«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Репертуары толықты

0 22

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының осы маусымдағы репертуары Жан Батист Мольердің «Сараң», арнайы Армениядан келген режиссер Самсон Мовсесян қойып, қазақ тіліне Рухия Бақытбек тәржімалаған «Детектив Кристофер», Әридаш Оспанбаеваның «Сені сағындым», Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» сынды қойылымдармен толықты. Мәмбетов театрының көркемдік жағын өткен жылдың қазан айынан бастап бауырлас Қырғызстан елінен келген, Санк-Петербург қаласында білім алған жас режиссер Ұланмырза Қарыпбаев басқарып отыр. Жас театрдың Астана күніне арнаған тартуы да бар. Бұл – Саид Ахматтың «Келіндер көтерілісі» спектаклі. Осы қойылым биылғы маусымның шымылдығын жабады.

2912-8++

Театр актерлерінің құрамының көбісі оқуы мен жұмысын қатар алып жүрген студенттерден тұрады екен. Олар күні кеше ғана қолдарына дипломдарын алып, театрға енді толыққанды актер болып қабылданды.

– Алдағы маусымда өте көп жаңалықтар мен жаңа жұмыс­тар жоспарлануда. Соның ішінде маңыздысы – V маусымның ашылуы. Бірақ біздегі ең үлкен жаңалық – Әзірбайжан Мәмбетовтың 90 жылдығы. Осы орайда биыл мэтр атында театр фестивалін ұйымдастырғалы отырмыз. Оған қазан айында Алматы қаласынан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан қонақтар келеді. Бұл халықаралық үлкен театр мерекесі болмақ. Қ.Қуанышбаев театрының, «Жастар» театрының сахнасында спектакльдер бір-бірімен бәйгеге түсетін болады. Фестивальдің ең басты шарты – Әзірбайжан Мәмбетовтің өзі қойып кеткен жұмыстардан жаңа интерпретацияда, жаңа көзқараста қойылымдар көрсету. Оларды сараптамалық топ қарап, үздік деп танылған қойылымдарды фестивальге жібереді. Осы мақсатта бір аптадан артық уақыт көлемінде қаламызда спектакльдер жүреді. Осы кезеңде білім беру, тәжірибе алмасу мақсатында курстар болады. Мәскеуден режиссерлер келіп, қазақтың ертегілерін қойып көреді. Бұл – Ұланмырза Қарыпбаевтың өзінің ойлап тапқан жоспары. Біздің театрдың актерлері де бой көрсетеді. Мәскеуден келген жігіттер қазақ ертегілерін оқып көріп, белгілі бір эскиздер жасайды. Осы жұмыстардың арасында жақсы шыққан дүние болса, ол алдағы уақытта біздің театрымызға спектакль ретінде бекітіледі, – дейді театрдың шығармашылық құрам меңгерушісі, актер Әли Бидахмет.

Жас театрдың жаңалықтары мұнымен шектелмейді. Өнерпаздар биылғы күзде Алматы қаласына алғашқы гастрольдік сапарға аттануды жоспарлап отыр. Алда танымал кинорежиссер Акира Куросаваның шығармасы сахнаға лайықтап қойылмақ. Бұл Нұр-Сұлтан қаласымен байланысты деректі спектакль болмақ. Санкт-Петербург қаласынан шақырылған жас режиссер Чарли Чаплин туралы «Чаплин» деген спектакль сахналамақ.

 Айдана МҰҒАЗҚЫЗЫ, Т.Жүргенов атындағы

Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды