Ресей мен АҚШ текетіресі өзінің шарықтау шегіне жақындап қалғандай

0 274

Батыс пен Шығыс арасындағы текетірестің тегеу­ріні барған сайын күшейіп келеді. Оның жуыр маңда беті қайтып, бәсеңге түсетін түрі жоқ. Екі жақ та мәміле уәжібіне тоқтайтын емес. Қарама-қарсылық тараптардың бір-біріне санкция салуы бойынша да, қазіргі заманғы озық қару-жарақ түрлерінің шеруін жасауы арқылы да, сөзбен қағысудан бір-бірінің уәждерін тән алмау сипатында да көрінуде. Мұны таяуда аяқталған Валдай клубы форумының қорытындысында сөйлеген Ресей президенті Владимир Путин де, сенбі күні қару-жарақ шығаруды шектеу жөніндегі келісімнен шығатынын мәлімдеген АҚШ президенті Дональд Трамп та байқатып берді.

Әуелде сәуір айында Британияның Солсбери кентінде орын алған «Скрипальдер ісінен» басталған бұл салқын қабақ артынша Сирияның Дума елді мекенінде жасалды деп есептеліп отырған химиялық шабуылға барып тіреліп, екі жақты қарым-қатынасты одан бетер салқындата түсті. Негізі, бұл жерде нақты қай тараптың кінәлі екенін тап басып, дөп табу оңай емес. Олай дейтініміз, бұған Ресейді кінәлап отырған Лондон Мәскеудің қылмыстың ізін бірлесіп іздейік деген өтінішіне құлақ аспай отыр. Сирия жөнінде де осыны айтуға болады. Бұған қоса, осы кезге дейін өз тұжырымдарын дәлелдеп бере алатын бірде-бір нақты айғақ ұсына алған жоқ. Соған қарағанда, бұл оқиғалар Батысқа себеп емес, тек сылтау үшін ғана керек болған сияқты.
АҚШ президенті Дональд Трамп сенбі күні кешке Вашингтонның Ресеймен арада жасалған орта және жақын қашықтықтағы ракеталарды жою жөніндегі келісімнен (ОЖҚР) шығатынын мәлімдеді. «Біз келісімнен шығып, жаңа қару жасауға кірісеміз» деді ол. Ақ үйдің қожайыны осылай жасағанның жөн болатынын, себебі Ресейдің бұл келісімді бұзып отырғанын айтты. Трамп сонымен қатар егер Ресей мен Қытай жаңа келісім жасасуға келісетін болса, қару жасаудың тоқтатылатынын да жеткізді. Ал дүйсенбі күні Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтон Ресейге келген сапары барысында осы туралы ресми мәлімдеме жасады. Британияның The Guardian газетінің жазуынша, негізі, аталмыш келісімшарттан шығуды табандатып талап етіп келген осы ақылманның өзі екен.
ОЖҚР келісімшарты 1987 жылы қабылданды. Ол тараптардың радиусы 500-ден 5500 шақырымға дейінгі қашықтықты құрайтын қанатты ракеталар мен жерден көтерілетін баллистикалық ракеталар иемденулеріне тыйым салды. Вашингтон 2014 жылғы шілдеде бірінші рет ресми түрде Ресейдің бұл талапты бұзып отырғаны туралы сөз қозғады. Бұл мәселе бұдан кейін де бірнеше рет айтылды. Бірақ Мәскеу мұны үзілді-кесілді жоққа шығарып, АҚШ-тың өзіне қарсы кінәрат тақты.
