Рәмізге құрмет – еліңе құрмет

0 164

Бейсенбі күні Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаеваның төрағалығымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

Жиында мемлекеттік рәміздерді пай­дала­нудағы заң бұзушылықтар жөнін­де кеңінен сөз болды. Алдымен Алматы ауда­ны әкімінің орынбасары Түсіп Рыс­пе­ков өз аумақтарындағы мекемелер мен ұйым­дардың мемлекеттік рәміздерді қол­да­нудағы кемшіліктері жөнінде айтты. Аудан әкімдігі осыған байланысты ұдайы тек­серу жүргізіп отырады екен. Жа­қын­да жүр­гізген рейдте «TENGRI» қо­нақ үйі мен «Толқын» спорт кеше­ні ғима­­­рат­­та­рында мемлекеті­міз­дің Елтаң­басы мен Туы ілін­бегені және Мичурин тұр­­ғын үй алабында орналасқан «Аста­на-Өнім» АҚ-ндағы мемлекет­тік ны­шан­дар ере­желерге сәйкес келмей­тіндігі анық­­талған. Меке­мелерге жасал­ған ес­кер­­ту­ден кейін кемшіліктер дереу жөн­делген.
Ал Есіл ауданы бойынша жүргізген тек­серудің нәтижесін баяндаған аудан әкімі­нің орынбасары Гүлнәр Қасенова елді­гімізді айшықтайтын нышандары­мыз­­ды қолдану барысында «Думан» қонақ үйі, «Хайвил Қазақ­стан» компаниясы, «Қазақ­теле­ком» АҚ сынды бас-аяғы тоғыз мекемеде заң бұзушылықтар анық­талғанын атап өтті. Ал «Юнус Эмре» атты түрік мәдениет орталығы заң­ды қоныштан басып, Мемлекеттік туы­мыз­дың өлшемін өз білгендерімен жасап алыпты.
Бұдан кейін Сарыарқа ауданы аума­ғын­дағы мемлекеттік рәміздерді қолдану жайы сөз болып, аудан әкімінің орынбасары Сәуле Нұрғожина қыркүйек айында жүргізіліген тексеруде төрт заңсыз де­рек байқалғанын жеткізді.
Жиында Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – елге деген құрмет екендігін, сондықтан тек­серулерді күшейтіп қана қоймай, ал­дын алу шараларын да қарастыру қа­жет­тігін қадап айтты.
Комиссия мүшелері мемлекеттік рәміздерді қолданудың тәртібін жұрт­шы­лыққа кеңінен түсіндіру үшін халық­пен тығыз байланыстағы зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізетін болып келісті.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 + 17 =