Рим папасының ізгілік сапары

0 19

Тәуелсіздіктің 20 жылдығында еліміздің қоғамдық-саяси және діни іс-шаралары қатарынан елеулі орын алған, Қазақстанның діни ахуалындағы ерекше сапар ретінде тарих беттерінде қалған ерекше оқиға өтті. 2001 жылдың 22-25 қыркүйегінде сол кездегі Рим папасы ІІ Иоанн Павел мемлекеттік пасторлық сапары аясында қазақ жеріне аяқ басты. Орта Азияның жүрегінде орналасқан қасиетті елдің астанасына әкелген Құдайға ризашылығынан бастаған Ватикан басшысы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевпен кездесіп, Отан-ана алаңында месса атқарды.

Король Юзеф Войтыла тарихта ІІ Иоанн Павел деген атпен католик шіркеуінің басшысы ретінде 1978 жылы 58 жасында қасиетті таққа отырады. Бар ғұмырын адам құқығын қорғауға жұмсаған Ватикан басшысы авторитаризммен күрестің символына айналды.
1982 жылы Фолкленд аралдарына қақтығыс кезінде ол Ұлыбритания мен Аргентинаға барып, әлемде бейбітшілікті орнатуға шақырды. 2003 жылы Иракта соғыс басталғанда, ІІ Иоанн Павел кардиналдарының бірін Бағдатқа, енді бірін АҚШ президенті Джордж Бушпен кездесуге жіберіп, америкалықтар мен британдардың Иракқа шабуылын қатал айыптады.
Конфессияаралық қарым-қатынастарда II Иоанн Павел алдында өткен Ватикан басшыларынан көп артықшылығы болды. Ол басқа конфессиялармен сыйластық байланыс орнатудың дәстүрін жасап кетті. 1982 жылы рим-католик шіркеуінен ағылшын шіркеуінің бөлініп шыққалы бері 450 жыл толғанда, екі шіркеу басшылары алғаш рет бас қосып, понтифик пен архиепископ Кентерберийский екеуі бірлесіп Құдайға құлшылық етті.
Осы оқиғадан үш жыл өткен соң, тамызда ІІ Хасан корольдің шақыруымен Рим папасы Марокко­да елу мыңға жуық жас мұсылмандардың алдында сөз сөйледі. Ол христиан мен мұсылмандар арасындағы түсінбеушілік туралы әңгімелеп, жер шарында тұтас қауымдастықты құрайтын ұлттар мен халықтар арасындағы бейбітшілік пен бірлікті орнатуға шақырды.
1986 жылы католик тарихындағы алғашқылардың бірі болып папа Синагоганың табалдырығын аттады. Осы жолы ел аузында жиі айтылатын: «Сіздерді біздің сүйікті және біздің жасы үлкен бауырларымыз деп айтуға болады» деген қанатты сөзін айтқан еді. Осыдан кейін біраз жыл өткенде, Рим папасы Иерусалимде болып, иудаизмнің қасиетті көз жасы қабырғасына қолын тигізіп, Яд ва-Шем мемориалында болды. Осы жылдың қарашасында Ассизиде бірінші дінаралық кездесу өтті. Конфессияаралық қарым-қатынасты қолдауға бастаған понтификтің шақыруына түрлі христиандық конфессиялардан 47 делегация және 13 өзге дін өкілдері үн қатты. 2001 жылы 4 мамырда ІІ Иоанн Павел Грекияға барады. Рим-католик шіркеуі басшысының бұл сапары нысаналы болды. Көне тарихқа көз жіберсек, 1054 жылы христиан шіркеуі католиктік және православтық болып екіге жарылған еді. Осы оқиғадан екі күн өткенде папа Дамаск қаласына барып бейбітшілік үшін дұғасын оқып, Омейядтар мешітіне кіріп шығады.
2000 жылы 12 наурызда қасиетті Петр соборындағы жексенбілік мессия кезінде ІІ Иоанн Павел католик шіркеуінің адамзат алдындағы барлық күнәлары үшін көпшілік алдында кешірім сұрайды. Ол шіркеу қызметкерлерінің шіркеу­лердің арасын ажыратқаны үшін, діни соғыстары үшін, Американы күштеп евангелие дініне кіргізгені үшін түрлі ұлттық, жынысына қарап кемсітушілікке жол беріп, әлеуметтік және экономикалық әділетсіздіктің пайда болуына қатысы үшін кешірім сұрады. Осыған дейін бірде-бір дін не конфессия мұндай тәубешілікке бармаған еді. Жер бетінде ізгілік жолы қалған ІІ Иоанн Павел дүние салғаннан кейін әулиелер қатарына енгізілген.
Папа II Иоанн Павел Қазақстан және оның халқы туралы «Сіздердің ұлттық туларыңыздың түсіне қарап тұрып, Жаратушы Құдайдан туларыңызда көк түспен нышандалған беріктік пен ашықтық, алтын түспен күймеленген гүлдену мен бейбітшілік тәрізді игіліктерге қол жеткізулеріңізді тілеймін» деді Рим папасы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × one =