«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ретті реновация рәсімі

0 296

Соңғы жылдары біз араласатын, өзімізге таныс кеңістіктегі қала шаруашылығында «реновация» деген термин жиі айтылатын болып жүр. Ол латын тілінен тәржімалағанда, «жаңарту», «қалпына келтіру», «жөндеу» деген ұғымды береді. Ал кең ауқымда алып қарағанда, құрылыс тұтас­тығын бұзбай жаңғырту, реконструкция жасау, реставрациядан өткізу, жақсарта түсу процесін тәспірлейді. Қазіргі таңда әлемнің көптеген ірі қалалары осы үдерісті бастан кешуде.

Сөз етіліп отырған реновация процесінің түрлері де көп. Ол өндірістік және азаматтық құрылыстан өзге, негізгі капитал саласындағы инновациялық жүйеде де, техникалық жарақтандырылуда да, автоматтандыру кешенінде де, жақын орналасқан нысандарды бір-бірлеріне жалғау мақсатында да жүзеге асырылуы мүмкін. Біз бүгін соның ішінде азаматтық құрылыс реновациясы жайлы ой қозғамақпыз. Ол, негізінен, елді мекендердегі үйлерді сүріп тастап, орнына жаңа нысандар салу жолымен жүзеге асып жатыр.
Реновация қаланың белгілі бір бөлігін жаппай қиратып, орнына басқа сондай нысандар салуды мақсат тұтпайды. Ол ретті, кезегімен, жөнімен болғанда ғана көздеген мұратына жетеді. Мұндай процеске Астана бая­ғыда көшіп кеткен. Ол Есілдің оң жағалауындағы ескі үйлерді қирату жолымен жүзеге асты. Мұның сүргіні бұрынырақта халықты баспанамен жеделдете қамтамасыз ету мақсатында соғылған «хрущевка» деп аталған төрт қабатты үйлерді бұзудан басталды. Шынында, бұдан 50-60 жыл бұрын уақытша мекен ретінде салынған бұл үйлер, қазіргі заманғы талап тұрғысынан қарағанда, тұрмысқа қолайсыз еді. Одақты Н.С.Хрущев басқарып тұрған кезде қатарға қосылған бұл үйлер соғыстан кейінгі жылдары пайда болған барақтар мен коммуналдық үйлерде тұрып жатқан адамдарды олардан гөрі дұрысырақ пәтерлерге қоныстандыру үшін көтерілді. Бірақ олардың орнына жаңа жайлар салып, тұрғындарды кейін басқа жайлырақ үйлерге көшіру жөніндегі ниет сол күйі орындалған жоқ. Жұрт көлемі тар, жуынатын бөлмесі мен әжетханасы жоқ осы үйлерден шыға алмай қалды.
Әлбетте, реновация қала келбетін дамыту мен оны жаңа сипатта жасауға орасан зор мүмкіндік алып береді. Ондағы ең басты мәселе сүрілетін үйлердегі тұрғындардың жеке келісімдерін алу болып табылады. Елордада жоғарыда аталған баспаналардан бөлек, солардың қатарындағы көптеген жер үйлер де бұзылды. Бастапқы кездерде оларда тұратын отбасыларға жан басына қарай әртүрлі бөлмелі пәтерлер берілген. Бірақ кейін әркімнің үйі­нің құны жеке есептеліп шығып, соған тиесілі ақша төлене бастады. Бұл жағдай тұрғындар тарапынан біраз реніш те туғызды.


