РЕПРЕССИЯҒА ІЛІКПЕГЕН ХАЗІРЕТ

0 155

Қазақ ауылында коммунистік идеологияның тарауына басты кедергінің бірі – мұсылман діні екендігін партия-кеңес органдары жақсы түсінді. Сондықтан 1929-1931-жылдардағы көтерілістерге байланысты жазалау көрнекті дін басыларды түгелдей қамтыды. Тұтқындалғандардан бірде-бір дін басы ақталып босатылмаған.

 Тек, Бостандық, Тақтакөпір, Созақ, Сарысу, Талас, Батпаққара, Балқаш және Шоқпар көтерілістеріне байланысты істерді қараған кездерде ғана ОГПУ үштігі сегіз ишан мен молданы ату жазасына кесуге үкім шығарған. Ал 12 молда әртүрлі мерзімдерге сотталған және жер аударылған. Осы жылдарда Қазақстанда 198 шіркеу мен мешіт жабылған. Тек 1940 жылы бір ғана Қарағанды лагерінде 355 дін қызметкер жазасын өтеп жатыпты.

* * *

Сөйтіп, сталиндік қуғын-сүргін науқанында мұсылман дінінің көрнекті қайраткерлері түгелдей дерлік ұсталып, шетінен атылды не­месе итжеккенге айдалып, жарық дүниемен сол жақта қош айтысып жат­ты. Бірақ сол қиын-қыстау кезеңнің өзінде жер аударылмай, түрмеде іріп-шірімей хазірет деген діни лауазымға ие болғандардың ішінен репрессияға ілікпей аман қалған жалғыз адам Жармұхаммед (1885-1960) деген кісі екен. Осы ірі оқымысты молданың баласы – Хайролла Жармұханов Астанада тұрады, бұрын комсо­молда, облыстық, аудандық партия комитеттерінде, оқу-ағарту сала­сында басшы қызметтер атқарған, қазір зейнеткер. Өткен ғасырда, 60-жылдардың басында, Хайрекең Ақмола облысының Ақкөл аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшы­сы қызметін атқарып жүргенде мен сол ауданға қарасты Ақсу руднигінде комсомол қызметінде істейтінмін. Сөйтіп, ол бірер жыл менің бастығым болған. Біздің таныс-білістігіміз сол кезден бастау алады.

Хайрекең әкесі туралы сыр шертеді. Соны тыңдап көрейік.

– Ақмола облысының Ақкөл өңірінде Шілікбай деген жерде туған, Күрсары керей. Еспол, Құрманнан тарайтын арғы атасы – Есентай, одан Жарылғап, Жаман. Жарылғаптан – Жәмилә, Қамила, Айтмағанбет, Ермағанбет, Жармұхаммед. Өз әкесі Жарылғап, анасы ерте өлген. Жұмыс жасына келген ағасы Айтмағанбет қана болған. Немере ағасы Әмірұлы Нұрпейіс қажы қарамағына алып оқытқан.

Жармұхаммед әкеміз бен шешеміз Бәтима бибіден Ғабділжаббар, Ғажиакбар, Ғамалиден, Ғалауиден, Ақмалиден, Қамариден, Абдрахман, Қазихан, Гүлбану, Назика, Мәдина, Гүлжиһан, Мнаууара, Нажия деген ұл-қыздар өмірге келген.

Атам (әкесін айтады. – А. К.) ХІХ ғасырдың аяқ кезінде Көкшетау мешітін ұстаған Таласұлы Наурызбайдың (Науан хазірет) көмекшісі Шәймерден хазіреттен дәріс алған. Шәймерден 1907 жылы Қотыркөл болысынан 37 шар алып, небәрі 13 шар жинаған Абылай тұқымы патша әскерінің полковнигі Сұлтанғазы Уәлихановты артқа тастап, Мемлекеттік Думаға мүшелікке өткен.

