Ресей вакцинасы зауалға дауа ма?

0 42

Әуелгіде әлемді жайлаған алапат індеттің тоқтамы жоқтай көрінгені рас. Күллі әлем күтпеген зауалдан астаң-кестең боп жатқанда, адамзат болашағы бұлыңғыр көрінген. Әйтсе де, дерттің дауасын елден бұрын Ресей тапты. Бес ай бойы түрлі сынақ пен тәжірибеден өткен вакцина «Спутник V» деп аталады.

КОРОНАВИРУСҚА ҚАРСЫ БІРЛЕСКЕН КЕЛІСІМ

COVID-19-ға қарсы вакцинаны іргелі елдер жанталаса іздестіріп, жұмыла жасап жатқанда, оның ең бірінші болып тіркегенін ­Владимир Путиннің өзі мәлімдеді. Инфекциядан қорғайтын бұл препарат Ресейдің Денсаулық сақтау министрлігіне қарас­ты Н.Гамалея атындағы Ұлттық эпидемиологиялық және микро­биологиялық зерттеу орталығы дәрі-дәрмек зауытында шығарылған. Әзірге «Спутник V» екпесі үшінші сынақтан әлі өткізілген жоқ, сонда да қыркүйек айында ресейлік медицина қызметкерлеріне салынады.
Көршілес мемлекеттің бұл жетістігін Қазақстан да жоғары бағалады. Өйткені бізге ғана емес, бүкіл әлемге керегі бірінші кезекте әлемнің іргелі елдерінің арасындағы көрсоқыр бәсекелес­тік емес, өкпеден қысқан өлімді дерттің дауасының табылғаны еді. Сондықтан да алғашқылардың бірі болып бұл жаңалықпен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтап, Владимир Путинге жеделхат жолдады.
«Бұл оқиға Ресей ғылымының жоғары әлеуеті мен беделін нақтылай түсті. Ресейдің осы жаһандық қауіп-қатерге қарсы күрестегі жетекші рөл атқаратынын көрсетті. Әлемде қалыптасқан осынау қиын-қыс­тау кезеңде Қазақстанға үнемі қолдау көрсетіп, оның ішінде гуманитарлық көмек беріп және еліміздегі санитарлық-­эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруына үлкен үлес қосқан дәрігерлерді біздің елге жібергеніңізге ризашылық білдіреміз. Тамыз айының екінші жартысында Үкіметтік делегация ресейлік вакцинаны сатып алу мәселесін талқылау үшін Мәскеуге барады» делінген жеделхат мәтінінде.
Осылайша, жедел жасақталған делегация Ресей астанасына кеше аттанып кетті. Оны ­Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр басқарып барды. Бұл сапарда Ресей Үкіметі өкілдерімен түрлі кездесулер өткізіліп, онда өнеркәсіптік коо­перацияның өзекті мәселелері, барлық клиникалық сынақтар өткізілген жағдайда халықты тегін және ерікті түрде иммундау үшін COVID-19 вакцинасын сатып алу және қолдану мәселелері талқыланды. Соның ішіндегі ең негізгісі Роман Васильевичтің өнеркәсіптік кооперация және фарминдустрия саласындағы ынтымақтастық мәселелері бо­йынша РФ Өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуровпен талқылау өткізді.
Сапар аясында Ресейдің тікелей инвестициялар қоры мен «СҚ-Фармация» арасында «Спутник V» вакцинасының кепілдік берілген көлемін сынақтардың барлық сатыларынан өткеннен кейін бөлу туралы өзара түсіністік туралы келісімге қол қойылды. Соған сәйкес Қазақстан үшін қажетті вакцина көлемін Н.Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығы жүргізуге дайын екендігі мәлім етілді. Бұл ретте, қауіп тобына кіретін қазақстандықтар үшін иммундау тегін және ерікті негізде жүргізіледі және вакциналау барлық клиникалық сынақтардан өткеннен кейін ғана мүмкін болады.
Сапар аясында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мен РФ Денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашконың арасында келіссөздер өтті, оның барысында коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күрестегі өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды, нәтижесінде ведомстволар арасындағы одан әрі ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойылды.

СЫРТ КӨЗ – СЫН КӨЗ

Вирусологтар Ресейдің «Спутник V» вакцинасын оның коронавирусқа қарсы толық әсерін анықтағанға дейін қолдану туралы жоспарына алаңдаулы. Сарапшылар коронавирус клиникалық сынақтың үшінші фазасынан өтпеген ресейлік вакцина біртіндеп вирустың мутациялануына әкеп соғуы мүмкін екенін айтады. Бұл туралы Reuters агенттігіне ғалымдар мәлімдеген.
«Вакцина тиімді екеніне көз жеткізсек дейміз. Біз оны шын мәнінде білмейміз» дейді АҚШ-тағы Вандербильт университетінің медициналық мектебінің педиатрия профессоры және вакциналар бойынша сарапшысы Кэтрин Эдвардс. Оның айтуынша, вакцинаның вирусқа қарсы әсері, оны бұғаттауы немесе үйренісіп кетуі әсері «үнемі алаң­даушылық туғызады».
«Әсер етпейтін вакцинаны қолданудың түрлі ықтимал тә­уекелі болады. Вирус мутацияланады деген тәуекел – теориялық тәуекел» дейді Бостондағы медициналық орталықтың маманы Дэн Барух.
Ал өз кезегінде «Спутник V» вакцинасын дайындағандар қауіпсіз екенін және екі ай клиникалық сынақ оның тиімді екенін дәлелдегенін айтады. Алайда зерттеу нәтижесі жарияланбағандықтан, көптеген Батыс ғалымы оған күмәнмен қарап отыр.

ВАКЦИНА ПАНАЦЕЯ ДЕУГЕ ӘЛІ ЕРТЕ МЕ?

2020-2021 жылдардың желтоқсан-қаңтар айларында Ресей айына 5 миллион вакцина шығару жоспарлап отыр. Олар өндіріс қуатын осы деңгейге жеткіземіз дейді. Бұл туралы таяуда Ресей Федерациясының Денсаулық сақтау министрі ­Михаил Мурашко өзі өткізген баспасөз брифингінде мәлімдеді. Вакцинаны жасап шығарушы ғалымдар қатысқан жиында әлемдегі эпидемиологиялық ахуал сөз болып қана қоймай, ғылымдағы бетбұрыстар да талқыланды. Олар вакцинаның толықтай қауіпсіздігіне кепілдік беріп отыр. Айтуынша, бұл екпе биологиялық негізде, бұрыннан қолда бар, ғылымға белгілі материалдардың құрамынан жасап шығарылған екен.
Вакцинаның алғашқы партиясы қыркүйек айына дейін өндірістен шықпақ. Медицина қызметкерлері алғашқы егуден өткеннен кейін, одан әрі тәжірибені жалғастыру үшін кез келген жастағы, кез келген мамандық иелері сынаққа тартылады.
Бір қызығы, осы жиында ­министр жаңашылдық туралы паш ете отырып, медицина қыз­меткерлерін және созылмалы ауруы бар адамдарды қарапайым тұмауға қарсы екпе жасауды да ұмытпауға шақырды.
«Семіздікке бейім, жүрегі ауыратын, өкпесі ауыратын немесе диабетпен сырқат адамдарға тұмауға қарсы вакцина салғызуды кеңес етемін. Әсіресе, медицина қызметкерлеріне осы шараға жауапкершілікпен міндетті түрде қатысқаны дұрыс. Тұмауға қарсы вакцинация медициналық мекемелер персоналын 80-85 пайызға дейін қамтуы тиіс» деді ол.
Жоғары мінбеден айтылған мұндай уәждің жаһандық жаңашылдықтың тасасында қалып қойғанмен, былайғы сыншыл жұртты екіұдай күйде қалдырғаны рас.

СӨЗ СОҢЫ

Еліміз де әлемдік үрдістен қалыспай, пандемияға қарсы өз сүңгісін кезеніп жатқаны белгілі. Хал-қадірімізше екпе жасап, сынақтан өткізіп жатырмыз. Таяуда осы қазақстандық COVAX-19 вакцинасының клиникалық кезеңі сәтті аяқталған болатын. Қауіпті кеселге қарсы екпе екі миллионнан аса отандасымыз­ға тегін беріледі деп жоспарланған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 + seven =