Редактор не үшін қуғындалды?

0 83

1917 жылдың қазан айында билік басына большевиктердің келуімен елде қалыптасқан жаңа саяси ахуал осы аймақтағы елдің қоғамдық өміріне аса ауқымды өзгерістер әкелді. Дамуы жағынан өзгеше саяси билік, қатаң орталықтандырған мемлекеттік биліктің қалыптасуына жағдай жасады. Кеңестік социалистік жүйенің қалыптасып, жетпіс жылдан аса өмір сүруі, бір жағынан, мемлекеттік басқарудың ерекше түрін енгізуге, екіншіден, бұқаралық ақпарат құралдарының, оның ішінде мерзімді баспасөздің рөлін ерекше жоғары көтерумен қатар, большевиктік саясат пен идеологияға бағындыруында болды.1917 жылдың 27 қазанында, яғни төңкерістен кейін екі күн өткен соң, Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы В.Ленин «Баспасөз туралы декретке» қол қойды. Бұл жаңа үкіметтің тұңғыш заңдық актісі болатын. Яғни бұл құжат жаңа билік үшін баспасөздің қандай маңызды екенін айғақтап тұр еді. Келесі күні декрет «Правда» газетінде жарияланды. Оның мазмұнына сәйкес «ашық қарсыласуға немесе үкіметке бағынбауға шақыратын, фактілерді бұрмалап жала жабумен айналысатын, қылмыстық сипаттағы әрекеттерді жасауға шақыратын баспасөз органдары жабылуға тиіс» болды. Бұл жолдар аталған құжаттың оппозициялық мерзімді басылымдарды қуғындауға жол ашқанына дәлел бола алады. Ал 1918 жылдың ақпан айында Халық комиссарлар кеңесі «Революциялық баспасөз трибуналы туралы» («О революционном трибунале печати») декрет қабылдады. Трибунал «баспасөзді қолдану арқылы жасалған адамдарға қарсы қылмыстар мен әрекеттер» үшін үкім шығаруға бағытталды. Трибуналдың барлық саяси құқықтарынан айыруға дейін баратын әртүрлі жаза қолдануға құқығы болды. Тәжірибе көрсеткендей, трибунал жаңа билікті қанағаттандырмайтын барлық редакторлар мен журналистерден арылудың жолдарын қарастырды. Мәселен, 1918 жылдың тамыз айына қарай Петроградта 460 газет жұмысын тоқтатты. Оның жартысы буржуазиялық басылымдар болса, қалған газеттер: эсер, меньшевик және тағы басқа саяси партияларға ниеттес басылымдар еді. Лениндік дәстүрмен қалыптаса бастаған большевиктік басылымдар ұжымдық насихатшы, ұжымдық үгітші және ұжымдық тәрбиеші болып табылды. В.И.Ленин және оның жақтастары оппозициялық басылымдарға сенімсіздікпен қарады. Большевиктік басылымдар бағыты басқа газеттерді «керітөңкерісшіл» (контрреволюция) деп айыптап, оларды жабу қажеттігін ашық жазды. Осы жылдары «Буржуазиялық баспасөздің өтірігіне қарсы», «Жаланы жоққа шығару», «Өтірік теңізі» деген сияқты рубрикалар пайда болды.
Төңкеріске дейінгі баспасөзді жабу, оларға тыйым салу арқылы қоғамдық өмірдің әртүрлі салаларындағы пікір алуандығын (плюрализм) шектеді. Төңкерістен бұрын да цензура қалыптасқан болатын, жаңа билік оны одан әрі жетілдіріп, баспасөзден бастап, барлық баспа өнімдеріне партия комитеттері тарапынан саяси қырағылықты күшейтті. Саяси цензура қатаңдатылып, ол барлық тұрғындардың санасына әсер ететін механизм қалыптастырылды.
Мерзімді баспасөз партияның маңызды саяси-идеялық институты болып саналды, ол партиялық-мемлекеттік жүйенің жетістіктерін ғана насихаттап, таратып отыруға міндетті болды. Ол қатаң партиялық бақылау жағдайында жүзеге асырылды, алдын ала баспасөзде жарияланатын бас мақала мен мақалалар сүзгіден өтіп, мерзімді басылымдардың бағыт-бағдары айқындалды, бағдарламасы жасалды. Кеңес баспасөзі «Кеңестік билікке қарсы жауларды жою», «Кім бізбен болмаса – ол бізге қарсы» деген принципті басшылыққа алды.
