РАС СӨЗ АЗ БОЛМАСЫН!

0 226

Ғарифолла ЕСІМ, академик

РАС СӨЗ АЗ БОЛМАСЫН!

(Эссе)

Хакім Абай үшінші қара сөзінде өз заманына сын айтқан. Ол сынды халқын менсінбегендіктен емес, керісінше, намысы кернеген соң айтып отыр. Сын айтудың мәнісі міннен арылу, тазару, келер заман келбетін болжауға талпынысынан туған. Өзінің кемшілігін білген адам – ақылды адам. Өз халқының кемшілігін білген адам – данышпан. Кемшілікті білу адамға одан арылудың мүмкіндігін бермек. Өз кемшілігімізді жақсы білеміз, Сондықтан да, біз мықты елміз деген ой осындай түсініктерден шыққан. Абай айтады: «Қазақтың бірінің-біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не?»

Иә, себебі неде? Айтарым, қазақтың Абай тұсында бас бостандығы болма­уында, халықтың басын біріктіретін елдік идеяның жоқтығында. Бодандыққа түскен халықтың мінез-құлқы ұсақталып, харекеті әрекет болып кететіні әу бастан белгілі қағида. Хандық дәуірде қалыптасқан этностық тұтастық Абай заманында жойылған еді. 366 жыл өмір сүрген Қазақ ор­дасынан (хандығынан) «қазақ» деген ат қалды, тіл қалды, жұрт жадында тарих қалды, ал ендігі жерде біртұтас ел болу мүмкіндігі қиялға айналды. Қазақ рухани әлемінің алданыш-жұбанышы, оның фольклоры (аңыз, жыр, дастандар т.б.) ғана болды. Осын­дай хал кешкен қазақтар не істемек? Атқа отырып, қолына қару алуға тыйым салынды. Елді, жерді қорғау мәселелері күн тәртібінен түсті. Хандық басқару жоқ, билер сайлауы ұмытылды. Батырлық дегенің барымталыққа ау­ысып құрыды. Әлжуаз тұрмыс қазақ даласына әлеуметтік дерт әкелді, оның аты – жалқаулық болатын. Тепсе темір үзетін жігіттердің өз күш-қуаттарына лайықты іс, әрекет, харекеттері болма­ды. Сондықтан,, тұрмыста жалқаулық деген індет орнығып алды.

Жалқаулық – қаскүнемдіктің ана­сы. Қаскүнемдіктің барлық түрін осы жалқаулық туғызады. Жұртты жалқаулықтан құтқару үшін елге емші керек. Осы Абай атап айтқан «жалқаулық» дерті бүгін бар ма? Бүгінгі қазақтар бір-біріне Абай заманындағы сияқты қаскүнемдік іс жасай ма? Көпшілік болып ойланайық.

Қазіргі заманда Абай арманы орындалған. Қазақ этносы өзінің са­яси бостандығына қолы жетті. Елге ортақ елдік идеямыз бар, оның негізі – Қазақстан Республикасы деп аталатын мемлекетіміз. Демек, жалқаулықтың саяси тамыры қиылған. Ел нарықтық қатынастарға түсіп жатыр. Олай болса, қазақтардың мінездері іріленіп, бойла­рын елдік намыс кернеп, өркениеттік жолға түсіп, бір-біріне қаскүнемдігі, біреуінің тілеуін бірі тілеспейтіндігі, рас сөзінің аз болатыны, қызметіне таласқыш болатындығы, жалқау болатындығы жойылып, азайып ба­рады емес пе? Әлде, өзге пікірлер бар ма? Осы сұрақтарға қай саяси пар­тия қалай жауап бермек? Партиялар көшбасшыларының сөздерін тыңдап, саяси бағдарламаларын оқып, элек­торат деген қауымның өкілі ретінде санамызға түйіп, сөйлейтін сөзімізді ойластырып жүрміз. Демократия деген тек саяси партиялардың шеп құрғаны ғана емес, ол жұрттың серпілісі, әркімнің санасының оянуы.

