«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ресми құжаттарға апостиль қойылады

0 477

Соттар жыл сайын әртүрлі даулар мен мәселелерге байланысты түрлі шешім қабылдайды. Олардың кейбіреулері біздің елден тыс, яғни шет жерлерде де талап етілуі мүмкін. Қандай да сот актісі ресми құжат мәртебесіне ие болу үшін,  яғни ол шет мемлекеттерге жолданар алдында міндетті түрде заңдастырылады, апостиль қойылады.

Ал, апостиль дегеніміз не?
Апостиль – заңдастырудың осындай нысанын танитын елдер аумағында ұсынуға арналған құжаттың заңдылығы туралы ақпаратты толтырудың халықаралық стандартталған нысаны. «Апостиль» мөрі құжаттардың түпнұсқалары мен көшірмелеріне қойылады.
Апостильденген құжат  аттестациялауды немесе заңдастыруды талап етпейді және оны Конвенцияға қатысушы барлық мемлекеттің ресми органдары мойындайды.
Сондай-ақ, сот шешімдерін орындау әрі сот тапсырмаларын басқа елге жолдау кезінде, сол елмен Қазақстан арасында ешқандай келісім болмаса, ол ел Гаага конвенциясының қатысушысы болмаған жағдайда соттың құжаттарына апостиль қойылуы қажет.
Әлемнің көптеген елдері, соның ішінде Қазақстан 1961 жылғы 5 қазанда Гаага конвенциясына қосылып, құжаттарды апостиль қою арқылы жеңілдетілген түрде заңдастыру мүмкіндігіне те болды.
Айта кететіні, 2013 жылы 15 сәуірде мемлекеттік қызмет көрсету туралы заңы қабылданды. 2015 жылдың 30 сәуірінде «Сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою» стандарты бекітілді.
Солдан бері осы қызметті Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы сот қызметін қамтамасыз ету департаменті атқарылып келді. Құжаттарға апостиль қою үшін еліміздің кез келген өңірінен тікелей сотқа жүгініп немесе сол өңірдің халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 20 күнтізбе күні ішінде жүзеге асырылатын.
Мысалы, ажырасу туралы сот шешімін шетелде некеге тұру мәртебесін растау ретінде ұсынады.
Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылдың 31 ақпанындағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында мемлекеттік қызмет көрсету үдерісін мейілінше оңтайландыру, яғни, құжаттардың мерзімі мен тізбесін қысқартып, құжат алмасудың электрондық форматқа көшуі айтылды.
Жолдауды іске асыру аясында, осы аталған қызметті халыққа 2018 жылдың 13 қаңтарынан бастап  «Астана қаласы бойынша соттар әкімшісі» мекемесі көрсетуде.
Яғни, еліміздің барлық өңірлерінде сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою үшін сол өңірдің соттар әкімшісіне тікелей барып, немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарының филиалдарына жүгінуге болады.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, Астана қаласының соттар әкімшісіне ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында Ресей, Германия, Түркия, Италия, Испания, Израиль, елдеріне ұсыныдған сот шешімдеріне апостиль қою үшін 38 арызданушы жүгінген. Оның 4 арызы кемшіліктерді жою үшін кері қайтарылды.
Бүгінде, халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы құжатқа апостиль қою мерзімі 20 күнтізбелік күннен, 5 күнтізбелік күнге дейін қысқартылды.
Апостиль қойылатын құжат үшін бір айлық есептік көрсеткіштің 50 % мөлшерінде мемлекеттік баж салығы алынады. Яғни, 1202 теңге 50 тиын.
Апостиль қою үшін арызда қандай ақпарат көзделу қажеттілігі және ұсынылатын құжаттар тізімі Астана қалалық сотының ресми сайтында «Мемлекеттік қызметтер) бөлігінде орналасқан (http://astana.sud.kz/rus/content/utverzhdennyy-standart-i-reglament-gosudarstvennoy-uslugi).
Арызды қабылдау «электронды кезек» тәртібінде жүзеге асырылады. Көрсетілетін қызметті алушының қалауы бойынша қабылдау «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы электронды кезек брондалуы мүмкін.
Алайда, ұсынған құжаттар немесе олардағы мәліметтер анық болмаса, мемлекеттік баж салығы дұрыс төленбесе, қызмет көрсетілмейді.

 

Нұрсұлтан ДҮЙСЕМБИЕВ,
Астана қаласы сотының талдау және
жоспарлау бөлімінің басшысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды