©2020 Астана Ақшамы
«Рахмет» күні
11-қаңтар халықаралық «Рахмет» күні. Оны көпшілік «сыпайылық» күні деп те атайды. Қалай аталса да, алғыс айту мәдениетін дәріптейтін бұл күннің көтерер жүгі жеңіл емес.
Рахмет – ризашылық сезіміңізді оятқан жанға сіздің де ішкі жылуыңызды жеткізетін сөз. Бұрын бұндай кішігірім, қарым-қатынастың қас-қағым сәтіне сонша мән беріліп, жылдың бір күнін атап әспеттемесе керек. Кенет қоғамның қабағы жазылмайтын күйге түсіп, бір-біріне жарты ауыз жылы сөз айтудан қала бастағанда ыстық лебізге шөлдегендердің пікірі ескеріліп, күнтізбемізге «рахмет» күні еріксіз енген көрінеді.
Осылай, қыс қаһарына мінген шақ – 11 қаңтарға бір «жылы» күн сыйлаппыз.
Қазақта рахмет сөзі «рахым ет», яғни, Алланың рахымы болсын деген мағына білдіреді. Орыстың «спасибосы» да XVI ғасырда «спаси, Бог» сөзінен бөлініп шыққан. Демек, жан жадыратар жылы сөздің ар жағында құлшылық жатыр деп бағамдай аламыз. Рахмет сөзін қысқа дұға ретінде қабылдасаңыз да болады. Себебі, дұға дегеніміздің өзі тілек. Бір-бірімізге жақсы тілек айта отырып, алғыс білдіргеннен кемитін түгіміз жоқ, керісінше, кеңімесек. Ендеше, жақсылық жасаған жанға рақым тілей жүргеннен жазбасын деп тілейік.
Айтпақшы, Рахмет!
Ербол ЖАНАТ