Рәмізіңмен рухтан!

0 44

Бүгін – Мемлекеттік рәміздер күні. Егемен ел екенімізді айшықтайтын бірден-бір нышандар – Мемлекеттік Туымызбен, ­Елтаңбамызбен және Әнұранымыз­бен тәуелсіздігіміздің тұғыры нық. Азаттығымызды алғанша қызыл туға телміріп, орақ пен балғаны құдірет санап, Одақты әнге қосып келген біз осыдан жиырма сегіз жыл бұрын өз рәміздерімізге ие болдық. Қазір көк туымыз биікте желбіреп, елтаңбамыз елімізді еңселендіріп, әнұранымыз асқақтап тұр. 4 маусым күні сағат 09:00-14:00 аралығында «Отан қорғаушылар» монументінен бастап Есіл өзенінің жағалауына дейінгі аумақта Мемлекеттік рәміздер күніне арналған челлендж өтеді. Аталған мерекеге орай елорда тұрғындары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындап,бір-біріне жолдайды. Оған қала халқының барлығы үн қоса алады.

 

Мемлекеттік рәміздер – бүкіл әлемде елдің тәуелсіздігін, халықтың патриотизмін, батырлығы мен даналығын, жарқын болашаққа ұмтылысының, мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтас­тықтың бейнесі. Осы мерекені атап өту және мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылады. «Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекеттігіміздің, егемендігіміздің мызғымас негіздерінің бірі. Олар тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші бейнесін білдіреді» деген еді Тұңғыш Президент ­Нұрсұлтан Назарбаев.
Шара Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің бастамасымен өтеді. Сондай-ақ «Астана жастары» КММ осы күні мемлекеттік рәміздерге 28 жыл толу құрметіне орай қала көшелерімен 28 автокөлік пен 28 мотоцикл қатысатын салтанатты шеру өткізеді. Автошеру 2017 жылдан бастап тұрақты өткізіліп келеді.
Шеруге қатысатын барлық еріктілер қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар оларға карантин режимін сақтау бойынша нұсқау беріледі.
Айта кетейік, 1 маусымнан қоғамдық көліктерде мемлекеттік рәміздер туралы бейнематериал таратыла бастады. Ірі сауда орындары – «Еуразия», «Астаналық базар», «Аружан», «Жаннұр», «Гүлжан» орталықтарында хабарландыру жа­рияланған болатын.
#МеніңТуым #МемлекеттікРәміздер #БізБіргеміз #МеніңЕлімҚазақстан хештегтерін қолдана отырып, бейнежазбалар азаматтардың жеке парақшаларында, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі мемлекеттік және ведомстволық бағынысты мекемелердің парақшаларында жария­ланады. Бейнероликтер – ­патриоттық сезімді, елорда тұрғындарының бірлігін нығайтуға арналған және мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетудің көрінісі.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 + twelve =