Рухани келісім – бейбітшілік негізі

0 63

Елордада Рухани келісім күні мен Дүние­жүзілік рухани мәдениет Форумының 10 жылдығына орай «Рухани келісім – бейбітшіліктің негізі» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Алқалы жиын ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы, қала әкімдігі мен «Бейбітшілікке мәдениет арқылы» қауымдастығының бастамасымен ұйымдастырылды.Шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының, Ресей, АҚШ, Үндістан, Австрия, Швейцария, Германия, Ливан және басқа елдерден белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, діни бірлестіктер мен азаматтық қоғам институттарының және ғылыми қоғамдастық өкілдері, халықаралық сарапшылар қатысты.
«Бұл шара жыл сайын Рухани келісім күні өткізіліп келеді. 200-ден аса қатысушыны қамтыған бүгінгі жиынға бүкіләлемдік спикерлер де атсалысып, пікір алмасты. Конференцияның маңызы зор. Еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың моделін өзге елдерге жеткізуді көздейді. Өз тәжірибелерімізбен бөлісіп, әлем елдерінің де озық идеяларын алу. Тәуелсіздіктің негізі – бірлік пен ынтымақты этносаралық, конфессияаралық қарым-қатынастың тұрақтылығын сақтау, әрі қарай жалғас­тыру» деді халықаралық конференцияны ашқан ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов.
Конференция барысында қатысушылар мемлекеттік-конфессияаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы өзекті мәселелерді, ұлттық идеяға негізделген бірегейлікті нығайту міндеттерін, еліміз бен әлемдегі дінаралық диалог пен өзара түсіністікті ілгерілетуде азаматтың қоғамның рөлін талқылап, маңызын, даму бағыттарын ортаға салды. Дүниежүзіндегі рухани келісімді сақтау, оған жаңа серпін беру мәселелері қамтылды.
Жиын барысында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Рухани келісім күнінің бастамашысы Төлеген Мұхамеджанов Рухани келісім күнін атап өту тарихына тоқталды. «Бүгінгі айтулы күннің тарихы 1992 жылы қазан айында Алматы қаласында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасынан басталды. Бірінші Дүниежүзілік рухани Келісімнің Конгресін өткізумен байланысты. Жиында шара қатысушылары жанжал мен қақтығыс­тарға мораторий жариялау, татуласу, жақыныңа мейірімділік пен көмектесу күні ретінде 18 қазанды Рухани келісім күні деп жариялауға шақырған. Бұл күн бүгінде өте үлкен маңызға ие. Елбасының бастамасын жалғастырып, күні бүгінге дейін атап өтіледі, бүкіләлемдік жиындар өткізілуде. Дүниежүзі елдері Қазақстанда Рухани келісім күнінің барына аса қызығушылық танытады, алдағы уақытта олар да бізден үлгі алып, ерекше маңызға ие күнді міндетті түрде күнтізбесіне қосады деп ойлаймын. Өйткені қандай жанжал, қақтығыс болмасын, адамдар бұл күні бас қосып, татуласады. Бейбітшілік пен келісімге келеді» дей келе, барша қатысушылар мен қазақстандықтарды мерекемен құттықтады.
Нұр-Cұлтан қаласы Дін мәселелерін зерттеу орталығы директоры Жанбота Қарашолақ рухани келісім идеясының ұлы Абайдың қара сөздерінде көрініс табатынын айтты.
«28 жылдан аса уақыт өтсе де, рухани келісім идеясын барша азаматтар қолдайды. Бұл еліміздегі дінаралық және ұлтаралық қақтығыстарды болдырмау үшін жасалып жатқан шаралардың бірегейі болып табылады. Шараны Н.Назарбаев орталығы және әкімдікпен бірлесіп, екінші рет өткізіп жатырмыз. Бүгін ұйымдастырылуында да үлкен мән жатыр. Біріншіден, Рухани келісім күніне орай. Екіншіден, осыдан он жыл бұрын өткен халықаралық форумға байланысты. Ал үшіншіден, қазан айында Мұхаммед (с.а.у) Пайғамбарымыздың туған күні. Қазан айы сондықтан қасиетті ай болып табылады. Негізі, алдағы уақытта жастар арасында рухани мәселелер қамтылатын түрлі шаралар ұйымдастырылу қажет. Оның негізі бүгінгі жиында шетелдік спикер айтқандай, Абайдың қара сөздерінен бастау алады» деп пікір білдірді ол.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 40 түрлі конфессия мен 130-ға жуық этнос өкілдері тұрады. Елімізде 3200-ге жуық діни ғимараттар, 4000-ға жуық діни бірлестіктер жұмыс істейді.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 + fourteen =