Романтизм бағытының ұлы өкілі

0 23

«Астана Опера» театрының үлкен залында атақты композитор Петр Чайковскийдің 180 жылдығына арналған симфониялық концерт өтті.Концертте Чайковский мен Сен-Санстың тамаша шығармалары ойналды. Кеш шымылдығы К.Сен-Санстың скрипка мен оркестрге арналған №3 концерті, си минор, op.61 таңдаулы туындысымен ашылды. Бұл француз композиторының техникалық жағынан күрделі, үздік партиясымен ерекшеленеді. Сондай-ақ бағдарламада Чайковскийдің скрипка мен оркестрге арналған меланхолиялық серенадасы, си-бемоль минор, op.26 шығармасы орындалды. Шынайы шабытқа толы бұл музыка жұртшылықты жылы әсерге бөледі.
Бұл тамаша туындыларды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің жетекшілігіндегі «Астана Опера» симфониялық оркестрі мен солист – танымал скрипкашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов орындады.
Маэстро Абзал Мұхитдин Чайковскийдің шығармалары әлемдік мәдениетке қосылған құнды мұра екендігін айтты.
– Ол – адамзат тарихындағы ұлы кемеңгердің бірі. Оны романтизм бағытының жарқын өкілі деуге болады. Композитордың шығармасы әлемде жиі ойналады. Ондағы бейнелердің шынайылығы, нәзік сыршылдығы, психологиялық тереңдігі, драмалық күш-қуаты, өмірлік шындығы – барлық тыңдармандардың жан дүниесіне жақын болып келеді, – деді белгілі дирижер.
Бағдарламаның екінші бөлімінде көрнекті тұлғаның №5 симфония­сы, ми минор, oп. 64 ұсынылды. Осы шығарманың негізінде композитор адам, тағдыр, жазмыш деген ұғымды нәзік талғаммен үйлестіріп, терең философиялық мәселені көтерген. Осы туындының тереңдігі ешкімді де бей-жай қалдырмады.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − 5 =