РӘМІЗІҢНЕН РУХТАН!

0 145

Қадірін қашырмайық

Тұғырдағы Туымызды, маңдайшадағы Елтаңбамызды, жүректен шығар Әнұранымызды хал-қадірімізше қастерлеу жөнінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 34-бабының 2-тармағында: «Әркім респуб­ликаның мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті» деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 354-1-бабына бір сәт көз тоқтатсаңыз, «Жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының мемлекеттiк нышандарын заңсыз пайдалануы – ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады» дегенді оқисыз. Мемлекеттік рәміздерімізге байланысты заңнамаларға өзгерістер енгізіліп, жазалау жағының күшейтілгені де мәлім. Бірақ…

Аталған бұлжымас талапты басты қағидаға айналдыра алмай келе жатқан түйсіксіз немелерге не дауа?! Әркімнің сурет салғансып, көк байрағымыздағы қыранды сүмпитіп қойғанына және онысының мемлекеттік мекемелердің төрі мен жеке сайттарынан көрініс табатынына налымай көріңіз!.. Дәл осындай жағдай Қытай елінде орын алса, мемлекеттік рәміздерді қорлаған қолға бірден кісен салынады. Еріккен «су­рет­шілерді» еркіне жібере беруге бол­май­тындығын түсіну үшін бұдан артық мысалдың керегі шамалы.

* * *

Биыл Алматыда 130 мемлекеттік меке­мелерді тексеру барысында, біразының төбесіндегі Туымыздың түсі әбден оңып, жұлым-жұлымы шыға желбіреп тұрғаны анықталды. Кентау қаласының кіреберісінде алыстан жарқырап көрінген көк байрақ та солардың кебін киген.

* * *

Өскеменнің №11 мектеп-гимназиясы сайты­на Аблакеткадағы «Қазақстан» тауы­ның ұшар­басына тігілген көк байра­ғымыз жарияланыпты. Бұның одан сайын парша-паршасы шықпай тұрғанда, орнын алмастыратын екінші Туды әзірлеп қойса жарар еді…

* * *

1946 жылы құрылып, содан бері 191 елде жұмыс жасап жатқан UNICEF балаларды қорғау ұйымы кеңсесінің алдындағы көрініс: төң­ке­рілген Ту. Бұған байланысты түсінік берген бай­ланыс ұйымының үйлестірушісі Сұлтан Құдай­бергеновтің айтуынша, жағдай «Астанадағы қатты желдің салдарынан болған». Амал жоқ, үйдегі тілі жаңадан шығып келе жатқан бөпемізді де соған сендіруге тырыстық.

* * *

«Алға, Қазақстан!» деп қояды өздерінше. Күннің астына жылдам тұра қалу үшін ербиіп ұшып келе жатқан бүркітінің сиқын қараңыз!..
Оны қойшы, бүгінде Қытайдан келетін ішкиім­нің өзі «патриотизм жаршысы» ғой! Оны кере ұстаған өзге ұлттың өкілі тауарына жарнама жасап тұр ма, әлде, бізді мазақ еткені ме… Әйтеуір, әлеуметтік желіге орналастырған орынсыз суретіне іш тарта қарамағанымыз анық!

* * *

Әдетте, желтоқсан айында еліміздің бар­­лық өңірінде Тәуелсіздік күнінен бұ­рын «Жаңа жыл­ға» дайындық басталып кетеді. Былтыр сондай бір шара бары­сында Талдықорғандағы «Жигули» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінің қыз­­меткерлері мен көше тазалаушылары кәдімгі өзі­­міздің көк Тудан дорба тігіп, қоқыс тасыды. Орталық алаңдағы шыршаны сән­дейтін ойын­шық­тарды да осы қапқа салып сүйреп жүрген серіктестіктің безендіру бойынша пысығы Светлана Друзина мен көгалдандыру бойынша қолбала Галина Краскованың айтуынша, Ту ескіріп қалған екен. Сондықтан оны «бір іске» жарату керек болыпты.

«Шымкенттің салқын сырасы». Безен­дірілген түрін!

Күн мен қыранды көрінген нәрсеге қыс­тыра берудің не керегі бар екен, ә?! Елжан­дылығың ұстап бара жатса, ішімдік атау­лыға Елтаңбамызды да жабыстыра сал!.. Қалай болар екен?..

* * *

Винокуров шайтанарбасының ершігін сәндей­тін басқа ұстынымыз құрып қалған сынды. Мем­лекеттік рәмізімізді лыпадан көрдің не, вело­ша­бандоздың екі аяғының арасынан аңғардың не, бәрібір!.. Қорлықтың мұндай да түрі болады екен.