1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыс қуғын-сүргін науқанын бәсеңдеткенмен, соғыстан кейін қайта жалғасты. И.Сталин билігінің соңғы жылдары «космополитизммен» күрес басталды, ол соғыстың алдында басталған өнердегі формализмге қарсы саяси шабуылдың жалғасы болатын. Бұл елдегі интеллектуалдық элитаға тағы соққы болып тиді. КП (б) ОК-нің 1946 жылғы тамыздағы «Звезда» және «Ленинград» журналдары туралы» қаулысынан кейін «идеясыз» немесе «идеялық зиянды» еңбектер сынға алынып, науқан жандана түсті. 1946 жыл 30 шілде-1954 жыл қаңтар аралығында баспасөзге қатысты 19 қаулы, қарар, циркуляр (8 жылда) қабылданған екен.
Соғыстан кейінгі жылдардағы саяси қысымның күшейген тұсында қуғындалған, есімі ел есінен ұмыт бола бастаған қазақ журналисі – Ақмола облыстық «Сталин туы» газетінің редакторы Абылай Мұздыбаев. Ол 1912 жылы Алматы облысының Шу ауданында (бұрынғы Жетісу губерниясы Алматы уезді Балқаш болысы №6 ауыл) кедей-шаруа Мұздыбай Досперлиннің отбасында дүниеге келген. Ата-анасының тәрбиесінде болған Абылай 1924 жылы ауыл мектебіне барып, сауатын ашады. 1926-1927 жылдарда Алматы қаласында оқып (СПШ курсанты), 1927-1928 жылдары Алматы уезінде сауатсыздықты жою және саяси ағарту жұмыстарына қатысқан. 1928-1932 жылдары Казинпроста білім алып, 1932 жылдың қыркүйек айына дейін «Лениншіл жас» газетінде әдеби қызметкер болып істеді. Денсаулық жағдайына байланысты 1933 жылдың наурыз айына дейін туған жерінде болды. 1933 жылдан «Сталин жолы», «Красногорец» басылымдарында қызмет істеп, 1934-1937 жылдары Қазақ коммунистік журналистика институтында (ҚКЖИ) оқыды. 1937 жылдан Казрадиокомитетте, «Сталин жолы», «Социалды Қазақстан», «Комсомол пропагандисі», «Вожатый», «Жас большевик», т. б. басылымдарда қызмет атқарды. Партия-комсомол, саяси ағарту жұмыстарымен белсенді айналысып, Орталық Комитеттің штаттан тыс лекторы ретінде халық арасында «Өнер мен әдебиеттің қоғамдық өмірге әсері», «КСРО-ның негізгі экономикалық міндеттері», т. б. тақырыптарда дәрістер оқыды. Қызмет істей жүріп, кешкі марксизм-ленинизм университетінің БК (б) П тарихы факультетінде білімін жетілдірді. 1941-1943 жылдары Павлодар облыстық Обллито басшысы болған ол 1943 жылдың сәуірінде Ақмола облыстық партия органы – «Сталин туы» газетіне жауапты редакторлыққа келді.