Ал Трамптың позициясын Ұлыбританияның қорғаныс министрі Гэвин Уильямс қолдады. Оның айтуына қарағанда, Ресей ОЖҚР келісімшартын мазаққа айналдырып жіберген. «Біз АҚШ-тың бұл қадамын Ресейдің өзі қолын қойған келісімшартында атап көрсетілген міндеттемелерін бұлжытпай орындауы үшін берілген дабыл ретінде шешімді түрде қолдаймыз» деді ол. Осы жайында жеткізген «Financial Times» газеті жоғары лауазымды шенеуніктің деректеріне сүйене отырып, Ақ үйдің бұдан әрі стратегиялық шабуыл қаруларын шектеу жөніндегі (СШҚ-III) келісімшарттан шығудың мүмкіндіктерін қарастыратынын баяндайды. Бұл құжатқа 2010 жылы екі елдің сол кездегі президенттері Дмитрий Медведев пен Барак Обама қол қойды.
СШҚ-III келісімшарты Ресей мен АҚШ-та бар ядролық оқтұмсықтардың санын шектеуді меңзейді. Ол 1991 жылы лидерлері АҚШ пен Ресей болып, бірнеше ядролық мемлекеттер басшылары қол қойған СШҚ-I келісімшартын алмастырды. Соңғы келісім 2011 жылдың 5 ақпанында күшіне енді. Оның әрекет ету мерзімі 2021 жылы бітетін еді. Шарт бойынша оны тағы бес жылға одан әрі созуға болатын-ды.
Қазір Ресейдің сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың ОЖҚР келісімшартынан шығатыны туралы мәлімдемесін қатты алаңдау­шылықпен қарсы алып отыр. Қорғаныс министрінің орынбасары Сергей Рябков мұны Құрама Штаттар тарапынан болып отыр­ған бопсалау деп түсіндірді. Оның ойынша, Вашингтон осы арқылы Ресейдің халықаралық қауіпсіздік пен стратегиялық тұрақтылық саласында шегініс жасауға мәжбүр болуын көксейді. Рябков сондай-ақ АҚШ-тың Ресей ОЖҚР жөніндегі келісімді бұзып отыр деп байбалам салуына ешқандай негіз жоқ екенін айтады. «Өздерінің ойдан шығарылған бұл айыптауларын олар айқын түсіндірмелермен жеткізіп, мұның қандай себеппен жасалып жатқанын ұғындырып бере алмады» дейді ол.
Жалпы, Пентагон өткен жылдың наурыз айында алғаш рет Ресейді жерден көтерілетін ракеталарды жетілдіруді қолға алды деп айыптаған болатын. АҚШ қорғаныс министрінің пікірінше, бұл ОЖҚР келісімшартын бұзғандық болып есептеледі. Мұның НАТО қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағы тағы бар. Кремль сонда барлық айыптауларды жоққа шығарып, өзінің міндеттемені қалтқысыз орындап келе жатқанын уәж еткен.
Ал 2017 жылдың жазында бір топ конгрессмен Ақ үйге АҚШ-ты ОЖҚР келісімшартынан шығаруды ұсынды. Осыған ұқсас жобаны сенатор Том Коттон дайындады. Бірақ ол кезде Трамп әкімшілігі келісімшарттан шығудың жан-жақты қарулануға алып барып соғатынын себеп етіп, ұсыныстан бас тартқан еді. Сонда Пентагон мен мемлекеттік департамент өкілдері келісім шарттарының «елдің ұлттық қауіпсіздігі мүдделеріне» сәйкес келетінін айтып, өрекпіген топты тоқтатқан болатын.
