«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Реновация үдерісі

0 292

  Қала шаруашылығында жиі қолданылатын терминнің бірі – «реновация». Ол латын тілінен аударғанда «жаңарту», «қалпына келтіру», «жөндеу» деген мағыналарды білдіреді. Яғни қаланы реновациялау – бұл кешенді қайта жөндеу немесе ескі және апатты ғимараттарды күреп, инженерлік желілерді, тұрғын үйлерді жаңарту бағдарламасы. Қазіргі таңда әлемнің көптеген ірі қалалары осы процесті бастан кешуде. Соның ішінде Астана да бұл үдерістен шет қалған жоқ.

ЕСКІНІ ЖАМАП ЕС КЕТПЕСІН

   Астана құрылысы қашан да қарқынды. Ол болашақта да әсте бәсеңдемек емес. Себебі халық саны көбейген сайын қала аумағы да кеңіп келеді. Шаһарда зәулім ғимараттар көптеп бой көтеріп, тұрғын үйлер мен балабақша, мектеп, емханалар саны да сәт санап арта түсуде. Бұл тұрғыда елорданың республика бойынша тұрғын үй құрылысының көлемі жағынан ең алдыңғы орында тұрғанын айта кеткен жөн. Мысалы, тек өткен жылдың өзінде бас қалада 2,5 миллион шаршы метр тұрғын үй салыныпты. Бұл республикалық есеп бойынша 25 пайызды құраса, ағымдағы жылдың алғашқы екі айының қорытындысына сәйкес, осы көрсеткіш 32 пайызға жеткен. Ал «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС мәліметіне сүйенсек, 20 жыл ішінде, яғни 1997 жылдан бастап 2017 жылға дейін Астанада барлығы 1333 тұрғын үй нысаны салынып, 20 276 800 шаршы метрді құрайтын 182 964 пәтер пайдалануға беріліпті. Соның 5,2 млн шаршы метрі реновация бағдарламасы аясында бой көтерген.

Жалпы, елордада реновация бағдарламасы Есілдің оң жаға­лауындағы ескі үйлерді, яғни бұдан 50-60 жыл бұрын уақытша мекен ретінде салынған төрт қабатты «хрущевка» деп аталған үйлерді қирату жолымен жүзеге асқан болатын. Бұдан бөлек, тозығы жеткен көптеген жер үйлер де бұзылды. Ондағы ең басты мәселе сүрілетін үйлердегі тұрғындардың жеке келісімдерін алу қажет екенін айтады мамандар. Алайда көлемі тар, жуынатын бөлмесі мен әжетханасы жоқ осындай үйлерді мекендеп келген тұрғындардың басым көпшілігі аталмыш бағдарлама бойынша жайлы, кең әрі жаңа пәтерлерге қоныстанғандарына дән риза.
– Уақыт өткен сайын үй қа­бырғ­а­­­­­сы қақырап, үгітіле берді. Ескінің аты ескі ғой. Қанша жөндеу жұ­мыс­тарын жасасақ та, жағдайы жақсармады. Бағымызға орай, екі бөлмелі жаңа пәтер берілді. Шаршы метрі де бұрынғыдан үлкен. Бұған көршілеріміздің барлығы қарсылық танытқан жоқ. Қайта ескі үйден құтылған­дарына қуанды, – дейді апатты үйден жаңа пәтерге көш­кен тұрғындардың бірі Айдана Нұрғалиева.
Жалпы, реновациялаудың бірін­ші кезеңінде Астана төңіре­гіндегі бірқатар саяжайлар, Кенесары көшесінің бойындағы, Слободка, Ком­сомольский кенттеріндегі 2280 гектарды құрайтын аумақтағы ескі нысандар күреліп, оның орнына тек ғимараттар ғана емес, абат­­тандырылған жаңа көшелер де бой түзеп, әдемі саябақтар мен же­лекжолдар, гүл бақтары пайда болды.

Барлық саяжайлар сүріледі

Статистика деректеріне сүйен­сек, қазіргі таңда бас қаладағы жалпы үйдің саны 32271 болса, оның 5128-і көп қабатты үйлер деседі. Ал жекеменшік секторлардағы тұрғын жайлар саны 27143-ті құрайды екен. Бірақ бұл санның алдағы уақытта азая түсері анық. Себебі мұның қатарына кейбір саяжай үйлері де қосылып тұруы мүмкін.
– Жоспар бойынша қала ішіндегі барлық саяжайлар сүріледі. Келесі жылы Қабанбай батыр даңғылының сол жағындағы саяжай алабы күреледі. Одан кейінгі кезекте Назарбаев университетіне жетпей оң жақтағы саяжайлар тұр. Қазіргі уақытта бұл жер­лерді сатып алған инвесторлар бұзу мәселесімен айналысуда. Әрі қарай спорт кешендері маңындағы саяжайларды сүру көзделіп отыр. «Хан шатыр» сау­да ойын-сауық орталығының артқы жағындағы саяжайлар да инвесторлар есебінен күреледі, – дейді «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС бас сәулетшісі Арсений Пирожков.
Әлбетте, реновация қала кел­бетін дамыту мен оны жаңа сипатта жасауға зор мүмкіндік береді. Ескі және апатты үй­лерді, жеке тұрғын жайларды, саяжай учаскелерін, гараж коопе­ративтерін күреп, ин­же­нерлік желілерді жаңарту, гази­фикациялау, су құбырлары мен жылумен жабдықтау, кә­різ жүйелерін жаңарту жұмыс­тарының екінші кезеңі 2018-2027 жылдарды қамтыса, бағдарлама бойынша 1350 гектар жерді босатып, орнына заманауи үлгідегі нысандарды салу көзделуде. Бұл кезеңнің бірінші кезегінде, яғни 2018-2020 жылдары 570 гектарды босату жоспарланса, 2021-2025 жылдары 680, ал 2025-2027 жылдары 100 гектар қамтылмақ. Бұл ауқымды жұмыстардың бар­лығына 700 млрд теңгеден аса қаржының жұмсалатынын айтады мамандар. Ал босатылатын аумақтағы жер учаскесінің саны 2 063 болса, ондағы бұзылуға тиіс нысандардың саны 379-ды құрап отыр екен. Босатылған соң бұл аумақта 14 мектеп пен 34 бала­бақша және 3 медициналық мекеме және басқа да ғимараттар бой көтеріп, ұзындығы 9,1 км болатын жол салынады деп жоспарлануда. Салынатын әлеуметтік және коммерциялық құрылыс нысандарының жалпы ауданы 1403300 шаршы метрді құрайды деген болжам жасалыпты.
Жалпы, реновациялаудың екін­ші кезеңіндегі босатылатын 1350 гектар жер 14 учаскеге бөлінген. Мысалы, №1 учаскенің еншісіне ­Республика мен Бөгенбай батыр даңғылдарының қиылысынан бастап Бөгенбай батыр даңғылы арқылы Алаш тас жолы мен Жиенқұлова көшесіне дейінгі аумақ кіреді екен. Одан бөлек жаңарту жұмыстары Толстой, Сейфуллин, Күлтөбе, Бейсекова, Абай, Янушкевич, Иманов, Асан Қайғы, Кравцов, Тәшенов, Таха Хусейн, Пушкин сияқты көше­лерде де жүргізілетін болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды