«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Реновацияның екінші кезеңі таныстырылды

0 146

Кеше Астана қаласы қоғамдық кеңесінің отырысында бас қаладағы 2018-2027 жылға дейінгі реновация бағдарламасы талқыланды. Бұл жобаның негізгі мақсаты – Астананың ескі бөлігіндегі құрылыстарды кешенді түрде реконструкциялау арқылы заманауи сәулеттік келбетін қалыптастыру.

Бұған дейін жүргізілген реновацияның бірінші кезеңінде 2280 гектар аумақтағы нысандар бұзылып, ол жерге жаңадан 5,2 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. 20 жылда Кенесары көшесіндегі, Слободка ауданындағы және Комсомол кентіндегі саяжайлар мен тұрғын үйлер бұзылды. Ол жерлерде тұрғын үйлерден бөлек, жаңа көшелер салынды, желілер тартылды. Соның ішінде бірінші кезеңнің шеңберінде 2013 жылдан бері апаттық үйлерді бұзу бағдарламасы да жүзеге асырылды. Бұл бағдарлама нәтижесінде қаланың ескі бөлігіндегі 228 апатты үйлер бұзылып, 3,5 мыңнан аса тұрғындар жаңа, жайлы үйлерге қоныс аударды.
2018-2027 жылдарға жоспарланған реновацияның екінші кезеңінде 1350 гектар жердегі ескі ғимараттарды бұзуды қарастырады. Бұл жұмыс үш кезекке бөлінген. Бірінші кезекте 570 гектар (2018-2020 жылдар), екінші кезекте 680 гектар (2021-2025 жылдар) және үшінші кезекте 100 гектар (2025-2027 жылдар) жердегі нысандарды бұзу қарастырылған. Босатылған аумақтарда мынадай әлеуметтік маңызы зор нысандар бой көтереді: 14 мектеп, 34 балабақша және 3 медициналық мекеме. Реновация процесін кезең-кезеңмен жүзеге асыру үшін қаланың аумағы 14 учаскеге бөлінген. Айтарлығы, жобада Асан қайғы көшесімен шектесетін аумақта жүргізілетін реновацияның бірінші кезеңі бүге-шігесіне дейін жоспарланған. Атап айт­сақ, бұзылатын нысандардың тізімі нақтыланып, ескі ғимараттарды бұзуға және жер учаскелерін сатып алуға жұмсалатын қаражат дәлме-дәл есептелген. Сонымен қатар, көліктік-инженерлік инфрақұрылым салу бойынша ұсы­ныс­тар дайындалыпты. 2022 жылға дейін 600-ден аса апатты үйлердің тұрғындарын басқа жерге көшіріп, 420 мың шаршы метр баспана салу жоспарланған. Басқосуға төрағалық еткен Астана қалалық қоғамдың кеңесінің жетекшісі Сансызбай Есілов Асан қайғы көшесінің бойында орналасқан бейіттерге қатысты түйткілді мәселені көтерді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды