Раушан ОРАЗБАЕВА, қобызшы, мәдениет қайраткері: «КОБЫЗ ШАЛСАМ, ТЫЛСЫМ КYЙГЕ ЕНЕМІН»

0 602

DSC_8495_026

Бүгін Қазақ ұлттық өнер университетінің Жамбыл Жабаев атындағы үлкен концерт залында белгілі қобызшы, мәдениет қайраткері Раушан Оразбаеваның «Аққу» атты жеке концерті өтеді. Қазақтың төл аспабының мерейін елімізде ғана емес, алыс-жақын шет елдерде тасытып жүрген өнер иесімен кеш алдында әңгімелескен едік. Тек өнердің төңірегінде өрбіген сұхбатты оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік…

Әнші-сазгерлердің арасында «Маған өнер анамнан дарыпты, нағашы жұртымнан сіңді немесе атамнан келген» дейтіндер көп. Ал сіздің бойыңыздағы дарын қалай ашылды?

– Әкем Жұмабек Қамбарбайұлы «сегіз қырлы, бір сырлы» кісі еді. Домбырада жақсы ойнайды, шертпе күйдің шебері-тін. Алматының іргесіндегі Талғар ауданының атынан айтыстарға қатысып жүрді. Әсіресе, замандастарына есімі кеңінен таныс. Ол спорттан да кенде емес еді. Еркін күрестен талай додада топ жарған. Жазатыны да бар. Аудандық, облыстық басылымдарға мақалалары тұрақты шығып тұрды. Бес аспаптығы сондай, өзі қобыз оятын. Яғни, қолынан шыққан қобыздары әлі бар. Ал, әкеме мұндай өнер атамыздан дарыса керек. Әлшекей күйлерін бүгінге жалғаған Қамбарбай да домбыраны өте жақсы тартқан көрінеді.

Ұлы Отан соғысына қатысқан ол өз бойындағы өнерін әкеме сіңірген екен. Біз де кішкене кезімізден домбыраның қоңыр үніне елтідік, қоңыр күймен тербелдік. Шаңырақта бес ағайындымыз ғой. Бәріміз қосыла күй шертетін күндеріміз көп еді.

– Яғни, сізден басқа бауырларыңыз да өнерден кенде емес болды ғой?

– Иә, осы шығармашылық концертімде халықаралық байқаулардың лауреаттары Маржан, Балжан есімді сіңлілерім сахнаның сәнін ашуға, кештің маңызын арттыруға септесетін болады.

– Ал, сіз қылқобызды қалай қолыңызға алдыңыз?

– Рас, Кеңес заманында қоғам қобыз атаулыға үрке қарайтын, құдіретін сезіне бермейтін, «Бақсының аспабы» деген сықылды басқаша көзқараста еді. Бірақ, мен өнер мектебінің табалдырығын аттағаннан қазақтың төл қобызын таңдадым. Ол кезде бар-жоғы үшінші сыныпта оқитын едім. Соның өзі өнерде кеш саналады. Ұстазым Әбдіманап Жұмабекұлы қолыма қарап, «Саусақтарың өте нәзік екен. Қобыз шалуға келер ме екен» деп күмәнданған да еді. Алайда, талпынысым мен құштарлығымның, қабілетімнің арқасында бірнеше жылда-ақ нәтиже шығардым. Қобызды еркін меңгеріп, тіпті, түрлі байқауларда бағымды сынап, жүлделі орындардан көріндім.

– Ең үлкен жеңісіңізді есіңізге түсіріңізші.

– 1990 жылы Атырау қаласында Құрманғазы атындағы екінші республикалық байқау ұйымдастырылды. Осы өнер додасы әлі мектеп қабырғасынан шықпаған менің бағымды ашты. Түбегейлі өнерді таңдауыма себеп болып, үлкен сахнаға жолдама берді.

Ол сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен отыз бес жасқа дейінгі кілең «сен тұр, мен атайын» деген қобызшылар қатысты. Бірақ, қазылар менің ойнау шеберлігіме тәнті болып, дарынымды бағалап, бас жүлдені қанжығама байлады. Бұл – мен, оныншы сыныптың оқушысы үшін күтпеген жеңіс болатын. Сондықтан, бағасы да зор, құны да айрықша.

Өмірлік мұратыма қобыздың жеткізетінін сезсем керек, мектеп бітіргеннен кейін, қай мамандықты таңдаймын деп ойланбастан Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясына құжат тапсырдым. Білім ордасында оқи жүріп, өнерімді «Мұрагер» ансамблінде шыңдадым. О-о, ол кезде бұл ансамбльдің құрамында нағыз өнер шеберлері, орындаушылар бар еді, беделі де мықты болатын. Соның арқасында әлемнің талай елін аралап, концерт бердік.

Әр өнерпаздың паспортына айналған бір туындысы болады. Сізді жұрт «Аққу» күйімен танитын сияқты…

– Иә, әу баста «Аққу» күйімен танылдым, атым шықты. Бір қызығы, осы күйді орындағанымда, шетелдіктер «Бұл қандай әдемі үн, әсерлі саз, қандай аспап?!» деп таңдай қағады, тамсанады. Тіпті, қобызға психологиялық емдеу аспабы ретін қарайды олар. Өзге мемлекетте өткен әр кешімнен қонақтарым сондай сергіп, рухани ләззат алып қайтатынын сезінемін. Ал, өзім қобыз шалсам, тылсым күйге енемін.

Өткен жылдың қараша-желтоқсан айларында Германияның тоғыз қаласын аралап, концертімді берген едім. Тросин қаласындағы өнер университетінде көне аспаптар факультеті бар екен. Соның жетекшісі, профессор Том Шмит арнайы шақырып, студенттерге шеберлік сыныбын өткіздім. Неміс жастарына Қорқыттың күйлерінен бастап үйретіп, қазақ өнерінің інжу-маржанын таныстырдым.

«Аққу» күйінің елімізде де тыңдаушылары баршылық. Президент ең алғаш таққа отырған жылы, оркестрінде қызмет еткенімде қабылдауында болып, орындап бергенмін. Нұрсұлтан Әбішұлы қай кезде де ықылас қойып тыңдап, ризашылығын білдіріп жүреді. Әлі де жоғары деңгейдегі кештердің сахнасынан көрініп тұрамын.

– Еліміздегі дәстүрлі өнердің дамуына қандай баға бересіз? Эстрада әлдеқашан ілгерілеп кетті. Олпы-солпысы болса да, біраз биіктегені рас. Ал ұлттық аспаптар…

– Мен Қазақстандағы өнердің дамуына сырт көзбен қарап көрдім. Зер сала үңілдім. Қайран қалғаным, шетелдіктер қобыз үніне елітіп, өзгеше күйге бөленіп, тыңдай түседі. Ал, біздегі тыңдармандар арасында мән бере бермейтіндер көп әлі.

– Бұл – қобыз аспабы болашақта тек мұражайларда тұрады деген күдік тудырмайды ма?

– Олай деуге тағы аузым бармайды. Мен Астанаға жарты жыл бұрын ғана келдім. Өнер ордалары шәкірттерінің қобыз үйренуге деген қызығушылықтары жоғары. Тағы айтайын дегенім, менің шет елде де шәкірттерім бар. Осы жолғы концертіме солардың біреуі келіп, өнерін көрсететін болады.

Қобызда күй қалай туады? Көне аспапты бақсылықпен байланыстырып жатамыз…

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

– Бұл – рас. Қобыз күйлерінен бақсылық сарын байқалатынына көзім әбден жеткен. Қазақ қобызшыларынан, мәселен, Қорқыттан, Қойлыбайдан, Нышаннан бүгінге көп қазына қалмаған. Бірақ, торғайлық Қазыбек Әбенов көптеген күй шығарып кетті.

Мен Ықыластың, Сүгірдің күйлерін орындағанды ұнатамын. Орындай отырып, күйдің болмысынан философиялық ойларды ұғамын. Осыған қарап, күйдің астарында тұтас өмір, дүние жатыр деп ойлаймын. Кейде, өзімнен де оңашада бір сарындар туады. Байырғы бақсылардай, болашақты көретін, сезетін қасиетім бар сыңайлы… Осы кеште «Арда» деген жаңа күйімді жұртшылық назарына ұсынбақпын.

Тағы бір айтайын дегенім, бүгінгі сазгерлер күйді бір формаға бағындырғысы келеді. Ал меніңше, өнерде еркіндік керек. Шығарма қалай туады, солай жазылсын.

Қазақтың бас шаһарындағы тұңғыш шығармашылық концертіңізден тағы қандай жаңалық күтеміз?

– Қазақ қобыздың киесі бар екенін айтады. Расында, қобыз – адамзаттың аспабы. Қобыздың құдіретіне, күйіне қарап, жат ұлттар қазақ халқының ұлылығына көз жеткізді. Бұған нық сенімдімін. Сондықтан, астаналықтар алдындағы шығармашылық кешіме зор жауапкершілікпен қарайтынымды айтқым келеді алдымен. Мұнда бұрын-соңды орындап жүрген күйлерімді, рояльмен Еуропа шығармаларын орындаймын. Көрерменге ұсынатын көп сыйымның бірі – композитор Базарбай Жұманиязовтың керемет бір туындысы. Бұл күй маған тек қылқобызда орындау үшін туған сияқты. Бұдан басқа да жаңа күйлерді тарту етемін. Концертті «Аққу» күйімен тәмамдамақпын.

Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбатты жүргізген:

Асхат РАЙҚҰЛ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 + 2 =