Жә, сөзімізді кезінде Абай айтып кеткен жалқаулыққа қайта бұралық. Осындайда еске түседі. Тың иге­ру кезінде Никита Хрущев Алматы қаласында болған митингіде тың игеруге келген өзге жұрт өкілдеріне «қазақ халқы жалқау, үміт сендерде» дегенді айтты дейді көзкөргендер. Сонда сұрақ туады, қазақтар неліктен жалқау? Жалқаулық табиғаттан келген бе, әрине, жоқ. Демек, оның «мәдени» себептері бар. Абай заманындағы жалқаулық себебін жоғарыда айттық. Өкінішке орай, бір бодандықтан екінші бодандықтың өзгешелігі болғанымен, сапалық айырма айтарлықтай бол­мады. Социализм құруға кіріскен қазақтардың бойларынан, тұрмысынан жалқаулықтан арылуына мүмкіндік туған сияқты еді, бірақ өкінішке орай, экономикалық жүйе кедергі бол­ды. Қазақстан өнім өндірмейтін, тек шикізат қана өндіретін экономикалық аймаққа айналды, кәсіби өндірістер тапшы болды. Абай кезіндегідей емес, бар қазақ еңбекке араласты. Жалқаулықтың бұрынғы классикалық түрі жойылды. Мал бағу, егін егу, за­вод, фабрикада еңбек ету жалқаулыққа орын қалдырмады, бірақ оның орнына өзге дерт пайда болды. Ол әлеуметтік бейжайлық (инфантилизм). Оның мәнісі, істі өзі бастап кетпей, бұйрық, шешім, қаулы тосу. Сөздің қысқасы, айтқанды ғана орындау. Бұл кәсіби және әлеуметтік қабілетті, белсенділікті тежеуші күш еді. Табиғатынан таза, аңқау қазақ социализм идеясына тым беріліп, сеніп алды. Ол күмән, күдік дегендерді келтірмеді. Ондайлар бола қалса, большивизм науқан жасап, олардың көзін жойып отырды. Осындай халге дағдыланған халық нарықтық қатынастар тәуелсіздікпен қоса келген­де абдырап қалған еді, енді-енді есін жиып, іс, әрекет, харекетке араласып жатыр. Кезінде технологиялық мінез, әдет, дағдының болмауынан қазақтар нарықтық қатынасқа әу баста үрке қарасты, жаңа экономикалық саясатқа психологиялық бейімделу кейінгі жыл­дары қарқынды жүріп жатқаны кімге де болсын көрініп тұр.

Солай бола тұра, осы сөздерге қоса айтарым, нарықтық қатынастар түгілі одан да зоры болса да, икемге әлі көнбей жатқан менталитетіміздің барын да жасыра алмаймыз. Абай айтқан қазақтардың бір-біріне қаскүнем болатындығы, біреуінің тілеуін бірінің тілегісі келмейтіндігі, қызметке таласқыш болатындығы шайқалмай-төгілмей бүгінгі күнге жеткеніне қалайша таң қалмайсың. Егемен елдің азаматтарында осын­дай жат пиғылдар өшудің орнына өсіп, «жеміс» беріп тұрғанына қалай қиналыс білдірмейсің. Мұның себебі неде? Қарға тамырлы қазақ емес пе едік, неге бүтінді бөлшектей береміз. Біртұтас қазақ этносын бөлшектеу арманы – Қазақ ордасы құрылғаннан бері, сыртқы дұшпандардың жасап келе жатқан айла-шарғылары…

Сырт дұшпандарды қоя тұрып, қазіргі саяси партияларға келсек, олар елді бөлшектейтін күштер ме, әлде Елбасының төңірегіне халықты топтастырушы күштер ме?! Осыған жауапты кімдер бермек? Өтірігі жоқ, рас сөзді кім айтады?

Қызметке таласып, бірінің-бірі тілеуін тілемек түгілі, бір-бірімен жау-ласып жатқандар әлі бар емес пе?!

Әрине, өмір болған соң бәрі болады. Алайда, Абай ескертпелері күні бүгін күшін жойды десек, рас сөзіміздің аз болғандығы емес пе…

АДАМ ЖЫЛАП ТУАДЫ…

Абай «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі» дейді төртінші қара сөзінде. Ертеде ғұламалар айтып келе жатқан ой. Оны Абай қайталап отыр. Себебі, бұл айтпасқа болмайтын сөз. Адам баласына естіген, оқыған, білген жайларды қайталап айтып, ескертпе жасап отырмаса, сол білгендерін есінен шығара береді. Адам білгенін есінен шығарайын деп шығармайды, оны сондай халге түсіретін өмірдің қызығы. Кей-кейде бір күндік қызық көп нәрселерді ұмыттырып жіберетіні бар. Жанталасқан, жұлысқан тіршілікте адам білгенін естен шығарып алады. Сондықтан да, әр заманның ғұламалары мәңгілік ойларын қайталап отырғаны қажет іс. Абай өзінен бұрын өткен ғұламалар айтқан адамның жылап туатынын, кейін өлетінін қайталап айтқан. Шынында, адам жылап туатыны үйреншікті көріп жүрген ісіміз. Бірақ, адам тек туғанда ғана жылап туа ма? Көбіміз өмір бойы жылап өтпейміз бе? Жы­лау дегенді физикалық (яғни, көзден жас парлауымен) және метафоралық мәнінде қолдансақ, меніңше, адамдар тек жылап тумай, өмір бойы жылаумен болады. Әйтеуір, бір бітпейтін шаруа. Таусылмайтын арман, оны қазақ «Кедей байға жетсем, бай құдайға жетсем» деген мақалға сыйғызған. Нарық, бәсеке заманы, демек, байлық та, билікте те бәсекеге түсті. Мақсат біреу – не байлықпен, не билікпен ар­тылу. Қолдағы барға місе тұтпай, ол аз көрініп, жанталасып қалтаны толтыру мақсаты негізгі өмір сүру мақсатына айналғанда болатын жағдайды Абай былайша білдірген: «Бірін-бірі аңдып, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнінде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды». Абай «таусылған күн» деп адам өмірінің соңғы нүктесін айтып отыр.

Жылаумен өткен ғұмырың бітті, енді осы «таусылған күннен» басқа саған күн жоқ, күнкөріс жоқ. Малың бар, байлығың бар, ол саған тым құрыса енді бір күндік ғұмыр бере алмақ емес, сондағы өткен күндеріміздің мазмұны не болды дейді хакім. Мүмкін, өмірге сәбидің жылап келуінің мәнісі де осында ма екен? Жылайтыны, ол бейнет ғұмырға енгелі отыр. Өсе келе, есейе келе, адам алдында кінәлі, жаратушы алдында (егер оны мойындасақ) күнәлі бола бермек. Басқа жол жоқ. Адамның өмірге құштарлығы тек осындай жолға бастамақ, өмір талқысы адамды сан рет жылатады. Жыламайтын жан жоқ. Абай «Бұл дүниенің рақатының қайда екенін адам білмейді» дейді. Бұл пікірге қосылмауға болмайды. Ойлы адам біледі, дүниеде рахат жоқ. Сондықтан, адамзат болсаң, үміт етіп жұмақты, ескертпе ретінде тамұқты ойлап тапқан. Жұмақ – үміт. Ол –үміт отын сөндірмеу үшін айтылатын идея. Мәселе, жұмақтың ол дүниеде барлығы немесе жоқтығы емес, оның идея ретіндегі шындығында және сол идеяның адамдарды ізгілікке, парасаттылыққа шақыруында. «Тау-сылатын күнге» адамның жеңілдеп жетуінде. Бұл менің адам жылап туады деген ойға қатысты пікірлерім. Енді сөздің екінші жартысына, «адам кейіп өледі» дегенге келейін.

Адам неге, кімге кейіп өледі. Ол өлімге кейи ме, әлде өмірге кейи ме? Ойлаймын, адам өлімге кейи алмайды. Себебі ол өлімнің не екенін білмейді. Тірі жанға өлім – құпия. Дүниеде өліп тірілген жан жоқ. Өлім деген адамзаттың тәжірибесіне айналмаған. Өлім адамның басынан өтпеген нәрсе. Ол өзгелердің ғана өлімін көріп жүр. Өзгенің өлгені оған білім, бірақ өмірлік тәжірибе емес. Сондықтан, адам кейіп өлгенде, мүмкін өлімге емес, өткен өміріне кейитін шығар. Ол өмірінің мағынасыздығына, тұрақсыздығына, жалғандығына кейитін шығар бәлкім. Себебі, өмір адамның тәжірибесі, ол өзінің қалай өмір сүргенін біледі, өмірінің соңғы таусылған күнінде ғана өз ғұмырының мәнін түсіне бастайды.

Дүниеде кім болмасын, нендей істер атқармасын, адам «таусыншақ күні» ерекше ойға келетін сияқты. Бұл мәселе туралы әдебиеттер көп, солардың бәрінде адам өмірінің ең соңғы күніндегі сана мен оның қызыл-жасыл ғұмырындағы сананың айырмашылығы мол екені айтыла­ды. Өмірдің «соңғы аялдамасында» тұрған адамның ойына қуаныш, рахат сезімдері келеді деп кім нақтылы айта алмақ. Қандай мәнсіз, мағынасыз болғанымен, жалған дүние думанына жететін не бар. Ойлаймын, ешнәрсе жоқ, бірақ сол жалған дүниені теңдесі жоқ ғұмыр ету, әділетті өмір сүру, бір шешімін таппаған мәселеге айналғалы қай заман.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − twelve =