Реформаларды жүзеге асыру –үлкен жауапкершілік

0 128

IMG_1854

Мемлекет басшысы жариялаған бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «Мемлекеттік құрылыстың алдағы 100 нақты қадамы» ұлт жоспарын іске асыру бойынша елордада қандай жұмыстар атқарылып жатқаны жөнінде«Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сапар Ахметовпен әңгімелескен едік.

– Сапар Қайратұлы, елдегі қуатты саяси күшке айналған «Нұр Отан» партиясы Елбасы жүктеген міндеттердің орындалуына белсенді араласып, әлеуметтік-экономикалық саясатты жүзеге асыру барысында тиімді партиялық бақылау орнатып келеді.  Әңгімемізді Мемлекет басшысы жариялаған бес реформаны жүзеге асырудың 100 қадамы негізіндегі партияның қалалық филиалы атқарып жатқан істерінен бастасақ…

– Мемлекет басшысының бес институцио­налдық реформасы – мемлекеттік құрылымды, оның саяси-экономикалық әлеуетін сан-салалы қырынан  дамытатын өте ауқымды жоба. Бұл – Қазақстан мемлекеттілігін нығайтып, жарқын болашаққа жетелейтін нақты жоспар. Еліміз үшін маңызды реформаларды жүзеге асыру «Нұр Отан» партиясына да үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Партия бес институционалдық реформаны қамтитын «100 нақты қадам» ұлт жоспарын жүзеге асыру жөніндегі ұсынымдардың ауқымды жиынтығын әзірледі. Елордалық филиал да осы міндеттерден тысқары қалмай, жергілікті уәкілетті органдармен бірлесіп, біршама істі қолға алды.  Айталық, партия мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары Үкімет тарапынан құрылған  топтарда жұмыс істеп,  келелі мәселелерді шешуге үн қосып, ой-ұсынымдарын білдіруде. Мәселен, «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында Елбасы мемлекетті әлеуметтік-экономикалық дамыту бағытындағы жобаларға бөлінетін қаржының тиімді әрі оңтайлы пайдаланылуына қатаң партиялық бақылау орнату керектігін ерекше тапсырғаны белгілі. Осыған байланыс-ты партияның елордалық мәслихаттағы фракция мүшелері қаланың инфрақұрылымдарын дамытуға бөлінген қаражаттың дұрыс жұмсалуын айрықша қадағалап отыр. Мысалы, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Астана әуежайының ұшып-қону жолағын кеңейтіп, жаңа терминалын салу үшін Елбасы 29 млрд теңге бөлуді тапсырды. Осы қаржының әр тиыны босқа шашылмауы – партия мүшелерінің бақылауында. Бүгінде нысанды жаңғырту жұмыстары ойдағыдай жүріп жатыр. Бұйыртса, аэропорттың қайта жаңғыртылған нұсқасы межеленген мерзімде аяқталады деген  сенімдеміз.

Қазіргі күні «ЭКСПО-2017» көрме кешені құрылысын салу да – басты міндеттердің бірі. Оның нысандары уақытылы аяқталуына «Нұр Отанның» қалалық филиалы да мүдделілік танытып отыр. Бұл көрме кешені де уақытылы салынып бітеді деген сенім бар.

Жалпы, «Нұр Отанның» астаналық филиалы болғандықтан, бізге деген талап та жоғары, жауапкершілік те үлкен. Себебі, елдің елордаға деген көзқарасы ерекше. Мұнда әрбір іс мінсіз атқарылып, астаналық деңгейге сай болуы керек. Қадағалау мәселелері де, тәртіп те қатаң болуы тиіс.  Біздің партия мүшелері осы мақсат үдесінен шығуға барынша күш салып келеді.

– Еліміздегі стратегиялық бағдарламалар мен «Нұр Отан»партиясы қабылдаған құжаттар үндес келеді. «100 нақты қадам» ұлт жоспарында түзілген мәселелерді шешуге арналған партиялық  жобалар төңірегінде ой бөліссеңіз.

– «Нұр Отанның» мемлекеттік саясаттты жүзеге асыруға бағытталған жобалары баршылық. Соның бірі – отандық бизнеске жан-жақты көмек көрсетуге және кәсіпкерлік бастаманы жүзеге асыруға бағытталған «Мықты бизнес – қуатты мемлекет» және «Ардагерлерді ардақтайық!», «Сәтті қадам», басқа да көптеген жобаларды атап өтуге болады. Биыл Жеңістің 70  жылдығына орай «Ардагерлерді ардақтайық!» акциясы шеңберінде көптеген шаралар атқардық. Осы жоба бойынша, әсіресе, бастауыш партия ұйымдары, «Жас Отан» жастар қанаты өте белсенді жұмыс істеді. Партияның елордалық филиал мүшелерінің белсенді тобы жылдың басында 328 ардагерді қамқорлыққа алды. Соның ішінде 100-ге тарта ардагердің үй-жайы жөндеуден өткізілді. Қарттарға қажетті заттардың бәрі алынып берілді.  Біз өткен жылдың аяғында ардагерлеріміздің неге мұқтаж екендігін білу үшін арнайы сауалнама ұйымдастырғанбыз.  Соның қорытындысы бойынша қарттарға қажеттіліктің бәрі түгелденді. Ем-домына жағдай жасасып, тұратын үйінің кіреберісіне дейін жөнделді. Мен өзім де бірталай ардагердің үйінде болдым. Хал-жағдайларын сұрап, мәселесіне қанықтым.Бүгінде Астанада тұратын майдангерлердің бәрі пәтермен қамтамасыз етілді. Бұл да қолға алынған жұмыстардың бір нәтижесі деп білеміз.

– Жаңа өзіңіз айтып өткен «Сәтті қадам» жобасы бойынша Астанада қандай істер атқарылып жатыр?

– «Сәтті қадам»  – жоғары оқу орындарын бітіруші жастарға арналған жоба. Осы арқылы «Нұр Отан» түлектердің белгілі бір мекемелерде тағылымдамадан өтіп, қызмет сатысымен өрлеуіне мүмкіндік жасайды. Жастар алған білімдерін нақты тәжірибеде сынай алады. Бұл жоба 2013 жылдың шілде айында жолға қойылса, сол жылы оқу орындарын бітірген жастардан 394 өтініш қабылдадық.  Олардың ішінде 149-ы әңгімелесуден өтіп, 79-ы әртүрлі мекемелер мен ұлттық компанияларда тағылымдамадан өтті. Соның 19-ы үш айлық тағылымдамадан кейін сол жерге тұрақты жұмысқа қабылданды. Ал былтыр  жұмысқа орналасу үшін тағылымдамадан өтуге  909 өтініш түсті. Оның 154-і әңгімелесуден өтіп, сынақ мерзімімен жұмысқа жіберілді.  Өзін-өзі көрсетіп, қарым-қабілетін көрсеткен 56 жас жұмысқа қабылданды. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Осы бағыттағы жұмыстар биыл тамыз айында тағы да жалғасын табады. Бүгінде кейбір кәсіпорындар шығыстарын қысқартып, үнемшілдікке көшіп жатқаны белгілі. Соған қарамастан түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткішіміз былтырғыдан кем түспеу керек деген мақсат қойып отырмыз.

Жастарды, соның ішінде кәсіби тұрғыдан жетілуге ұмтылғандарға қолдау көрсетіп, олардан заман талабына сай басқарушылар даярлап шығаруға арналған «Жастар кадрлық резерві» жобасы бойынша да ауқымды шараларды іске асырудамыз. Былтыр кәсіби жағынан шыңдалғысы келген  17 адамды біліктілікті жетілдіру курсынан өткізіп, лауазымын жоғарылаттық.

Аталмыш жобалардан жоғары арнайы білімі жоқ жастар да шет қалмайды. «Нұр Отан» партиясы  белгілі бір кәсібі жоқ жастарға да қол ұшын береді. Әсіресе, базарларда қара жұмыс істеп жүрген қыз-жігіттердің белгілі бір кәсіптің иесі атануы үшін қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп, бірқатар шараларды қолға алдық. Оларға ақыл-кеңес беріп, қайта даярлаудан өтуге, сырттай және кешкі оқуға түсуге жәрдемдестік. Еңбек нарығында қат мамандықтарға біраз жастарды баулыдық.

– Енді  «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы жөнінде айта кетсеңіз.

– «Нұр Отанның» Астана қалалық филиалында  325 бастауыш партия ұйымы , 6 аумақтық бөлімше бар. Бүгінде қаладағы партия мүшелерінің саны 35 мыңға жетті. «Нұр Отанға» ел үлкен сенім артып отыр. Сондықтан сол сенім үдесінен шығып,  ауқымды міндеттерді шешуге сақадай-сай болу – біздің басты мақсатымыз.

Қымбат НҰРҒАЛИ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight − 4 =