РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЮНЕСКО ДЕҢГЕЙІНДЕ ҚОРҒАЛАДЫ

0 218

Кеше Астана қаласында ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысы өтті. Алқалы жиынды елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов жүргізіп отырды. Күн тәртібінде Ұлттық комиссияның өткен жылы атқарған жұмыстары қорытындыланып, биылғы жылдың жоспары бекітілді.

Комиссия отырысында сөз сөйлеген Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов мәдениет – халықтарды бір-бірімен жақын­дастыратын құбылыс екендігін айта келіп, Қазақ елі ұсынған «Халықаралық мәде­ниеттер үндесуінің 10 жылдығы» жобасы әлемнің 26 мемлекеті тарапынан қолдау тауып, ЮНЕСКО-ның бас конференциясында мақұлданғанын еске салды. Аталған жобаның ЮНЕСКО деңгейінде бағалануы – еліміз үшін үлкен жетістік деп бағалаған Олжас Сүлейменов адамзатты біріктіретін мұндай жұмыстар алдағы уақытта жалғаса беретініне сенім білдірді.

«Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқ­талған Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед былтыр еліміздің аумағында орналасқан 89 тарихи, мәдени ескерткіш қайта қалпына келтірілгенін атап өтті. Бұған қоса, Қазақстан тарихына қатысты көптеген тарихи құжаттар мен тың деректер елімізге қайтарылған. Құжат­тардың барлығы дерлік ғылыми айналымға түсіп, кітап және зерттеу еңбегі түрінде жарық көріпті.

– Өткен жылы кітапхана, мұражай салалары бойынша да жаңа энциклопедиялық жинақтар, анықтамалықтар шығып, оқыр­ман қауымға жол тартты. Бұл да атқарылған шаруаның бір көрінісі, – деді министр.

2000 жылдан бері ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттердің материалдық емес мәдени мұраларының бүкіләлемдік тізімі жасалып жатқанын айтқан Мұхтар Абрарұлы ұлттық комиссияның биылғы басты мәселесі – осы тізімге халқымыздың құндылықтарын енгізу болатынын атап көрсетті. 2003 жылдан бері осы Конвенцияға қатысқан мемлекеттердің саны бүгінде 90-нан асып, 350-ден астам елдің материалдық емес мұрасының тізімі жа­са­лып үлгеріпті. Бұл тізім жыл сайын то­лық­­тырылу үстінде.
Енді Қазақстаннан қандай материалдық емес мәдени мұрасын бұл тізімге енгізуі керек? Министрдің айтуынша, дүниежүзілік тізімге кіретін рухани мұра – ұлттық бітім-болмысымызды айқындайтын, тек қазақ халқының меншігі болып табылатын құн­дылық болуы керек. Өйткені бір мұраға бір­­­неше мемлекет ортақтасып, дау туатын жағдайлар аз емес көрінеді. «Мысалы, қа­зақтан басқа ешкім бүркіт, қыран құстармен аңшылық жасамайтындай көрінеді. Шынтуайтында, мұндай саятшылық түрін тек көшпелі елдер ғана емес, еуропалықтар да өздеріне әлдеқашан еншілеп алған. Тізімге ілікпей қалған Қазақстан ғана. 2010 жылы Бүкіләлемдік тізімде қыран құспен аңшылық жасау мұрасын Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Испания, Франция, Моңғолия, Морокко, Катар, Словакия, Сирия, Чехия және Оңтүстік Корея мемлекеттері қатар иеленген» деді министр.

Бүгінде Қазақ елі 15-тен астам мәдени мұраны ЮНЕСКО тізіміне енгізу бойынша ұсыныстар дайындап жатыр екен. Оның ішінде киіз үйді құру тәсілдері, айтыс өнері, домбыра, қобызбен орындалатын күйлер, Наурыз мейрамы, тағы басқалар бар. «Қыз Жібек» лиро-эпостық жыры да сүбелі дүние ретінде енеді. Министрдің айтуынша, дәл осы «Қыз Жібектей» ешкім таласа алмайтын рухани құндылықтарымыз ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралардың тізбесіне енгізілуі тиіс.

Ал Ұлттық комиссия төрағасы, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов ЮНЕСКО аясындағы жұмыстарды үкіметтік деңгейге көтеру қажеттігін айтты.
– Біз материалдық емес мұралар тізімін жасақтауға айрықша маңыз беруіміз керек. Ол үшін жүйелі жұмыстар жүргізілуге тиіс. Біздің жұмыстың негізгі міндеті – ЮНЕСКО тізіміне енгізілуі тиіс мұралардың санын анықтау емес, төл құндылықтарымыздың ұлттық тізімін әзірлеу. Өйткені бұл ең алдымен өзімізге, өскелең ұрпаққа керекті дүние, – деп атап өтті Иманғали Нұрғалиұлы.

Комиссияның кезекті отырысына ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров, Алматы қаласындағы ЮНЕСКО-ның Кластерлік бюросының басшысы
Сергей Лазарев, мәдениеттанушы-ғалым Мұрат Әуезов, белгілі жазушы Әкім Тарази, тағы басқа да елге белгілі тұлғалар қатысып, ой-пікірлерін айтты.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 + nine =