А.Мұздыбаев «Сталин туы» газетінде жауапты қызмет атқарып, 1947 жылы Ақмола облыстық партия комитетіне өзінің денсаулық жағдайына байланысты қызметтен босатуын сұрап, өтініш береді. Алайда оның өз ісінің шебері екенін айтып, орнында қалдырған. 1947 жылдың мамыр айында оны «Құрмет белгісі» орденімен марапаттаған. А.Мұздыбаевтың 1949 жылдың 7 мамырында өз қолымен жазған өмірбаянында (ҚР ПА. 708-қор. 49-тізбе. 5306-іс. 7-п.) «Айрықша еңбегі», «Еңбектегі ерлігі» үшін медальдарымен марапатталғаны да айтылады. Алайда соғыстан кейінгі жылдары мерзімді басылымдарға партияның үстем билігі күшейе түсті. Соның нақты бір дәлелі: 1948 жылдың 18 қыркүйегінде «Акмолинская правда» және «Сталин туы» редакциясы бастауыш партия ұйымының жабық жиналысында сөз алған партия бюросы хатшысы, газет редакциясы қызметкерлерінің білімін көтеру үйірмесін ұйымдастырушы-насихатшы И.Березовскийдің партиялық үгіт-насихат, идеялық тәрбие жөніндегі баяндамасындағы «біздің партия ұйымындағыдай нашар жұмыс Ақмоланың еш жерінде жоқ шығар…» деп ескертуі алдағы келе жатқан бір дауылды аңғартқандай еді. Ол айына бір рет партия жиналысын өткізуді міндеттеп, әрбір коммунист саяси ағартудың бір түрімен айналысуы қажеттігін, 1 қазаннан БК (б) П тарихын оқыту үйірмесіндегі жұмысты қайта жаңғырту, әсіресе газет редакциялары жұмысына баса назар аударуды тапсырды. Бұдан кейінгі жиналыстарда да баспасөз қызметіне қырағылықты күшейтетін бірнеше қаулы қабылданды. Ал 1949 жылдың 18 мамырындағы ҚП (б) К облыстық бюро мәжілісінің «Акмолинская правда» және «Сталин туы» газеттерінің жұмысын қарап, қабылдаған қаулысы редактор А.Мұздыбаевқа қатты соққы болып тиді.
«Сталин туы» газеті редакциясы саяси қырағылық сақтамағаны үшін облыстық комитет бюросында сынға алынды. Газет редакторы А.Мұздыбаев саяси соқырлық танытып, газет редакциясынан күмәнді адамдарға орын берді деп айыпталды. Саяси жат, күмәнді элемент ретінде Сүлейменов, Таштитова, Нұртазин, Бектұровтардың есімі аталды. Бюро мәжілісінде сөйлеген сөзінде А.Мұздыбаев өзіне тағылған айыптаулармен келіспейтінін мәлімдеді. Бірақ партия тыңшылары арқылы А.Мұздыбаевтың соңғы жылдары қызметке алған адамдарымен қандай байланысы бары алдын ала анықталып қойса керек, оның бұл сөзін жоққа шығарып сөйлегендер болды. Мәселен, «газеттегі саяси қателігіне байланысты тұтқындалған Б.Сүлейменовті еңбек армиясынан «Сталин туы» газетіне шақырып алды, Донбассқа екі рет хат жазды». «А.Мұздыбаев он жылға бас бостандығынан айырылған Ж.Бектұровты жақсы біледі, «Социалды Қазақстан» газетінде бірге қызмет жасаған. Ж.Бектұров жазасын өтеп келген күннің ертесінде-ақ А.Мұздыбаев оған хабарласып, редакцияға шақырды. Оны редактор жылы қабылдап, жақсы журналист деп мақтап, әдеби хатшы қызметін ұсынды. Ж.Бектұров газет жұмысына белсенді араласып, мақала жазды, аударма жасады». «Жақында ғана лагерьден оралған С.Таштитованы жұмысқа алуға редакция қызметкерлері қарсы болса да, А.Мұздыбаев ешкімнің пікірін тыңдамастан қызметке алды. Ол – халық жауы Қ.Таштитовтың әйелі. Профком хатшысы бұл адамдарды контрреволюционер деп атаса да сөзіне құлақ аспады». «А.Мұздыбаев кейбір орыс ұлты өкілдерін шовинизммен айыптады» деген пікірлер айтылды.
Жоғарыда аты аталған Сағадат Таштитова – Қазақстан комсомолының бұрынғы хатшы Қайсар Таштитовтің жары. Қ.Таштитов 1938 жылы 25 ақпанда айыпталып, ату жазасына кесілген болса, С.Таштитова 1938 жылдың 10 маусымында айыпталып, 10 жылға еңбекпен түзету лагеріне жіберілген. Бұл кезде ерлі-зайыпты Таштитовтар әлі ақталмаған кез еді. С.Таштитова 1956 жылы 4 желтоқсанда, Қ.Таштитов 1957 жылы 4 сәуірде қылмыс құрамының болмауына байланысты ақталды.
А.Мұздыбаевқа жала жауып, бір жақты айыптауға қарсы болған редакция қызметкері Әлима Сақтағанова еді. Ол «Сталин туы» газетінің жауапты хатшысының орынбасары Өмірұзақ Өкішев сөйлеген кезде, «нақты жағдайды айтыңыз, айыптаушы және ақталушы рөлінде емес, өзіңіз туралы айтыңыз» деп ескерту жасады.
Сөз кезегі А.Мұздыбаевтың өзіне келгенде, С.Таштитова стенографистка болғандықтан қызметке алғанын, Б.Сүлейменовтің соғыстан кейін еңбек армиясында жүріп, өзін шақыртып алуды өтініп хат жазғанын және өзінің де оған қол ұшын бергенін, Ж.Бектұровтың газет редакциясында аударма жұмысымен айналысқанын жасырмады. Себебі Б.Сүлейменов пен Ж.Бектұровтың «Лениншіл жас», «Социалды Қазақстан» газеттерінде қызмет істегенін алға тартты. Ал «шовинизмге» айыптады деген мәселеге байланысты мен ешкімді шовинист деп айыптаған емеспін, бірақ баспада біздің «Сталин туы» газетіндегі түзетулерді «Акмолинская правда» газетінің жауапты редакторы И.Березовскийдің қарауына мүмкіндік беріліп, ал маған «Акмолинская правда» газеті түзетулерін қарауға рұқсат етілмеді, сондықтан бұл мәселе жөнінде ашық пікір айтқаным рас» деді. Бірақ қалыптасқан қасаң партиялық жүйе жауапты редактордың шын пейілімен айтқан сөздерін елемеді де. Оған «сізге шетелден жақсы стенографистка келсе, оны да қызметке алып, құпия істерді тапсырарсыз ба?», «Б.Сүлейменовтің тұтқында болғанын білдің бе?», «Неге өзіңді ақтап сөйлейсің?» деген сияқты сұрақтар қойылды. А.Мұздыбаевқа қатаң сөгіс беріліп, қызметінен алынды. Облыстық партия комитеті оның оқуға барып білімін көтеруіне қарсы болмағаны байқалады. Архивте Ақмола облыстық КП (б) П хатшысы Бейсебаевтың БК (б) П ОК жанындағы Жоғарғы партия мектебіне тапсыру үшін А.Мұздыбаевқа берген мінездемесі тіркелген. Алайда қалыптасқан әміршіл-әкімшіл жүйе «Саяси жат элементтерді» қызметке алған А.Мұздыбаевтың білімін көтеруіне де мүмкіндік бермеді, оның соңынан түскендер де аз болмады. Соңында ҚК (б) П ОК-нің арнайы коммиссиясы іс барысын тексеріп, А.Мұздыбаевты БК (б) П ОК жанындағы Жоғарғы партия мектебінен шақыртып алды.
1949 жылдың 22 шілдесінде ҚК (б) П ОК хатшысы С.Кругловқа насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі И.Храмковтан келген ресми хатта Ақмола облыстық «Сталин туы» газетінде қалыптасқан ахуал баяндалып, А.Мұздыбаевты қызметінен босатып, оның орнына Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінің бұрынғы редакторы Сарбасовты тағайындауды ұсынды. Біздің архивтен қараған А.Мұздыбаевтың жеке ісіндегі жазба да «Сталин туы» газетіндегі қызметімен аяқталған екен. Онда: «VII – 49. Освобожден от должности редактора Акмолинской облгазеты «Сталин туы» за засорение аппарата редакции чуждыми элементами и допущение неправильного использования гонорарных средств. Реш. ЦК КП (б) от 27 VII – 1949 г.» деп жазылыпты. Ол кезде А.Мұздыбаев небәрі 37 жаста екен (1912 жылы туған). Бұл жылдардағы мерзімді басылым шын мәнінде қоғамдық өмірдің барлық саласына үстемдігін орнатқан кеңестік тоталитарлық жүйе саясаты мен идеологиясын насихаттайтын «сталиндік газет» болатын. Сондықтан қалыптасқан жүйе «бөтен элементтер», «халық жауы» деп тапқан адамдарын редакция аппаратына жолатпады. Жаппай қуғын-сүргін саясаты кең өріс алған бұл кезеңде газетте жазылған сөз нақты бір адам үшін өмір мен өлім арасын бөліп тұрғандай көрінді. Газетті қорқыныш, үрей хабаршысы, билік органы мен партияның қаруы деп қабылдады.

Данагүл МАХАТ,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын
толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 5 =