Қызжылаған

0 46

Ізетпенен жасамай ізгі қадам,
қарындасын қорлайды құзғын, арам.
«Жалаңашкөл» жағасы –
«АЛЖИР» лагерь –
Қазақша аты ол жердің –
Қызжылаған.

Енді кімге кезігер долы дауыл,
қаралы күн қаққанда қоңырауын.
«Жалаңашкөл» жанында
қыз жылаған –
орап алып сүт аққан омырауын.

Ғазауатқа кезігіп ғасыл қайық,
қырдан асып кеткелі ғасыр ғайып.
Аза бойды қаза ғып Ана біткен –
Аңырайды «Алжирде» шашын
жайып.

Адамзаттың аймаңдай ары осында,
Рахиль Плисецкая…*
нанасың ба?!
Бейімбеттің қой бақса Күлжамалы –
Рысқұлов Тұрардың жары осында.

Айдыны жоқ аққудай расында,
Жазбай жатып үзілген жыр осында.
Сұлулық пен нәзіктік атаулының
Тілім-тілім еріні… жүр осында.

Шығасыға басшылық иесінен,
айырылмайын сөзімнің жүйесінен.
Адамзаттың аққуы аналар ғой –
қорықпайтын қай қоғам киесінен?

Мұндай зұлмат кім көрген
жеңіл ойлы,
Бастап кешіп келсек те не дүлейді.
Қазақшасы бұл жердің –
Қызжылаған,
қыз жыласа… дүние еңірейді.

Арын төксе анаңның құзғын, арам,
жүргеніміз не керек біздің аман.
Көз жасына ескерткіш –
«Жалаңашкөл» –
қазақшасы «АЛЖИР»-дің –
Қызжылаған.
Қызжылаған…

* Рахиль Плисецкая – совет актрисасы, КСРО Халық артисі, әйгілі балет бишісі Майя Плисецкаяның анасы.

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × four =