Алайда арада бір жылдан сәл ғана астам уақыт өткенде бұл берік байламның өзінің күлі көкке ұшқалы тұр. АҚШ басшысы өзінің бір ауыз сөзімен-ақ жылдар бойы әлем тыныштығы тірегінің бірі болып келген ұстынды әп-сәтте лақтырып жібермекке бекінді. Мұның бәрінің әлемді қайтадан ядролық апат үрейіне алып келетіні айтпаса да түсінікті. Келісім бұзылып, екі держава ядролық қаруды көбейтуге бет алса, бітпес бәсеке басталса, мұның өзі санкциялар құрсауындағы Ресей экономикасын тығырыққа тіреп, болдыртуы әбден мүмкін…
Бұдан бірер күн бұрын Валдай клубының XV съезінен кейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездескен Владимир Путиннің сөздері де жаһанды бейбіт қатар өмір сүруге шақырып, жұртты тыныштандыра қоятындай лебіз болмай шықты. Оның аузынан естілген пікір керін «ә дегенге мә дегеннің» тұлғасын танытты. Форумда бес жылдың ішінде бірінші рет басты тақырып әдеттегідей негізінен халықаралық мәселелерге емес, Ресейдің өз төңірегінен өрбіді. Оның панельдік пікірталастарына алғаш рет Ресей министрлері қатысқан. Жиынның шарықтау шегі Владимир Путин қатысқан пленарлық сессия болды. Аяғы кейін баспасөз мәслихатына ұласып кететін басқосуда, әлбетте, көптеген халықаралық мәселелермен қатар, АҚШ–Ресей қарым-қатынасының қазіргі жайы да сөз етілді. Осы ретте ол Дональд Трамппен кездесулердің жайына да тоқталып өтті. «Біздің кездесулеріміздің құнын кемітуге әрекет барына қарамастан, бір-бірімізге сырттан айбат көрсетуден гөрі, өзара ұшырасып тұрғанымыз әлдеқайда артық» деді Путин. Жиында басқосушылардың барлығы бірдей оның Ресей әлемде ешкімге проблема туғызып отырған жоқ деген байламына келісе қойған жоқ. «Ал Қырым ше?» деп сұрады бір журналист. «Қырым – біздің территориямыз, – деді сонда Путин. – Мұнда кіл демократтар отыр ғой. Демократия дегеніміз не? Бұл – халық билігі. Ендеше, қырымдықтар да өздерінің Ресей құрамында болғылары келетіндерін білдірген».
Жиында сұрақтардың басым көпшілігі елдің ашықтан-ашық жаулыққа қалай қарсы тұрмақшы болып отырғаны турасынан өріс алды. Осыған орай жүргізуші Владимир Путиннен Ресейдің бүгінде бәрінен бұрын неден қорқатынын сұрады. Бұған президенттің жауабы қатқыл да нақты шықты. «Ештеңеден, – деді Путин жұлып алғандай. – Біз, жалпы, ештеңеден қорықпаймыз. Мынадай территориясы, мынадай қорғаныс жүйе­сі бар ел, өзінің тәуелсіздігі мен егемендігін қорғауға – Отан үшін өмірін қиюға дайын тұрған мынадай халқы бар ел әлемде кездесе бермейді. Ол бізде ғана бар. Оған ешкімнің де шамасы келмейді. Міне, осы бізге сенім ұялатып, өзімізді жақсы сезінуімізге мүмкіндік береді».
Әңгіме Ресей мен АҚШ арасындағы текетірес жайына келгенде, Владимир Путин бүкіл әлем жұрты ішін тартып, солығын басатындай ойлар айтып қалды. «Біздің ядролық соққы беру ниетіміз жоқ, – деді ол. – Біздің ұстаным – берілген соққыға жауап қайтару. Иә, біз бұл сәтті, әлдекімнің ядролық соққы жасайтын кезін өзіміз күтеміз, өз бетімізше ештеңе жасамаймыз. Бірақ сол кезде басқыншы бәрібір жазаланатынын, өзінің жойылып кететінін білуге тиіс. Біз – басқыншылық құрбанымыз. Сосын біз азап шегушілер ретінде бірден жұмаққа барамыз, ал аналар болса, жәй өле салады. Себебі олар өкініп те үлгере алмай қалады».
…Кез келген адамға төбеден біреу мұздай су құйып жібергендей әсер ететін бұл сөздердің салмағы соншалықты ауыр. Санаға оңайлықпен сіңе қоймайды. Осы жолдардың өзі Ресей мен Батыс арасындағы текетірестің әлі ұзаққа созылатынын аңғартатындай…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды