Режиссер Жақып Омаров

0 83

Қазағым дана халық қой. Дүниеге келген нәрестеге кейін әр қуанышында: «Қатарыңның алды бол. Өмірлік жолыңда тек жақсы адамдар кезіксін» деп бата беріп жатады. Батамен ел көгерер!

Өнер саласында жоғары оқу орнын бітіріп, барар театрым­ды таңдау жолында өзімнің ұстазым Райымбек Сейтметовтің алдына келдім. Ол кезде ағамыз мәдениет министрлігінде бөлім басқаратын. Сөйлесіп отырғанбыз, бір кезде кабинеттің есігі тарс ашылып, жарқырап бір кісі кіріп келді. Жылы амандасып, Райымбек ағаға келген шаруасын айтты, тіпті отыр­ған да жоқ, асығыс екен. Сол жерде аға мені оған таныстыр­ды. Әйгілі режиссер Жақып ­Омаровпен осылай таныстым. Менің жағдайым­ды айтып еді, ол бірден: «Мен Шымкентке Ж.Шанин атындағы театрға бас режиссер болып бара жатырмын, маған кел» деді де, құйындай қайта шығып кетті. Міне, жолыңда жақсы адамдар кездессін дегені осы екен ғой. Сонымен мен де қызыл чемоданымды алып, «Шымкент қайдасың?» деп жолға шықтым…
Жақып Омаров менің өнердегі өкіл әкем болды. Жақсы режиссердің қолына түскені – актердің бағы. Жалпы, ол кісі бірінші кезекте адами қасиеттерге қатты көңіл бөлетін. «Көрермендердің алдында кейіпкер арқылы шындықты жеткізу үшін өзің таза, мейірімді болуың керек» дейтін. Рөл бөлуге келгенде көп ойланып, толғанып дөп түсуге тырысатын. Мынаның өзі не көзі жақсы, ананың аға, көкесі бар демейтін. Жағымпаздарды тіпті маңына жолатпайтын. Таланты, еңбекқорлығы, шыншылдығы, адами тазалығына қарап рөл беретін. Ал таланты болып тұрып, сәл адасыңқырап бара жатқан актерлерге өзінің ағалық, әкелік қамқорлығын көрсетіп, ақылын айтып көмектесетін, тіпті қаржылай көмек керек болса, оны да беретін. Ал сахнадағы шығармашылық жұмысы бөлек әңгіме. Жұмыс барысында шығармашылықтан басқасын ұмытатын. Күнделікті өмірдегі ағамызды танымай қалатынбыз. Жұмыс барысында өте қатал болатын, бірақ режиссер ретінде сахнада дайындық барысында актерге кейіпкерін толыққанды түсініп жұмыс істеуіне көп көмектесетін. Ішкі жан дүниеңде өзің білмейтін небір қырлар ашылады. Әсіресе, театрға жаңа келген тәжірибесіз актерлерді немесе көп жылдар рөл ойнамай, сахнадан суып қалған актерлерді қайта жандандырған сәттері көп болды. Мәселен, С.Сейфуллин атындағы ­Қарағанды драма театрында У.Шекспирдің «Макбетін» қойып, басты рөлді 12 жыл сахнадан қол үзіп қалған Нұрмұхан Жантөринге сеніп берген. Қарағанды жұрты дүр сілкініп, бірнеше күнге созылған премьерада зал толық болған. Спектакльді көруге келген жұрттың легі кейін де тоқтамай, тіпті ­театрдың есігін бұзып кіргендер де болған.
Жұмыс істеу әдісі ерекше еді. «Мен педагог режиссермін» дейтін. Алдымен актерді эпизодтық рөлге салып, көп еңбектеніп ашып алатын, содан соң ғана басты рөл беретін. «Әр актердің өз спектаклі болу керек» деп айтатын. Басты рөлдегі актерді спектакль дайындық процесінен өтіп, премьерасы өткеннен кейін, ары қарай сол спектакльдің сапасына жауапты етіп қоятын, сонда актердің өз рөліне, көрермендердің алдына шығатын қойылымның еш ақаусыз өтуіне деген жауапкершілігінің қаншалықты арта түсетінін түсінетін шығарсыздар. Спектакль сондай жинақы, режиссердің айтпақ ойынан ауытқымай тамаша өтетін. М.Әуезов театрында алғаш болып Бикен Римованың «Абай-Әйгерім» пьесасын сахналаған, ілгерірек сол сахнада Қ.Аманжоловтың пьесасы бойынша қойған «Досымның үйленуі» комедия­сы Қазақ телевидениесінің «Алтын қорында» қалды. Басты рөлде КСРО Халық әртістері Сәбира Майқанова және Әнуар Молдабеков ойнады. Ж.Шанин театрында С.Шаймерденовтің «Ит ашуы» повесін инсценировка жасап, «Марғау үні» спектаклін шығарды. Бұл спектакльде басты кейіпкер ит болды. Қазақ режиссерлерінің ішінде ит арқылы сахнадан адамның қасиеттерін көрсеткен бірінші адам Жақып аға болды және неше жыл өтсе де мұны әлі күнге дейін ешкім қайталай алмай жүр.