Атам Жүкен ауылында дәріс беріп, бала молда атанған. Кәмпеске кезінде ұсталып, этаппен Қызылжарға (Пе­тропавл) әкетеді. Стансада шамалы үзіліс кезінде ағаштың көлеңкесін паналап, намаз оқып отырғанда по­езд жүріп кетеді. Содан ол Қызылту ауданының Ақтүйесайын, Кеңащыны паналайды. Кейін Омбы облысы Мәскелеңке ауданында тұрақтаған. Апам (шешесі – А. К.) Ақкөл түбіндегі Кеңес ауылында қалады. Төрт бөлмелі ағаш үй күйген. Апамның кіші інісі ауданда райисполкомда істеген Қасымбекұлы Ахметжан деген нағашым өрттен қалған дүниесін көк мажарға тиеп, қазіргі Степняк қаласына көшіріп апарған. Көктомарда жерді қазып, итарқа қылып жапқан үйде тұрыпты.

Атама Мәскелеңке базарында Ерден деген татар дәрігер жолығып, үйіне апарады. Кейін Несіп ауылында Жек­сенбай мешітінде Сәтқожа хазіреттің қарамағында наиб имам болған. Мешітті 1920-жылдары Омбыда қайтыс болған сары керей Бақтыбай ұрпағы, саудагер бай Тілеукеұлы Жексенбай салдырған екен.

1937 жылы мамыр айында Сәтқожа хазірет ұсталып, күзде Қызылжарда атылады. Қатерлі жойқын күшті сезген атам енді «ішке» қарай кетудің қамын ойлайды. Сол жылы жазда дуадақ Ке­рей Молдыбай Жолдыбайұлы Есілкөл ауданы Жаңа ауылға көшіріп әкеледі.

Атам – өзім естіген қуғынға түскен терең білімді молдалардың ішінен тірі қалған жалғыз хазірет. Қауіп-қатерден жан түпкіріндегі иманы, іштей оқыған дұғалары сақтаған шығар. Араб, орыс тілдерін білетін. Терең білімділігімен, сауаттылығымен көзге түскен. Құран сүрелерін арабшадан тура аударып, шариғат айтатын. Дауысы ерекше сүйкімді болатын. Құран оқығанда жүрекке жылы сезім ұялап, тыңдай бересің, тыңдай бересің. Сондықтан болар, қайда жүрсе де жұрт оны сыйлаған, ел азаматтары қамқоршы болған. Жаңғараауылда Керей­бай, Дәниярұлы Нұрбай, Ақсарыда Көшербай, Жаңаауылда Жұмабай Жолдыбайұлы, Үшқұдықта Есенұлы Мұқан, Мұқанұлы Лұқпан, Кәлескөпте Исаның Мұхамеджары, Қаражанұлы Қасым тағы басқалар аман қалуына себепкер болған.

Өзіміздің ауылдан шыққан петропавлдық Нұрмағамбетұлы Жұмағұл Бейсенбаев, Астанадан қажы Ғалиакбарұлы Ақылбек, Омбы облысының тұрғыны Қасенұлы Есләмбек (Майке) ақсақалдардың айтқаны: «1956 жыл. Маусым айы. Күн ыстық. Жаңбыр тілеген ел тасаттық жасауға Мешел үйінің артындағы томарлы көлге жиналады. Қой сойылады. Жарекең хазірет құран оқиды. Қу басқа сия қарындашпен дұға жазып, Мұхамедғали деген молдаға береді. Қу бас (жаңа сойылған малдың басы жарамайды) суға көміледі. Жұрт тарамай жатып-ақ, солтүстік-батыстан бұлт келіп, жаңбыр басталады».

Үш күннен кейін «Озерный» совхозының орталығы Утичьеден сельсовет Клименко Василий Усти­нович келіп: «Где мулла? Пусть за­бирает кость, а то заливает», – депті. Бас судан алынып, жаңбыр тоқтайды. Ісінен, мінезінен күдіктенер ештеңе таппаған соң «уровень духовной культуры и знания вызывает к нему невольное почтение» деп милиция бақылауынан босатады. Атамның көп қуғын көрмеуіне осындай шапағатты істері себеп болған.

Тағы бір мысал. Жазғытұрым қыстан қалған шөпке жақын самауырға шай құйып отырған әйелдер мәсінің қонышымен самауырды үрлегенде от шығып, өрт басталады. Жалын ұлғайып, етікші Қамидолланың үйіне жетеді. Асқа жиналған жұрт әбігер болады. Сол кезде атам сөмкесінен сия қарындашын алып, қағазға дұға жазады да өртке тастайды. От саябыр­лайды. Жұрт су құйып, сөндіріп алады.

Атамның Құраннан басқа қолға ұстайтын сөмкесі (саквояж) болатын. Таза орамал, сабын, тіс жуатын поро­шок пен шөтке, сия қарындаш, қағаз, көзге тамызатын дәрісі үнемі бірге жүретін. Тісін тұзды сумен шайып отыратын. Бірде бір тісі түспей кетті. Ел аралап, орыс қалаларынан өткенде алдынан әйел заты кездесе қалса атты қамшылай бастайтын. Егер өтіп кетсе, айналып басқа көшемен жүретін.

Ауылда кім болса да – үлкен-кіші, қатын-қалаш, бала-шаға, жаяу адам­дар, ұлықтар, мұғалімдер – әкемнің жолын кеспейтін. Басынан ауырған кісілерге ем салып, дұға оқитын, шірткі жазып, сырқатын жеңілдеткенін өзім талай көрдім. «Атаңмен отынға барғанда, мынау ағаш әлі жас екен, мы­нау қайың түп-түзу екен, кесуге обал деп, жығылған ағаш пен бұтақтарды жинап әкелетінбіз», – дейтін апам.

1958 жылы Ресейден елге – Ақмола облысының Ақкөл ауда­ны Кеңес ауылына көшіп келдік. Мақатайұлы Ахметқали, шәкірттері Жүкен немересі Құсайынұлы Кәкім, Қабдыкәрім (Қоңқа) Бекпанұлы, замандастары Оспанұлы Керімбай, Қасенұлы Әбліғани басқа да кісілер ел болып жақсы қарсы алды. Мұнда да ауыл адамдары алдынан өтпей, тосып тұратын. Топырақ өз жерінен бұйырып, екі жылдан кейін 1960 жылы желтоқсанның 31 күні дүние салды. Жарты ғасыр бірге жасасқан анам Қасымбекқызы Бәтима, жұрт «бибі» дейтін, 1962 жылы қайтыс болды. Екеуі де Кеңесте: Кемеркөл жиегіндегі төбеде, Жүкен зиратында жатыр.

«Менің жатқан жерім жұрттан ерекшеленбей басқалармен бірдей жабайы болсын, әшекейлемеңдер, мәйіт мүсәпір болып жатуы керек» деп өсиет айтқан. Мұны орындадым. Екеуінің басында табиғи мрамор тастан белгі ғана бар.

«Балам, сені ата жұртыңа апарып таныстыру арманым еді. Жасарып келе жатқан жоқпын, менен де беделді діни ғұламалар шәһит болды. Аллаға ризамын, өзім білетін хазірет аты бар­лардан жалғыз ғана тірі қалған едім» дегені әлі жадымда.

Анам Бәтима бибі Қасымбекқызынан туған тоғыз ұл, сегіз қыздан қалған жалғыз кіндік баласы мен Хайролла Астанада жүріп жатырмын.

Атам Жарылғапов Жармұхаммед болып жүрген құжаттарын Севкрайда өзгертіп, ұлы атасының атына түсіп, Есентаев Жармұхан болған. Менің Жармұханов болып жүргенім де содан.

Хазірет баласы – Хайрол­ла Жармұханов зейнеткерлікке шыққанына біраз жыл болса да қоғамдық жұмыстардан қол үзген емес. Қазір ол Астана қаласы ардагер­лер кеңесі төрағасының орынбасары міндетін атқарып жүр.

Амантай КӘКЕН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 − 10 =