Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1164

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1165

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1166

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1177
«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Рейтинг ұлттық рухтан бағалы ма?

0 229

Соңғы кезде теледидар көрмейтінін айтатындар көп. Өзім де солардың бірімін. Бірақ бұл телеарналардың өнімінен бейхабармын деген сөз емес. Мен өзіме қажет бағдарламаны арналардың веб-сайттарынан немесе youtube каналдарынан көремін. Бұл – менің уақытымды жоспарлауыма ыңғайлы тәсіл. Уақыттың тапшылығын әбден сезінетін заман­дастарымның біразы осылай істейді.

Дегенмен мемлекет мегаполис пен елдің ордасында ғұмыр кешіп жатқандардан ғана тұрмайды. Интернет жиілігі әлі де әлсіз, бос уақытын теледидардағы бағдарламалар мен сериалдарға назар салумен өткеретін көрермен бар және олардың көбі – ауылдағы қазақтар. Кез келген ауылға бара қалсаңыз, «Қалаулым» деген хабарды үзбей көретіндерді кезіктіресіз. Тіпті олар бағдарлама кейіпкерлерін аңыз қылып айтып жүреді. Әлеуметтік желіде бұл «Қалаулым» жайында әжептеуір сын айтылып жүр. Мен өз басым қыз бен жігіттің таныстығына арналған жобаға контент бола алмас едім. Ал ауылда таңдау жоқ. Отау ТВ арқылы көрсететін каналдардағы бағдарламаны олар міндетті түрде тамашалайды. Жобаны ұсынушылар мұның барлығын алдын ала зерделеп алған.

Сюжет құруда адамдарды қызық­тырудың түрлі жолдары бар. Соның алғашқы тізімінде конфликт деген ұғым тұрады. Демек, конфликті бар бағдарламаның міндетті түрде көрермені болады. Ал сол конфликт бізге қажет пе? Оны көргеннен біз не ұтамыз? Жобаны ұсынғандардың ұпайы түгел. Олар конфликт арқылы рейтинг қалыптастырады. Ал рейтинг – қып-қызыл ақша. Ұлттық мәселесі «менмұндалап» тұрған халық үшін тұрмыстық деңгейдегі конфликтпен уақыт өлтірудің қандай өкініш екенін білесіз бе?

Біріншіден, ауыл біздің тұнығымыз болатын. Қонақжайлылық пен үлкенге деген құрмет, кішіге ізет сынды ғасырлар бойы қалыптастырған ұлттық болмысымызды бір сақтаса, ауыл тұрғындары сақтай алар еді. Бірақ олар да көк терезенің арғы жағындағы ұғымдар мен танымдарды бұзуға арналған бағдарламалармен сусындап жатыр. Құдды бір рейтинг дегенді ешкімді ұрмай-соқпай, қару-жараққа шығындалмай болмыс­ты жойып тастауға арналған арнайы операция дерсің. Заманалар елегінен өтіп барып, бүгінге жеткен қазақы танымдарға ескіліктің қалдығы деген көзқарас орнықты.
Дамыған елдер қатарына қосы­луды көксейтін мемлекеттің ең негіз­гі телеарналар уақытын шоу бағдарламалар: әйелдің ба­қыты (асхана, сұлулық, психология), ән шеру секілді хабарлар қамтиды. Ал ғылыми-танымдық бағдарламалар қайда? Ғарыш айлағы бар мемлекеттің басты арнасында аспан денелері, оған қатысты зерттеулер, жұлдыздарға арналған ұлттық танымдар туралы жоба жоқ. Арналарды басқарып отырғандар көрермен тарапынан ондай жобаларға қызығушылық жоқ деп ойлайды.
Көк терезенің арғы жағынан ән айтатын да, бағдарлама жүргізетін де, байлығымен мақтанатын да, ақылшы һәм психолог та – әншілер. Әрине, осыдан кейін қазақ балалары дәрігер, мұғалім, ұшқыш болуды армандамайды. Әнші болуды армандайды. Терезеге телміре қалсаңыз, «бүкіл қазақ даласының ән салып тұрғанын» көресіз. Әндетіп жүріп дамыған отыз елді қуып жетіп, рухы жаңғырған ел екенімізді дәлелдемек дәмеміз бар. Ән болғанда қандай ән? Қазақылықтың иісі шықпайтын әуездер. Неге? Тойда айтуға жарамды, билеуге негізделген түрік пен өзбектің иірімі қосылған әндер арқылы орындаушылар бірнеше контентті қамти алады. Ән, әуез деген адамзаттың ішкі бір күйі ғой. Мұң мен сезімнің ышқынып келіп, тысқа өнер болып шыққан күйі саз делік. Сонда біз қазақша мұңайып, дүниеге бір қазақтың көзімен қараудан қалып бара жатқанымыз ба?
Ел болған соң, ел ішінде қорда­ланған мәселелер болады. «Қаре­кет» бағдарламасы – мәселені айтып қана қоймай, шырмалысты шешіп көруге бекінген жоба. Бұл бағдарламаны қараған сайын, көптеген мәселе заңды білмеуден қордаланып жатқанын байқаймын. Ендеше елдің заңдық сауатын ашуға арналған жоба керек. Заңды білмеген адам – талап етуді де білмейді. Талап етілмеген соң, белден басу, жемқорлық секілді түсініктерге жол ашылады.
Ұлттық арнаның «Парасат майданы» деп аталатын жобасын көзі қарақты көрермен жақсы қабылдады. Көзі қарақты деген эпитетті мен жайдан жай тіркеп отырғаным жоқ. Бұл жоба ауыл тұрғындарының сүйікті хабары екені даусыз. Себебі таңғы алтыда малын өргізіп, күнмен таласып тұруды әдетке айналдырған ол кеңістіктегілер үшін хабардың уақыты тым қолайсыз сағатқа қойылған. Неге олардың құқық­тары ескерілмеген? Олар да салық төлеушілер. Қандай да бір жобаны ұсынарда Алматы мен Астананың тұрғындарының мүмкіндігі мен уақытына қарап жоспарлау дұрыс емес. Қазақстан – байтақ. Байтақ жердің әрбір тұрғыны мемлекетке салық төлей­ді. Ендеше азаматтың қалып­тасып, дамуына негізделген танымдық, ғылыми бағдарламалар тамашалауға олардың толық хақысы бар емес пе? Бір қызығы, рухани жаңғырып, дамуды көздейтін біздің арнайы діни телеарна бар да, ғылыми арна жоқ. Кәсіпкерлер мен жалпы экономикаға арналған арнайы арна ашылды. Қаржылай сауатты болған, кәсіп ашқан жақсы. Білім мен ғылым, мәдениет пен өнерді де ұмытпауымыз керек. Тағы бір қызықты айта кетейін, барлық телеарналарда қыз-келін­шектер мен аналарға арналған бір емес, бірнеше бағдарлама бар екен. Мәселен, «Qazaqstan» арнасында – «Бақытты әйел», «Хабар» арнасында – «Айтұмар», «Ана мен бала», «7 арнада» – «Қыздар арасында», «Тақиясыз періште», «КТК»-да – «Кел, келінім», «Еуразия бірінші»-де – «Әйел сыры», «Қалаулым»…. Неге арналар негізі контентті әйелдерге арнап жасайды? Ер азаматтар теледидар көрмей ме? Енді осы бағдарламалардың дені әйел көзқарасын өзгертуге негізделген. Неге біздің барлық телеарналар әйел тақырыбына жұмылған жұдырықтай кірісіп кетті? Бұл да қайран қалдырады. Өйткені телеарна тапсырысымен дайындалған телехикаялар «Тоқал болғым ке­леді», «Абысындар», «Тағдырым шешілген күн», «Элиф»… болып кете береді.
Өзге ата-аналар секілді мен де сегіз сағаттың жұмысқа таңылған осы мемлекеттің азаматымын. Баланың тәрбиесін балабақшадағы апайлар мен арналарға амалсыз тапсырып қойғанымды несіне жасырамын. Қазақтілді контенттің бір бөлігі ретінде менің де балаларым «Балапан» арнасын көреді. Тіпті үйдегі көк жәшіктің иесі балалар екені де рас. Олардың лифті – жедел саты, тунельді – жерасты жолы, официантты – даяшы, қала берді мені анашым деп айтатыны қалай қуантпасын?! Жеделсаты деп тұрғаны аударма екенін олар ұқпайды да, дүниені танып, жан-жағына қараса, теледидар көрсе, ел жеделсаты деп жүр екен. Әлімсақтан қазақ оны солай айтып келе жатқандай қабылдап, әлгі аудармаға жан бітіріп, өмірде сөйлеп жүргендер де солар. Осы құбылысқа қараймын да, аудармадан да соншалықты үрке берудің қажеті жоқ екен-ау деп ойлаймын. Сценарийстер киномыз аударма тілінде сөйленіп жатқандықтан актерлер сондай нанымсыз ойнайды деп дабыл қағады. Ал айтып тұрған сөзіне актер неге сенбейді? Өмірде қазақша ойлап, қазақша сөйлемейтініне көрермен кінәлі емес қой.
Арналар «жұлдызды дерттен» арылмай, қазақстандықтар рухани жаңғырмайды. Себебі барлық арналарда әнші жүргізушілерден бөлек, эстрадаға, шоуға арналған үштен-төрттен тележобалар бар. Түймені басқан (пульт) сайын жердегі жұлдыздарға шалынып, жығылып жатқан рухтың жоғын кейін қыруар қаржымен түгендей алмайсың. Рухсыз адамға Отан да, ұлт пен салт-дәстүр, білім мен ғылым да керек емес. Ал егер біздің идеологтардың көздегені осы болса, мархабат сізді жеңістеріңізбен құттықтаймын!

Айнұр ТӨЛЕУ,
ақын, мәдениеттанушы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды