РИЯСЫЗ КӨҢІЛДЕР КӨПІРІ

0 94

АҒЫМДАҒЫ АПТА АҚПАРАТ КЕҢІСТІГІНДЕ АСТАНАНЫҢ АНКАРАДАҒЫ МӘДЕНИ КҮНДЕРІНІҢ ӨТУІМЕН ЕРЕКШЕ. ОСЫНАУ МАҢЫЗДЫ ШАРАҒА ЕЛОРДАЛЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯНЫ ӘКІМ ИМАНҒАЛИ ТАСМАҒАМБЕТОВ БАСТАП БАРДЫ. САПАРТОП ҚҰРАМЫНДА МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ, БЕЛГІЛІ ӨНЕРПАЗДАР, БАСПАСӨЗ ӨКІЛДЕРІ БАР.

Түркияның астанасындағы мәдени күндеріміздің негізгі іс-шаралары жұмаға сәйкес келді. Ең алдымен, Астана әкімі бастаған ресми топты Түркия Парламентінің төрағасы Джемиль Шешек қабылдады. Кездесу заң шығарушы орынның талай тарихқа куә ғимаратында өтті. Екіжақты пікір алмасу барысында Шешек мырза Астананы өз қалаларындай жақсы көретінін білдірді. Әсіресе Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа айрықша құрметпен қарайтынын анық аңғартты:

«Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстанның Президенті ғана емес, күллі түркі дүниесінің көшбасшысы. Бұл сөзді өз ба­сым үнемі қайталап жүремін. Аса мәртебелі Елбасының басқаруындағы елдің даму жолын ұдайы назарда ұстап отырамыз. …Мұндай кездесулер қос тарапты көңіліміздің көпірі іспетті».

Парламенттегі жүздесуден кейін астаналық мәртебелілер маршруты анкаралық мэрияға тартылды. Бұл жерде Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Анкара мэрі Мелих Гөкчек Ынтымақтастық хаттамасына қол қойды. Осынау рәсімге арналған жиында тараптар қарым-қатынасының өрісі жайын­да Гөкчек мырза былай деді:

«Анкара мен Астана 2001 жылы бауырлас қалалар жөніндегі құжатты рәсімдеген еді. Сол кезден бастап Анкарада Аста­на, Астанада Анкара күндерін өткізу ізгі дәстүрге айналды. Соңғы рет біз Қазақстанның бас қаласында қазақ елі тәуелсіздігінің жиырма жылдығы қарсаңында бас қостық. Астанада Ататүрік ескерткіші, Анкара саябағы, Ан­кара бақшасы ашылған болатын. Анкарада құрметті Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші бар. Осынау айтулы қадамдарды бүгінгі ынтымақтастық хаттамасы нығайта түсуі тиіс».

Жаңа құжатқа қол қою рәсіміндегі сөзінде Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов қазақ-түрік қарым-қатынасының маңызына екпін түсірді: «Тәуелсіздік таңы атқан шақта дербестігімізді ең әуелі мойындаған әрі қолдаған – Түркия мемлекеті. Мұны біз еш заманда да ұмытпаймыз. Бас қаламыз Алматы­дан Астанаға көшкен кезде де бізді қуаттаған, жәрдемдескен түрік елі болған. Біздің қуанышымызға ортақтасып, бүгінде Астанада 150-ден астам түрік компаниясының, қырықтан астам түрік-қазақ бірлескен компаниясының еңбек етуі – әрине, бағасыз қалмайтын үлкен шаруа. Миллионға жуық тұрғыны бар Астананың жүзден астам зәулім ғимаратын түрік компаниялары салды. Түрік халқының жеңіске, жетістікке толы жолы бізге белгілі. Сондықтан Түркияның үлкен жетістігінен болашаққа қызмет етерлік аз да болса, тәжірибе алуды көздейміз».

Қос тараптың уағдаластығында Бауырлас шаһарлардың мәдени күндерін бес жылда бір өткізіп тұру келісілді.

Астананың Анкарадағы мәдени күндерінен толыққанды мақаланы газетіміздің алдағы сандарынан оқи аласыздар.

Ерболат ТІЛЕКҚАБЫЛҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five + 2 =