Енді әлемдік тәжірибеге көз жүгіртіп көрейік. Қазіргі күндері Ресейде елдің барлық қаржы ресурстары алдына осы заманғы астана атану міндетін қойған Мәскеуді жаңғыртуға жұмсалып жатыр. Кремльді қалада қолайлы өмір сүрудің барлық алғышарттарын жасауға талпыныс бар. Осы мақсатта мұнда жолдар мен тротуарлар жақсартылып, жасыл желекті аймақтар мен белдеулер көбейтілуде. Бірақ қала басшылығының адам тұруға жарамайтын бірқатар ескі үйлерді алып тастау жөніндегі шешіміне тұрғындардың біразы қарсы шығып, жұмысты ақырына дейін апаруға қатты қарсылық білдірді. Сөйтсе, бұл кісілер содан кейін өздерін далаға қалдырып кетеді деп қорқады екен. Себебі Думада бірінші оқылымда қабылданған реновация туралы заңда тұрғындар құқықтарын аяққа басатын баптар бар көрінеді. Олар осыны қайта қарауды талап етіп отыр.
Ал Еуропа елдерінің көпшілігінде ескі үйлерді жаппай сүріп тастап, орнына жаңасын салу үрдісі жоқ. Неге? Себебі олардағы бұдан 200 жыл алдын салынған табандары тас үйлер әлі де пайдалануға жарайды, сәулеттік шешімі қаланың көркін көтермесе, ешбір төмендетпейді, жалпы ансамбльдің тұтастығына нұқсан келтірмейді. Ондай іргелері берік үйлер Мәскеу мен Санкт-Петербургте де аз емес. Дәл сондай екі ғасырлық тарихы болмағанымен, жүз жылдық ғұмыры бар жақсы қалыптағы ғимараттар Алматыда да кездесіп қалады.
Дегенмен соңғы жылдары кәрі құрлықта реновация үрдісіне үн қатып, ішінара өзгерістерге ілінген елдер шыға бастады. Айталық, 2014 жылы фин үкіметі Хельсинкидің бірқатар шағын аудандарында өткен ғасырдың 60-ыншы жылдары бой көтерген бес қабатты үйлерді қиратуға ұйғарым жасады. Олар ел астанасында тұрғындар саны күрт өсе бастауына байланысты 30 жылдық мерзімге есептеліп салыныпты. Бірақ жайы мен жағдайы «хрущевкалардан» анағұрлым артық. Соған қарамастан, билік бұл қоныстарды жойған жөн деп тапқан. Сөйтсек, оларды күрделі жөндеуге жұмсалатын қаржы әрбір үйдің нарықтағы бағасынан 80 пайызға асып кетеді екен. Сондықтан үкімет мұндай шығынды жайларды қиратып, тұрғындарды жаңа үйлерге көшіру әлдеқайда арзанға түседі деп шешкен.
Мұндай реновациялық бағдарламалар қазіргі таңда Дания, Нидерланд және Германия секілді елдерде де қолға алынды. Германияда бұл науқан елдің шығыс бөлігінде, яғни бұрынғы ГДР аумағында ғана жүрді. Олардың бәрін кеңес билігі кезінде салынған панельді үйлер құрады. Бірақ барлық нәрседе ұқыптылық танытатын немістер ескі ғимараттардың бәрін бірдей түре көтеріп, сүріп тастаған жоқ, адам танымастай етіп реконструкция жасап шықты. Осылайша, бес қабатты үйлер үш қабатты болып шыға келді, кейбір үйлердегі кіреберістер саны екі есе азайтылды, алдыңғы қасбеті жаңадан жасалды. Бұлардың кейбірі көлемі ұлғайтылып, кең ауқымды апартаментке айналдырылды, жоғарғы қабатына балкон қосылды, базбірінде тіпті шағын бақ пайда болды.
АҚШ-та реновация үдерісі бәрінен бұрын басталған еді. Негізі, жұртты жаппай арзан үйлерге көшіру тәртібі мұхиттың арғы бетінде сонау 30-ыншы жылдардың басында орын алған Ұлы депрессия кезінде жүзеге асты. Елді Теодор Рузвельт басқарып тұрған тұста кедей отбасылары бір қабатты, ваннасы, асүйі және жылыту жүйесі бар 3-4 бөлмелі жер үйлерді тиын-тебенге сатып алып еді. Екінші дүниежүзілік соғыстан соң Дуайт Эйзенхауэр үкіметі 1950 жылдан бастап жыл сайын жаңағыдай коттедждердің орнына 20-30 мың көп қабатты үйлер салуды қолға алып, реновация революциясын жасады.
Құрама Штаттарда мұндай үрдіс әлі жалғасып келеді. Қазір үйлерді бұзып, орнына жаңа нысандар тұрғызуды штаттардың биліктері өздері шеше береді. Осылайша, 2013 жылы Нэшвилл штатында 600-ге жуық тұрғын үйлер сүрілген. Мичиган штатының Детройт қаласында 2014 жылы межеленген 40 мың үйдің 11 мыңы қиратылып, орындарына жаңа қоныстар салына бастаған.
Реновация толқынынан Түркия да шет қалған жоқ. Мұнда билік 90-ыншы жылдары Анкара мен Ыстанбұл маңайында орналасқан «геджеконду» деп аталған бір қабатты үйлерді жаппай жоюға кірісті. Олардың бәрі жұрттың «бір түн қонып шығу үшін» деген мағынада өз беттерінше, рұқсатсыз салып алған, шын мәніндегі лашық іспеттес тұрғынжайлары еді. Оларда тұратын отбасыларының бәріне жан басына қарай жай беріліп, алынған жерлерде сәулетті шағын аудандар бой түзеді. Соңғы 30 жылдың ішінде Қытайдың барлық ірі қалалары іс жүзінде түгел дерлік бұзылып, тұтас жаңадан жасалып шықты. Сөйтіп, 129 млн жаңа үйлер тұрғызылды. Тек 2005-2010 жылдары ғана Шын елінде тұрғын үй қорының 16 пайызына демонтаж жасалды.
Тұтастай алғанда, реновация­ның қала келбеті мен кескінін керемет етіп өзгерте алатыны рас. Ол – табиғи процесс. Алайда оны дәуір талабына сай жасай білу оңай емес. Бұл жерде салаға қатысты білікті мамандардың ақыл-кеңестері мен көмегі ауадай қажет. Ең бастысы, ол қаланың бас жоспары негізінде жасалып, белгілі бір архитектуралық бағытқа бағынуы тиіс.

Серік ПІРНАЗАР

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды