Равиль ДОСМАҒАНБЕТОВ, Алматы ауданы әкімдігі абаттандыру бөлімінің басшысы: ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫНА 5800 СТУДЕНТ ТАРТЫЛАДЫ

0 121

IMG_1471

Елордада 7 сәуір мен 7 мамыр аралығында көктемгі экологиялық айлық басталады. Ал, 19 сәуірде жалпы қалалық сенбілік өткізу жоспарланған. Осы ретте Алматы ауданының дайындық жұмыстары жөнінде Равиль Досмағанбетовпен тілдескен едік.

 

– Биыл қалалық сенбілікке 93 мың­дай адам қатысады деп жоспарлануда. Алматы ауданында ұйымдастыру жұ­мыстары қалай жүргізілуде?

– Қаланы санитарлық тазарту, абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары  бойынша арнаулы штаб құрылды. Тиісті іс-шаралар бойынша жоспар бекітіліп, жұмыс тиімділігін арттыру үшін аудан аумағы  сегіз орамға бөлінді. Атап айтқанда, орталық даңғылдар мен көшелер, Ақбұлақ, Есіл өзендерінің жағасы, Оңтүстік Шығыс алаптағы саяжайлар мен  «Промышленный», «Достық», «Железнодорожный», «Интернациональный», «Күйгенжар», «Мичурино» тұрғын алаптары бар .

Қазіргі уақытта тұрғындарды жалпы қалалық сенбілікке қатысуын қамтамасыз ету мақсатында аудан тұрғындарына ақпараттық парақшалар таратылуда.

– Астана – жастардың қаласы. Биыл­ғы сенбілікте олардың белсенділігі қалай болмақ?

– Игі шараға біздің ауданнан 5800 студент қатысады. Орта кәсіптік және жоғары оқу орындарының ұжымдарына арнаулы учаскелер бекітілді. Мәселен, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері Б.Момышұлы даңғылынан
«Рубеж» бекетіне дейінгі Астана – Қарағанды тас жолы бойын, Ғ.Мұстафин көшесінен Еділ көшесіне дейін, Оңтүстік айналма жолды, «Фламинго», «Ударник» саяжай алаптарын, «Шанхай» база­рын, Алаш тас жолын және ЖЭО-2 аумағына дейінгі жолдарды тазартады. Ал, гума­ни­тарлық және медицина колледжінің студенттеріне Ғ.Мұстафин көшесінен Ақбұлақ өзегіне дейінгі бөлік бекітілді.

– Былтыр сенбілік жұмыстарына  әскери бөлімнің жауынгерлері де атсалысып еді…

– Әрине, №68665 әскери бөлімнің жауынгерлері биыл да шет қалмақ емес.  Олар Индустриалды парк аумағы мен «Железнодорожный» тұрғын алабын жинастыратын болады.

Айта кету керек, дәстүрлі  сенбілік жұмыстарына ауданымыздағы кәсіп­орындар мен ұйымдар, оқу орындары, ПИК қызметкерлері түгел қатысуға дайын.

 

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 − 1 =