* * *

Елімізге белгілі бір колледж студенттерінің мемлекеттік Туды төмен түсіріп жүрген бейне­сюжеті ғаламторды жайлап, дүйім елді дүрліктір­ген еді. Оған да қоғамдық тұрғыдан онша қозғау бола қойған жоқ.
Енді Елтаңбамызға келейік… Ақмола облысы орталығының Біржан сал көшесінде Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мем­лекеттік университетінің туризм, спорт және дизайн факультеті орналасқан жеке оқу ғимараты бар. Соның маңдайшасындағы Ел­таңбаның жалпы құрылымы қалай болса солай салынғанымен қоймай, «Қазақстан» сөзінен «т» әрпі түсіп қалып, «Қазақсан» болып тұр.
P.S. Бұл мақалаға мән берер көзі­қарақты оқырманның «ананы неге айта кетпе­ген?», «мынаны қалай көр­мей қалған?» деп күйіп-пісуі мүмкін. Өйт­кені, біздің тізбектегеніміз – заңға том­пақ әрекеттердің бергі жағы ғана. Ту төңірегіндегі тұрпайылықтарын түгел айтпағанның өзінде, Әнұранды жатқа білмей, оны өзге қаңғыр-күңгірмен шатастырып алып жатқан отандастарымыз қаншама?! Ол да өз алдына бөлек бір тақырыпқа жүк боларлық деңгейде. «Жындыны «жынды» деген сайын бөркі қазандай болады» дегенді ескеріп, салдыр-салақ сабаздарды сынау жағын осымен-ақ доғарған дұрыс.

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Елдігіміздің ерен белгісі

Мемлекеттік тәуелсіздікке ие болып, Қа­зақстан Республикасы атанғанымызға жиырма екі жылға жуықтады. Қазір әлем де бізді осы атпен таниды. Дербес ел екенімізді білдіретін барлық нышандарымыз бар. Соның бірі де, бірегейі де – мемлекеттік рәміздеріміз.

Шетел жұрты осы рәміздерімізге қарап, кім екенімізді танып жатады. Әсіресе, спортшыларымыз ел мерейін асырған сәттерде көк Туымыз биікте желбіреп, Әнұранымыз шырқалғанда танымалдығымыз арта түседі.

«Киіміне қарап қарсы алады» деген сөз бар. Сондықтан, әрине, спортшыларымыздың киімдері де жарасымды, көрген жұрт тамсанатындай болуы шарт. Осыны ойлаған ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі 2014 жылы Сочиде өтетін XXII қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасы киетін спорт киімдерінің дизайнына конкурс жариялады. Және онда Қазақстанның Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы мен ағылшын тілінде Kazakhstan деген жазу міндетті түрде болуы керек. Агенттік қойып жатқан бес та­лаптың бірі осы.

Тек қана спорттық емес, қарапайым жұрт киетін киімдерде де рәміздеріміз бейнеленіп жатады. Өкінішке қарай, ондай киімдер Қырғызстан, Қытай секілді елдерде ғана тігілетін сияқты. Мәселен, «NUR.kz» порталының жазуынша, қырғыз тігіншілерінің қолынан шыққан, Қазақстанның Елтаңбасы бейнеленген күртеше, бас киімдер Бішкектің базарында самсап тұр. Оларға сұраныс та жоғары екен.

Аса бір сәнқойлар болмаса, киім өрнегіне онша мән беріп қарамайды екенбіз. Ал, одан да рух алуға болатындай. Ақын Ұларбек Нұрға­лымның өлеңін оқығанда сондай ойға келдік:

Ағамның содыр ұлы бар еді,
Алтайда қалған, ауылда.
«Ерлігін» естіп отырам әлі,
Тілдессем аға-бауырға.

Мектептен қайтқан «батырлар» жолда,
Тентектігіне басатын.
Қытай балалар қырғиқабақ боп,
Қырылысып кеп жататын.

Қырда өскен мығым біртоға бала,
Төбелес десе түрленер.
Сол «жігіт» екен Оспан батырдың,
Рөлін сомдап жүрген ер.

Өткенде соның бір сөзін естіп,
Тоқ жүріп өтті денемде.
«Қазақстанның туы бар шәпкі,
ап келсін» депті келерде.

Төртінші сынып оқитын бала,
Мың тәтті қиял ойында…
Келген кеткеннен естіп жүрген ғой
Қазақтың елі жайында…

Міне, қытайдың балаларына сес көрсету мақсатындағы 10-11 жасар «бұзықтың» ойы осындай. Мұнда жат жерде жүрген баланың атамекеніне деген сағынышы да бар.

Көбіміз осындай бола алмай жүргеніміз өкіндіреді. Әйтпесе, АҚШ-тың туы немесе өзге елдің белгісі белгіленген киімді кимес те едік.
Қысқасы, рәміздеріміз бейнеленген киім­дерді (тек олар белден төмен орналаспау керек) киейік, олар бейнеленген кәде-сыйла­рымызбен бөлісейік. Себебі, рәміздеріміз – мақтаныштарымыз.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Әр қоңыраудан әнұран естілсе…

Қалтафоннан жиі қолданылатын әмбебап бұйым жоқ шығар. Бір өзінде бірнеше қызметті біріктірген байланыс аппаратының жұртқа ұнайтын тағы бір жері – біреу-міреуге телефон шалсаң, бұрынғыдай құлақ етін жейтін дыңылдаған қоңыраудың орнына өзіңізге ұнаған әуеннің бірін қоюға болады. «Фантон» немесе «рингбэктон»  деп атайды оны. 

Өткенде, журналистиканы бірге бастаған жолдасыма хабарласқам. Сөйтсем, жұрттың бәрі Топ-20, Топ-10 легіндегі танымал әндерді жапа-тармағай қойып жатқанда, өзгеден ерекшеленбесе жүре алмайтын жүгірмектің телефонынан мемлекетіміздің әнұраны төгіліп тұр. Тура келгенде, түрт­пектеп ит-сілік­песін шығаратын әлгі досыма сол кезде шын жүректен риза болдым. Шіркін-ай, жүрегі ұлтым деп соққан әр азаматқа үлгі боларлықтай қарапайым мысал осы ғой.

Сөйтсем, ол да оңайлықпен бола қой­майтын дүние екен. Біздегі байланыс опера­торларының бірде-біреуінің сайтынан әнұран іздеп тап­падық. Cенбесеңіздер, «Ксell»/«Activ» брендінің www.simfonia.kz, «Beeline»-ның www.funtone.kz, «Dalacom/Patword»-тың www.tonix.kz, «Tele2»-нің www.gudok.tele2.kz, «Қа­зақтелекомның» www.telecom.kz cайт­­тарына арнайы кіріп тексеріп көріңіз. «Қа­зақ­стандық әндер» бөлімінен Қайрат Нұр­тас­тың қаптаған «махаббатына» малшынып қалуыңыз мүмкін, бірақ, Жұмекендей ақын мен Шәмшідей сазгердің жүрегінен шыққан жігерлі әнді жарық күнде жолықтыра алмайсыз. Неге? Өзбекшалыс айтқанда, «гәп неде?»

Оны байланыс операторларының өкілдері түрліше түсіндіреді. «Tele-2 Kazakhstan» ком­паниясының қоғаммен байланыс жөнін­дегі менеджері Нүркен Халықберген:

– Бәрі «Авторлық және аралас құқық ту­ралы» заңның талабына тіреліп тұр. Ән­ұран мемлекеттің нышаны болғандықтан, оның авторы деп нақты біреуді тануымызға, ортақтастыруымызға болмайды. Сондықтан, плей-парақшаға қоймаймыз. Егер заң шыға­ру­шы орган осы жәйттің басын ашып берсе, Әнұранды абоненттерімізге тегін таратуға әзірміз, – дейді.

Ал, «Beeline» компаниясының PR-менед­жері Анар Жұмағұлованың пікірінше, кез келген мемлекеттің әнұраны – даңқ дастаны, оны «шөпті де өлең, шөңгені де өлең» қылатын ойын-сауық контентінің ортасына апарып салып қою – этикалық тұрғыдан дұрыс емес сияқты. Әрі бір жағынан ән­ұранды фантон ретінде пайдалануға автор­лық құқықты пайдалану туралы рұқсаттың жоқтығы кедергі келтіріп тұр.

Қалтафоныңыздан әнұран әуенін қалық­татудың бір ғана жолы бар екен. Сайт­қа кіресіз де «Өз әуенім» функциясы арқы­лы компьютеріңізден жүктейсіз. Рас, про­вай­дер компания әннің сапасы мен авторлық құқығының сақталуына қатысты жауап­кершілікті өзіңізге ысырып тастайды, бірақ, абоненттік ақы алады. Сондықтан, бұл мә­селені Мемлекеттік рәміздер жөніндегі рес­­публикалық комиссиясы біржақты қылған жөн. Осы күні әнұранның сөзін білмей, жорта ернін жыбырлатып тұратындардың талайын көріп жүрміз. Күнделікті естіп жүрмегесін, сөйтеді де. Ал, «рингбэктонын» ресми айналысқа шығарса, қолдан-қолға өтіп, өзіне хабарласқанда әнұран ойнату сәнге айналар ма еді. Әсілі, қоғамның патриоттық сезімін көтеруге технология тамашалары таптырмас құрал екенін кеше Фейсбуктегі «Аза бауы» акциясы айғақтап берген жоқ па?

Әділ АЛАШ

Көк Туымыз көктен түспесін!    

Бақытбек СМАҒҰЛ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,  «Нұр Отан» фракциясының мүшесі,  Ауғанстан соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері»  қауымдастығының төрағасы:

Тәуелсіздігіміздің түндігінде, туған жері­міздің кіндігінде киелі шаңырығымыздың бір­лігінде, Көк туымыз көкке көтеріліп, жарық ғаламға күн нұрын шашқанда, күн шуағы алтын арайымен зеңгір аспанымызда құс патшасы – қыран қалықтағанда, менің көз алдыма ұдайы Шәкен ағам елестейді.

Неге дейсің ғой?

Қасиетті Қазақ Елінің мемлекеттік Туы­ның авторы Шәкен Ниязбеков ағамыз ата-бабаларымыз ежелден қасиет тұтып, сим­волға ай­нал­дырған күнді, қыранды және аспан түстес көк бояуды әдемі астастырып, үйлестіріп, бүгінгі күні баршамыздың мақтанышымызға көз қуанышымызға ай­налған Қазақстан Рес­публикасының Мем­лекеттік Туын жасап, қолымызға ұстатты.

Ғаламның қай түпкірінде болмасын, қандай мемлекетте, қай елде жүрмейік, өзге мемлекеттердің самсаған байрақтарының арасынан Қазақстанның Көк Туы сонадай­дан көзге ұрып, өзінің етенелігімен әрі ерек­шелігімен жанымызға күш-қуат береді.

Туымызды қазақтың жүрегіне өте жақын әрі етене, сонымен қатар өзгелерден өзіндік ерекшелігімен, айырықшаланып тұратын етіп жасауға Шәкен ағамыз қыруар көп еңбек сіңірді, қыруар қажырымен білік-білімін жұмсады.

Американың азаматтары «АҚШ-тың Туы зәулім ғимараттың төбесінде ілулі тұрсын, мейлі судың астында жатсын немесе қырық бүктеліп умаждалып, қойманың ішінде жат­сын, ораулы күйінде сөреде тұрсын, көзің­нің қиығы түскенде-ақ, оның АҚШ-тың мем­лекеттік Туы екенін бірден жазбай та­нисың» деп мақтаныш етеді.

Бұл сөздің жаны бар. Себебі, АҚШ Туының өзіндік бедер-белгілері өте айқын, айшықты, әрі ешкімге ұқсамайды. Осы тұрғыдан қарасақ, біздің байрағымыздың да дизайны аса ғажап әрі ұтымды шыққан.

Қазақта «Туың жығылмасын!», «Көк бай­рағың биік болсын!», «Қолдағы Туың жел­біреп барып, желбіреп қайтсын!» дейтін ежел­ден келе жатқан жақсы тілектер бар.

Бұл – тек Ту ұстап, тұлпар мінген халыққа тән тілектер.

Тудың қадір-қасиетін тек қана халық біледі. Шәкен ағамыздың кешегі тарихымыз бен бүгінгі заманымыздың талап-тілектерін ескере отырып жасаған көк Туы ешқашан жығылмайды! Қазақ Елінде мәңгі желбірейді де тұрады!

Алашымның айбары

Көк байрағым аспанымдай зеңгір көк,
Желбірейді: «Мен Тәуелсіз Елмін» деп,
Елдігімді, ерлігімді паш еткен,
Көк туымды биіктерден көрдім көп.

Биіктерге көтерілсе байрағың,
Арқаланып, арта түсер айбарым.
Бөрі мінез, жылқы тектес бабамдай,
Ту көтерсе, намысымды қайрадым!

Алты құрлық басын иген нарқына,
Көз тимегей қазағымның даңқына.
Тарихымды өзі-ақ танып, білмей ме,
Бойлаған жан Елтаңбамның парқына.

Әнұраным шырқалғанда шарықтап,
Құс патшасы көк байрақта қалықтап.
Алтын арай күн нұрымен оянған,
Өз Отанын ардақтайды халық хақ.

Кім таныса, ел белгімнен танысын,
Ертең күліп ататұғын таң үшін.
Осыларды сақтап тұрған барлығын,
Ата Заңым – Ар-ожданым, намысым!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 2 =