«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Реновация – жаңғыру жолы

0 189

Көпшілік «Мәскеу де бір күнде салынбаған» деген сөзді жиі қолданады. Бірақ сол баяғы Мәскеу әлі де салынуда. Қазір оның ескі аудандарында қаланы қайта салу, яғни реновация үдерісі жүріп жатыр. Кремльді қалада реновация бағдарламасына сәйкес, 2032 жылға дейінгі кешенді жоспар бойынша 4-5 қабатты 5 мыңнан аса ескі және апатты үй күреліп, орнына зәулім ғимараттар тұрғызылады екен. Мәселен, осы жылдың соңына дейін 300 мың шаршы метр болатын 20 көп қабатты тұрғын үй салынып, оған 10 мыңға жуық адам қоныстанбақ. Реновация тәжірибесі бүгінде Мәскеуде ғана емес, әлемдегі көптеген қалада қолданылуда. Ал Астанада ше? Бұл процесс елордада қалай және қандай қарқынмен жүргізіліп жатыр?


Ескірген үйлер қашан түлейді?

Иә, ақордалы қала да бұл үде­рістен шет қалған жоқ. Елорданың сол жағалауы тақыр жерге тұрғызылып, тыңнан түрен салынғанымен, астана атанған алғашқы жылдары оң жағалау­дың жаңарудан өткені белгілі. Бұл аймақ әлі де түлеу үстінде.
«Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС мәліметіне сүйенсек, 20 жыл ішінде, яғни 1997-2017 жылдар аралығында елордада барлығы 1333 тұрғын үй нысаны салынып, 20 276 800 шаршы метрді құрайтын 182 964 пәтер пайдалануға беріліпті. Соның 5,2 млн шаршы метрі реновация бағдарламасы аясында бой көтерген. Жалпы, бас қалада реновация бағдарламасы Есілдің оң жағалауындағы ескі үйлерді, яғни бұдан 50-60 жыл бұрын уақытша мекен ретінде салынған төрт қабатты «хрущевка» деп аталған үйлерді қирату жолымен жүзеге асқан болатын.
Кейбір мәліметке сүйенсек, Астанадағы 100-ге жуық «хрущевка»-ға жаңғырту жұмыстары жүргізіліпті. Яғни тек үйдің сырты ғана емес, шатыр жабындысы да ауыстырылған. Бірақ ескі тұрғын үй қорының қазіргі жай-күйі туралы әзірге толық ақпарат жоқ. Мамандардың пікірінше, «хрущевка» үйлерін жөндеу қиынның қиыны. Одан да оларды күреп, орнына жаңа ғимарат салған тиімді.
Бұдан бөлек, реновация бо­йынша тозығы жеткен көптеген жер үй де бұзылған. Ондағы ең басты мәселе сүрілетін үйлердегі тұрғындардың жеке келісімдерін алу екен. Ал көлемі тар, жуынатын бөлмесі мен әжетханасы жоқ осындай үйлерді мекендеп келген тұрғындардың басым көпшілігі аталмыш бағдарлама бойынша жайлы, кең әрі жаңа пәтерлерге қоныстанғандарына дән риза.

379 ескі нысанның орнына – 1 403 300 шаршы метр

Жалпы, реновациялаудың бі­рінші кезеңінде Астана төңірегіндегі бірқатар саяжай, Кене­сары көшесінің бойындағы, Сло­бодка, Комсомольский кенттеріндегі 2280 гектарды құрайтын аумақтағы ескі нысандар, соның ішінде 200-ден аса ескі және апатты үй күрелген. 2018-2020 жылдар аралығында тағы 34 үй немесе 800 пәтер сүрілетін болады. Сондай-ақ 271 үй күрделі жөндеуді қажет етеді екен. Былтыр 430 млн теңгеге 12 ғимарат жөнделіпті. Биыл 15 үй жөнделмек. Сүрілген ескі нысандардың орнына тек ғимараттар ғана емес, абаттандырылған жаңа көшелер де бой түзеп, әдемі саябақтар мен желекжолдар, гүл бақтары да пайда болды.
Статистикалық деректерге сүйенсек, қазіргі таңда бас қаладағы жалпы үйдің саны 32300-ге жуық болса, оның 5 мыңнан астамы көп қабатты үй деседі. Ал жекеменшік секторлардағы тұрғын жай саны 27 мыңды құрайды екен. Бірақ бұл санның алдағы уақытта азая түсетіні даусыз. Себебі мұның қатарына кейбір саяжай үйі де қосылып тұруы мүмкін.
«Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС мәліметінше, қала ішіндегі барлық саяжай сүріледі. Алдымен Қабанбай батыр даң­ғылының сол жағындағы саяжай алабы, одан кейінгі кезекте Назарбаев университетіне жетпей оң жақтағы саяжай күрелмек. Әрі қарай спорт кешендері маңындағы саяжайды сүру көзделіп отыр. «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығының артқы жағындағы саяжай да инвесторлар есебінен күрелмек.
Әлбетте, реновация қала келбетін дамыту мен оны жаңа сипатта жасауға зор мүмкіндік береді. Ескі және апатты үйлерді, жеке тұрғын жайларды, саяжай учаскелерін, гараж кооперативтерін күреп, инженерлік желілерді жаңарту, газифика­ция­лау, су құбырлары мен жылумен жабдықтау, кәріз жү­йе­лерін жаңарту жұмыс­та­рының екінші кезеңі 2018-2027 жылдарды қамтыса, бұл бағ­дарлама бойынша енді 1350 гектар жер босатылып, орнына за­манауи үлгідегі нысандар салу көзделуде. Осы кезеңнің бірінші кезегінде, яғни 2018-2020 жылдары 570 гектарды, 2021-2025 жылдары 680 гектарды, ал 2025-2027 жылдары 100 гектарды босату жоспарланып отыр екен. Бұл ауқымды жұмыстың барлығына 700 млрд теңгеден аса қаржының жұмсалатынын айтады «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС мамандары.
Ал босатылатын аумақтағы жер учаскесінің саны 2 063 болса, ондағы бұзылуға тиіс нысандардың саны 379-ды құрап отыр екен. Босатылған соң бұл аумақта 14 мектеп пен 34 балабақша және 3 медициналық мекеме және басқа да ғимараттар бой көтеріп, ұзындығы 9,1 км болатын жол салынады деп жоспарлануда. Салынатын әлеуметтік және коммерциялық құрылыс нысандарының жалпы ауданы 1403300 шаршы метрді құрайды деген болжам жасалыпты.
Жалпы, реновациялаудың екінші кезеңіндегі босатылатын 1350 гектар жер 14 учаскеге бөлінген. Мысалы, №1 учаскенің еншісіне Республика мен Бөгенбай батыр даңғылдарының қиылысынан бастап Бөгенбай батыр даңғылы арқылы Алаш тасжолы мен Жиенқұлова көшесіне дейінгі аумақ кіреді екен. Одан бөлек жаңарту жұмыстары Толстой, Сейфуллин, Күлтөбе, Бейсекова, Абай, Янушкевич, Иманов, Асан қайғы, Кравцов, Тәшенов, Таха Хусейн, Пушкин сияқты көшелерде де жүргізілетін болады.

Бюджетті жоспарлау механизмін өзгерту керек

Қалалық орта сапасы және ба­­қылау басқармасының мә­лі­метінше, 2011 жылдан бері 600 үй­ге тексеріс жүргізілсе, былтыр 29 үй тексерістен өтіпті.
– Маған іргетасы отырып, қа­бырғасы қақырап тұрған 4-5 қабатты ескі үйлердің тұрғындары үнемі мәселелерін айтып хабарласады. Әрине, оның бәрін жаңалауға қаржы жетпей жа­тады. Сондықтан бюджетті жоспарлау механизмін өзгерту керек деп есептеймін. Ең алдымен адамдардың қауіпсіздігін ойлауымыз керек. Бұл, әсіресе, қаланың ескі бөлігінде өте өзекті мәселе, – деді қалалық мәслихаттың депутаты Ақылбек Күріш­баев мәслихаттағы отырыстардың бірінде.
Расымен де, теxникалық қорытындыға сәйкес, Сарыарқа ауданындағы тексерілген 63 үйдің тозуы 61 пайыздан асыпты. Алайда қаланың ескі бөлігінде ғана емес, Есіл ауданында да мұндай мәселелер жоқ емес екен. Мәселен, қазіргі таңда бұл ауданда сүрілуге тиіс 7 үй бар болып шықты. Олар Аққұм көшесінің бойында орналасқан. Бұған дейін «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасының апатты жағдайдағы үйлерді күреу қанатқақты жобасы аясында 2017-2018 жылдары 15 үй (211 пәтер) сүріліпті. Аталмыш жобаны жүзеге асырудың екінші кезеңінде, яғни 2018-2022 жылдары Аққұм көшесіндегі 19, 20, 22-үйлер (2042 шаршы метр, 36 пәтер) күрелмек. Ал Алматы ауданында апатты үй санатына жататын Шалкөде көшесіндегі (8 және10-үй) екі-ақ үй қалыпты. Бұл үйлерді сүру биылғы жос­парда тұрғанын айтады Алматы аудандық тіршілікпен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Нұрмат Әбдрайымов.
Сондай-ақ қаланың ескі бөлігіндегі Байқоңыр ауданында тозығы жеткен үйлер жетіп артылады. Аталмыш аудан әкімдігінің мәліметінше, 2018-2022 жылдар аралығында Бейсек­баев, Жиенқұлова, Ойыл, Янушкевич, Кемеңгерұлы, Сейфуллин көшелеріндегі ескі және апатты жағдайдағы 15 үй (505 пәтер) сү­ріледі деп жоспарлануда.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды