Рамазан СТАМҒАЗИЕВ, ҚР еңбек сіңірген әртісі: «Мәдениетіміздің алтын өзегі – дәстүрлі ән»

0 195

– Өнердегі көп інілеріңіз сізді аға тұтады. Өзіңіз осы жолға жаңа келген жылдары кімдер қол ұшын беріп еді?

Көпен БАЛАЖАНОВ, кәсіпкер

– Менің бағыма Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосы­нов, Қанат Омарбаев, Нұрғали Нүсіпжанов сынды ағаларым жолықты. Ең алғаш оқуға түсерде, қазақтың біртуар мықты әншісі Жәнібек Кәрменов қабылдап алған. Одан кейін Қайрат Байбосынов ағамыздың сыныбына түсіп, осы сыныпты аяқтап шықтым. ҚР еңбек сіңірген әртісі Қанат Омарбаев та кәсіби әнші ретінде қалыптасуыма әсер етті. Кейіннен сахналық мәдениетке үйреткен ҚР халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов болды. Осы ұстаздарымыз біздерді сахнаға «қашап», дайын кәсіби әртіс етіп шығарды. Ал, негізінен туысқан, ау­ылдас болсын, қазақтың кез келгені әніме, өнеріме мақтау айтса, соның бәрі мен үшін көмек болып тұрады.

– Кейінгі кезде өнер адамда­ры саясатқа араласып, депутат атанып жүр. Сізді осы тектес қызметке шақыра қалса, барар ма едіңіз?

Бек МАРАТОВ, оқырман

– Рас, өнердегі кейбір аға-інілерім саясаттан да хабары бар екендігін көрсетіп жүр. Бірақ мен үшін осы өмірімнің өзі қызық, қарбаласқа толы. Жасырып қайтейiн, бүгiнге дейiн бiрнеше лауазым­ды қызметтерден шақырту келдi, бас тарттым. Өз басым әншiлiктi адамның басына қонған үлкен бақ деп бiлемiн. Сондықтан халық та­рапынан өнерiме деген сұраныс барда әнiмдi айтып, халықтың алдында өнерiмдi көрсетудi жөн санаймын. Қалғаны кейін бола жа­тар. Уақыты келгенде елдiң жоғын түгендеп, барын елеуге атсалысар­мыз. Бүгінде мен тек әншілікпен шектеліп жүргенім жоқ, ұстаздық жолды да қатар алып жүрмін. Он жылдан астам уақыт бойы Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде сабақ беріп келемін.

– «Ауылды сағындым ғой» деп әндетесіз. Туған ауылыңызға бармағалы қанша уақыт болды?

Бостан МАХМЕТОВ, заңгер

– Туған жерге жылда барып тұрамын. Жақында ауылым­да өзіммен бірге оқыған әнші Ғалымжан Досанұлы атындағы әншілер мен күйшілер байқауын ұйымдастырдым. Оған 70-ке тарта жасөспірім қатысты. Олар халық композиторлары мен халықтың ән-күй мұраларын орындап, өздерінің шеберліктерін шыңдады. Үздік шыққан балаларға бағалы сыйлықтар тағайындалып, диплом­дар тапсырылды.

– Бүгінде дәстүрлі ән, эстрадалық ән деп бөліп қарайды. Сіздіңше, осы дұрыс па?

Әспет ЖҰМАШКИНА, мұғалім

– Эстрада кейіннен қосылып жатқан ағым. Дінде неше түрлі ағымдар бар ғой, сол сияқты. Кәдімгідей меңдеп, өзінің биігіне шығып алды. Жасыратын несi бар, бұл жанр әлемдi, жаһанды жаулап, өскелең ұрпақты тәрбиелей бастады. Бұл жаман, болмаса, эстраданың көзін құрту керек деген әңгіме емес. Дәстүрлі ән бұрыннан келе жатқан халықтың мұңы, қайғысы, қасіреті, қуанышы, өмірі, тарихы. Сондықтан дәстүрлі ән мен эстра­даны салыстырып көрудің өзі дұрыс емес. Қазақтың халық әні, халық композиторларының туындыла­ры – асыл мұрамыз. Сондықтан ол теңдесі жоқ, өзінің биігінде тұру керек. Мәдениетiмiздiң алтын өзегi – дәстүрлi ән өнерi. Ықылым заманнан бүгiнге арқауын үзбей жетiп, қазiргi рухани болмысымызға нәр берiп тұрған қазақтың дәстүрлi әндерi жоғалмайды. Дәстүрлi ән өнерiнiң өсу деңгейi де жаман емес. Бұл жанрдың жезтаңдай орындаушыла­ры көбейiп келедi. Зиялы, дәстүрден, қазақтың әдебиеті мен тарихынан, ұлттық музыкасынан хабары бар адамдар халық әндерін тыңдайды.

– «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» дейді қазақ. Шәкіртіңіз кім?

Сәкен СОВЕТ, студент

– Шәкірттерім өте көп. Көбісі республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары. Олардың әрқайсысы үлкен сахналарға шығып, дәстүрлi әндердiң насихатталуына, жаса­рып, жаңаруына өзiндiк үлестерін тигiзiп жүр. Мәселен, Ләззат Жа­наманова, Нұргүл Әлқожаева есiмдi қарындастарымды атай аламын. Олар менен сабақ алып, әрдайым iзденiсте жүредi. Үйренуден, үлгi алудан жалықпайды. Нұргүл деген қызымның ЖенПИ-де үлкен сыны­бы бар. Сонда сабақ береді, Сүйінбай атындағы филармонияның әншісі. Қазiр менiң жеке әншi ретiнде үлкен сахнада жүргенiме жиырма жылдан астам уақыт болды. Өмiр, өнер жо­лында жинаған тәжiрибем де аз емес. Сондықтан ұстаздық жолды таңдап, Алматыдағы Жүсiпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжiнде дәстүрлi ән өнерiнен жеке сыны­бымды аштым. Бүгiнде сол бiлiм ордасында өнерлi жастарға сабақ беремiн. Сондықтан да шәкірттерім баршылық.

– Ән таңдауда қандай принципті ұстанасыз?

Жеңіс АҚТІЛЕУ, оқырман

– Ән деген бұл – өмір ғой. Әннің ішінде тек қана әуен ғана емес, оның ішінде құнарлы сөз бар, айтатын ой бар. Соны санадан, сүзгіден өткізіп, болашақта сол ән кімге қажет осы принципті ұстану керек. Егер жақсы сөз, жақсы ән халықтың жүрегінен орын тауып жатса, ол әншінің бақыты. Бұл жерде он ән, жиырма ән орындап тастау емес, мәселе жақсы әннің көзін табуда. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей әр әнін табу әнші үшін бақыт қой.

– Кейбір әншілер өздерінің өнер жолы жайында сыр шертетін кітап шығарып жатыр. Бұған қалай қарайсыз?

Аяулым ӘЗИБЕКОВА, мұражай қызметкері

– Жалпы, кітап дегеніңіз – киелі ұғым, асыл мұра. Сондықтан екінің бірі кітап шығарып, сөз өнеріне араласа берсе де жақсы болмайды. Әр нәрсенің өз жөні, реті бар деген­дей. Қазіргі таңда кейбіреулер өзі туралы кітап шығарып, естеліктер қалдыруға құмар. Бұл дұрыс та шығар. Әйтсе де, құнарлы кітап, парасат-пайымы кең дүние жазғанға не жетсін?!

Алла нәсіп етсе, айтулы мерейтойларға қарай өзімнің түйгенімді, өмір мен өнерден көрген-білгенімді жинақтап, бір кітап шығаруға бо­лады. Бұйырса, бұл жаңалық менің тек 55-60 жасқа толғанымда болуы мүмкін.

– Жазғы демалысты қалай өткізіп жатырсыз?

– Жаз мезгілін тиімді өткізуге ты­рысамыз. Биыл Көлсайға, Алакөлге бардық. Біздегі тамылжыған табиғат тамсануға тұрарлық емес пе?!

Еркежан СӘТІМБЕК

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × three =