі аяқтары салбырап, көктен түскен жоқ, оларды өзіміздің мектептеріміз бен университеттеріміз даярлап шығарды. Бейнелеп айтсақ, олар – біздің тәрбие жүйеміздің ағашында өсіп-өнген жемістер. Ендеше, біздің тәрбие жүйеміздің нашар болғаны ғой.

Шынында да, бұл жүйені түбегейлі өзгертпейінше, оны ғасырлар бойы қазақ қауымы мен бүкіл адамзат баласы бал арасындай ерінбей-жалықпай жинаған адамгершілік сабақтарының шырынымен нәрлендірмейінше, іс алға баспайды. Ол үшін құрғақ ақыл, насихат түріндегі схоластикалық тәрбиеден бас тартуымыз керек. Бұл – ең бір тиімсіз жол. Тәрбие образдар тілі арқылы ғана қанға сіңбек. Сондықтан мектептердегі ұлттық әдебиет пен көркемөнер пәндерінің тиісті дәрежеде оқытылуына, олардың сабақ кестесіндегі сағат санын көбейтуге айрықша маңыз берілуі керек. Адамды адам етіп шығаруға құдіреті жететін бір ұлы күш болса, ол осы – көркем әдебиет пен өнер. Мұны тәжірибелі педагогтар мен тәрбиешілердің бәрі дерлік мойындаған. Бір-ақ мысал. Академик Д.Лихачевтан оқырмандардың бірі: «Екінші дүниежүзілік соғыста орыс солдаттары не себепті жеңіп шықты деп ойлайсыз?» деп сұрағанда, ол: «Пушкин мен Толстой, Дос­тоевский секілді данышпан суреткерлердің шығармаларындағы адалдық, ерлік, патриотизм, әділеттіктің ғажайып үлгілерімен сусындап өскен орыс халқының бұл соғыста жеңіске жетпеуге ешқандай хақысы жоқ еді» деп жауап береді. Көркем әдебиет пен өнердің адам рухын шыңдаудағы ұлы миссиясын ақбас академик дөп басып-ақ тұрған жоқ па?!
Соңғы кездері біз қазақ қауымының өз елінің тәуелсіздігін, еркіндігін қорғауда олардың бойында отансүйгіштік сезімдердің жетісе бермейтінін жиі айтып жүрміз ғой, егер жағдай шынымен осылай болса, онда бұл – біздің мектептеріміз бен жоғары оқу орындарымызда Шалкиіздің, Қазтуғанның, Ақтамбердінің, Дулаттың, Махамбеттің, Абайдың, Базардың, Сұлтанмахмұттың, Мағжанның, Ахметтің, Мұстафа Шоқайдың, Жүсіпбектің, Бейімбеттің, Мұхтардың және тағы басқа классиктеріміздің шығармалары тиісті дәрежеде оқытылмайды деген сөз.
Тәрбиенің, оның ішінде ұлттық тәрбиенің де тағы бір қайнар көзі – дін. Рас, біз Конс­титуциямызда өз елімізді зайырлы мемлекет деп жарияладық. Бірақ бұған қарап Қазақстанды мүлде дінсіз мемлекет деген қорытынды шығаруға болмайды ғой. АҚШ-та, Түркия да, Германия да, Израиль да, Франция да зайырлы мемлекеттер, бірақ бұл мемлекеттердің бірінде хрис­тиан, екіншісінде ислам, үшінші бірінде иудаизм осы елдер мәдениетінің ұстыны, іргетасы саналады. Зайырлы мемлекеттер мектептерінде де дін сабағы өтеді, олар мектеп қабырғасында жас ұрпағының бойына ең болмаса діннің негізгі қағидаларын сіңіріп шығарады. Ал 70 жыл бойы әбден дінсіз болып жаман үйреніп қалған біздің кейбір педагогтарымыздың дін сабағы десе кірпіше жиырылатындары бар. Біз ең болмаса жоғары сыныптарда жұмасына құрығанда бір сағат мұсылман дінінің қағидаларын оқытып, мектеп қабырғасындағы балаларымызға имани өмірдің әліппесін үйретіп шығаруымыз керек-ақ. Қазіргі өркениет биігіне көтерілген ұлттардың ешқайсысы өз дінінен, сол діні арқылы бойларына сіңірген иманынан безініп отырған жоқ. Өйткені олар бұл өмірдегі ұрлық-қарлық, кісі өлтіру, жас нәрестесі мен кәрі ата-аналарын қараусыз қалдыру секілді мейірімсіздіктердің бәрі адамның, қоғамның имансыздығынан туындайтынын әлдеқашан жақсы түсініп қойған.
Сол секілді біздің орта мектептеріміздің жоғары сыныптарында қоғам мүшелерінің бір-бірімен қалай қарым-қатынас жасау керектігін, дос табу мен жар таңдаудың, отбасын құрудың қиыншылықтары мен қызықтарын, бір сөзбен айтқанда, адамша өмір сүру жолдарын үйрететін «Адамгершілік негіздері» («Экономика мен құқық негіздері» деген секілді) атты пәнді оқыту да ауадай қажет. Кезінде бұл туралы көрнекті жазушы Л.Толстой: «Біздің мектептеріміз қажеті шамалы пәндерді оқытуға келгенде жомарт-ақ, ал бірақ өз шәкірттеріне ең қажетті сабақты – адамгершілік негіздерін мүлде оқытпайды, сөйтіп надан, адамгершілігі жағынан шала-жансар «оқымыстыларды» тәрбиелеп шығарады» деп талай қынжылған-ды. Толстойдың бұл педагогикалық концепция­сын кезінде патша, кейін кеңес өкіметінің оқу-ағарту жүйесі құлағына да ілген жоқ. Ал есесіне ақылды жапондар мен еуропалықтар дәл осы пікірді өздерінің педагогикалық оқу-ағарту жүйесінің алтын арқауы ретінде ұстанды. Одан кім ұтты, кім ұтылды – ол жағы айтпаса да түсінікті, әрине.
Жалпы, біздің дана халқымыз ертеде-ақ осылардың бәрін бір-ақ ауыз сөзге сыйғызып: «Тәрбиесіз білім – тұл» деп әбден біліп айтқан ғой. Егер қазіргі таңда күллі өркениетті әлем оқыту, білім процесін ізгілендіру қажет, әйтпесе, білім мен ғылым адамзатты жержүзілік жаппай бақытқа емес, апатқа алып баруы мүмкін деп дабыл қағып жатса, бұны дәл осы тәрбиенің жасампаз күшін айқын сезінгендіктен туған дабыл деп түсінген ләзім.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды