Қызықты шаралар өтеді

0 189

Астананың 15 жылдығы – тек бас қала үшін емес, барлық Қазақстан үшін маңызды оқиға. Бұл күні қа­ла­мызда көптеген мерекелік іс-ша­ралардың шымылдығы түрілмек. Бұл жөнінде толығырақ, Елорданың 15 жылдығына дайындық және оны өткізу бойынша ұйымдастыру комитеті штабы басшысының орынбасары Талғат КОЛБАЧАЕВ әңгімелеп берді. 

– Астананың 15 жылдығында қандай мерекелік шаралар ұйымдастырылады?
– Шілде айының бірінші онкүндігінде қалада көптеген мерекелік іс-шаралар өтеді. Атап айтқанда: «Астана төңіре­гіндегі мыңжылдық» көшпенділер өркениеті фестивалі, «Астана – Арқау» түркі музыкасының фестивалі, «Астанаға тарту» дәстүрлі музыка концерті мен «Серпер» халық аспаптар оркестрі фестивалі ұйымдастырылады. Биыл 1 миллионнан астам адам қатысатын барлығы 50-ге тарта жалпықалалық,
20-ға тарта аудандық іс-шаралар өткізу жоспарланған.

– Биыл елорда жұртшылығы кімдердің өнерін тамашалай алады?
– Жыл сайын демеушілердің қаржысына өткізілетін шетелдік жұлдыздардың концерті биылғы жылы инвесторлар болмауы себепті тоқтатылды. Сондай-ақ, шетелдік жұлдыздар Таркан, Патрисия Каас, Il Divo квартетінің, Лондон корольдік симфониялық оркестрі мен ресейлік жұлдыздарының концерттері қойылмайды. Олардың орнына қалалықтарға елорданың алаңдары мен гүлбақтарында үлкен концерттер беріледі. Сонымен қатар, Астана күнінде:

«Аялаған Астана» республикалық балалар байқауы, «Шаттық» балалар фестивалі концерттік бағдарламалары мен балалар шығармашылық ұжымдары өз өнерлерін көрсетеді. Велоспорттан Астана кубогы, асық атудан «Алтын сақа» турнирі спорттық, ойын-сауық қойылымдары келушілер назарына ұсынылады. Азпаздық көрмелер мен байқаулар, «Қазақстанның алғашқы әйел суретшісі» көрмесі, «Астана – бағы биік асқарымсың» кітап фестивалі, «Мүшәйра» әдебиет пен өнер фестивалі – мәдени-ағартушылық сипаттағы көркем көрмелер мен байқаулар ұйымдастырылады. «Экстрим толқыны» спорттық көпшілік шаралары, «Асқақтай бер, Астана!» түнгі би кеші, «Астана Кубогы» КТК Халықаралық фестивалі жастардың көңілінен шығады деп ойлаймыз. Оған қоса, қаланың сауда орталықтарындағы промо-акциялар – торт кесу салтанатты рәсімі, ұтыс ойындары мен акциялар бар.

Сондай-ақ, «Азия жаңғырығы» цирк фестивалі, аймақтық театр фестивалі, «Замандас» театры қойылымы мен цирк ойындары ұсынылады.

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 + 17 =