Қойылымға таңдалған пьесаны алғаш үстел басында оқып, одан рөлдер алу, пьесаның идеясын, кейіпкерлердің қарым-қатынасын талқылау процесінде ұзақ уақыт отыратынбыз. Актерлердің сөз саптауы, кейіпкердің мақсаты, пьеса авторының айтпақ ойы, режиссердің қойған мақсаты, бәрі-бәрі толық талқылаудан өтпей, мизансценаға шықпайтынбыз. Міне, сол кезде Жақып аға нағыз педагог режиссер екенін көрсететін. Тіпті неше жыл сахнада жүрген тәжірибелі актерлер өздеріне жаңалық ашып жататын. Мен классик жазушыларымыздың мәтінін нақышына келтіріп, дұрыс үндеп оқуды сол кісіден үйрендім. Алғаш еңбек жолымды бастағанда сахнада тез сөйлейтін әдетім бар еді, одан да арылтты. Не деген қажыр, не деген жанашырлық десеңші! Актерді кейіпкерін толыққанды сезініп, кемеліне жетпей, сахнаға мизансцена құру дайындығына шығармайтын. Әр актерге жеке тоқталып, шаршамай жұмыс жасайтын. Кейде тіпті үзіліс беруді ұмытып кететін, өзіміз ақырын ескертіп, сұрап алатынбыз. Неге ақырын дейсіздер ғой? Өйткені ол кісінің шығармашылыққа берілгені соншалық, ойын бөлуге қимайтынбыз. Ал енді сахналық дайындыққа шыққанда, барлық жиған-түйгенімізді көрсетуге еркіндік беретін, көрермен залында актерлермен бірге толқып, дем беріп тұрушы еді. Кейде шыдамай сахнаға жүгіріп шығып, жетпей тұрған жерін өзі жасап, көрсетіп те жіберетін. Сонда кейіпкеріңді сырттан көріп, дайындықты жаңа тебіреніспен жалғас­тырасың. Осындай әртүрлі тәсілдермен актерлерді алға жетелеуші еді. Кейде ұрсып та алатын, ал кейде қасыңа келіп, терең қамқорлықпен сынын айтып кететін. Қалай дегенде де, іздену жолында өзі де тоқтамайтын және актерге де тоқтауға жол бермейтін. Кейін сол кезде Ақмола қаласы болған, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалы драма театрын ашқанда да осы үрдіс жалғасын тапты. Қазақстанның әр театрынан талантты актерлерді шақырып, үлкен ұжым құрды. Осы кішкентай сахнада небір үлкен қойылымдарды халық алдына шығарды. Бұл шаңырақтың астында Жақып Омаров ағамыздың бастауымен драма әртістері труппасынан басқа жеке әншілерімен Ұлттық ансамбль, аспаптар квартеті, эстрадалық ансамбль және қуыршақ театры ашылды. Жақып аға синтетикалық ­театр ашамын дейтін. Әттең бәрі дайын болған кезде өмірден өтіп кетті. Дала театры­ның бастамасын салып еді… Абылай хан бабамыздың 280 жылдығына, Бөгенбай батыр­дың 300 жылдығына, Тама Есет батырдың 325 жылдығына, Шақшақ Жәнібек, Бұхар жырау, Әйтеке би, Төле би, Қазыбек би бабаларымызға арнап, далада сол кезге сай декорациялар тұрғызды. Киіз үйлер көтеріп, актерлерді атқа қондырды, қолдарына найза, қылыштарын ұстатып, өзі де ат үстінде шапқылап жүріп, талай қойылымдар қойды және ол қойылымдар жай тойдың нышаны емес, толыққанды дала-спектаклі болып шығатын. Осындай жан-жақты, елім, жерім, қазағым деп бар өмірін халқы үшін сарп еткен үлкен жүректі режиссермен қызметтес болғанымды мақтан тұтамын!
Елордада Жақып Омаров көшесі бар. Режиссер тұрған үйдің қабырғасында естелік тақтасы орнатылған.

Гүлбаршын ҚЫЛЫШБАЙ,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері,
Қ.Қуанышбаев
атындағы драма театрының актрисасы, «Ерен еңбегі үшін»
медалінің иегері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five + ten =