«Қызық мектептің» несі қызық?

0 82

Жақында қаламыздың сол жағалауынан үй жағдайында қосымша білім беретін оқу орталығы ашылды. «Qyzyq mektep» деп аталатын орталық шынымен де қызыққа толы екен. Бала өзін мектепте емес, үйінде жүргендей сезінеді. Білім алады, кітап оқиды, құнарлы тамақтанады, әртүрлі ойындар ойнап, уақытын тиімді пайдаланады. Мұндай мектептерді шетелдегілер «homeschool» деп атайды. Қазіргідей қарбалас қала тірлігінде, ата-ананың баласына уақыт бөліп, тәрбиелеп отыратын мұршасы болмағанда осындай мектептерге апарады. Үй жағдайындағы мектептің артықшылығы да сол. Балаға отбасы жылуын, отбасы мейірімін қоса сезіндіреді. Белгілі педагог, филолог Ұлан Еркінбай мен жұбайы Индира Әкімбаева «Qyzyq mektep» ашу үшін университеттегі оқытушы қызметінен бастартыпты. Өйткені жоғары оқу орнына жастар тұлға болып қалыптасып қалған шағында келеді. Оларға жөн сілтеп, тәрбие бере алмайсың. Өмірлік көзқарастары әлдеқашан мектеп табалдырығында қаланған. Сондықтан ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әдіснамасына сүйеніп, ұлттық рухани негізде жаңа ұрпаққа тәлім беру үшін педагог тәуекелге бел байлайды. «Біз 2015 жылы оң жағалаудан осындай үй жағдайындағы мектеп аштық. Бұл жерде мектеп деген ұғымның аясы кең. Жалпы баланың білім алуға құқығы деп қарастырсақ болады. Бала барлық жерде білім алуға құқылы. Батыста үй жағдайында білім алудың формалары осы ғасырдың ортасында кең етек алған. 1960 жылдан бері 50-60 жыл ішінде Homeschooling лицензияланған білім берудің түріне айналды. Біздің білім беру туралы заңымызда бала міндетті түрде мемлекеттік білім беру мекемесіне бару керек делінген. Соңғы жылдары көрші Ресейдің өзінде бала жаппай мемлекеттік мектепке бармай-ақ үй жағдайында білім алып жатыр. Осындай жағдаяттарды ескере отырып біз алғашында көпқабатты ғимараттарда 4-5 бөлмелі үйде балаға қосымша білім беру орталығын аштық. Неге аты «Qyzyq mektep» десеңіз, орталықтың атқаратын қызметі мектеп емес, тек қосымша білім беру. Бірақ келіп оқыған балалар бір-біріне «Қызық мектепке барамыз» деп өздері атап кеткен. Біздің мектептің негізгі функциясы – балалардың бос уақытын тиімді пайдалануға жағдай жасау. Қазір баланың өміріндегі 25-30 пайызы мектепте өтсе, қалған 70 пайыз уақыты бос өтеді. Осы олқылықты толтыру мақсатында ашылдық. Баланың үйде жалғыз қалуы, уақытының бос ысырап болуы – үлкен қалаларда ең өзекті мәселе. Сол үшін де біз үй жағдайында қосымша білім беру орталығын аштық» дейді Ұлан Еркінбай.

Партадан кейін партаға отырмау керек

1-4 сынып оқушыларына арналған бұл оқу орталығы балалардың сабақ үлгерімін жетілдіруге және кітап оқу дағдысын қалыптастыруға көмектеседі. Одан бөлек, олардың физикалық белсенділігін арттыруына, дұрыс тамақтануына, уақытын сапалы әрі қызықты өткізуіне жағдай жасайды. Мектепте түрлі шығармашылық үйірмелер, тіл клубтары, сондай-ақ тасымалдау қызметі бар. «Бұл бір жағынан балаға қоғамда жетіспейтін отбасы жылулығын сезіндіреді. Осы идеяның авторы – жұбайым. Қазір ол да үй жағдайындағы мектебімізде сабақ береді. Бұл бір партадан кетіп, екінші партаға отыру емес. Көбінесе қосымша білім беру орталықтары партадан келген баланы қайтадан партаға отырғызады. Бұлай жалғастыра берсек, баланың табиғатын жойып аламыз. Біздегі контингент – 6-11 жастағы бастауыш сынып оқушыларының арасы. Олар ойынмен өседі. Негізгі даму тілі – ойын. Сондықтан қызық мектепте балалар қалағанынша ойнайды. Ойын арқылы біз сабақ түсіндіреміз. Үй жағдайында дұрыс тамақтану, ойнау және білімге қызықтыру – біздің үш бағытымыз. Енді бұған баланың кітап оқу дағдысын жастайынан қалыптпастыруды қосып отырмыз. Сонда барлығы 4 бағыт бойынша жұмыс істейміз» деді педагог.
Пандемияға дейін елордада дәл осындай 3 орталық болыпты. Ал карантин кезінде олар қауіпсіздік мәселесін ескеріп жұмыс істеуді тоқтатыпты. Қазір жағдайдың жақсаруына байланысты сол жағалаудан бір ғана үлкен орталық ашылып отыр.
Ата-аналар сеніммен қарайды
Ұлан Еркінбайдың айтуынша ата-аналар бұл бастаманы әу бастан жақсы қабылдапты. Себебі баланы қалаған уақытында алып келеді, қалаған уақытында алып кетеді. Дегенмен, қазір сол жағалауда мектеп жайлы білетіндер аз екен. Өйткені қызық мектептің оқыту тілі – қазақша. Сондықтан кейбір ата-ана қорқып, тілі орысша шыққан баласын әкелмейді. «Ата-аналар ұлт қауіпсіздігі үшін ана тілінің болашағына сенуі керек. Бірақ қазір қоғамдағы сұранысқа қарай көп ата-ана баласын орыс мектептеріне беріп жүр. Сол жағалауда мектептердің аты аралас мектеп болғанымен де, қазақ сыныбы аз екен. Соған қарамастан мектепті насихаттау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп жатырмыз. Қазіргі ата-аналардың психологиясы да қызық. Баланы кішкентайынан бірдеңеден қалып бара жатқан сияқты ойынын ұрлап, ағылшынға, түрлі үйірмелерге тасиды. Әрине, баланың қабілетін біліп, қалауымен санасып берсе жақсы. Ал жаһанданудан қалмаймыз деп құр жылтырақ үшін беру – ақымақтық. Бізге де келетін көп ата-ана «балам адам болсын» деп емес, «сабақ үлгерімі жақсы болып кетсін» деп әкеледі. Бізге келгеннен кейін көп баланың көзінде оты оянып, үйіне барғанда мүлдем өзгеріп, ашылып кетеді. Үйінде іштей тынып жүретін бала мектептің атмосферасын сезінгеннен кейін өзі-ақ ашыла бастайды. Біз өзіміздің білім беру моделімізге «Әрбір бала – бітпейтін энергия көзі, әрбір бала – ашылмаған құпия, әрбір бала – қабілеттер қазынасы. Ал қызығу – барлық қабілеттердің бастауы» деп жазып қойғанбыз. Осы төрт сөйлем – біздің миссиямыз. Біз баланы бар табиғатымен қабылдап, оны жақсы көріп, сүйіп қабілетінің ашылуына, өмірге деген құштарлығының оянуына жағдай жасаймыз» деді мектептің негізін қалаушы.
Екі қабатты жер үйде орналасқан қызық мектеп бар-жоғы 30-35 бала ғана қабылдай алады. Оқушыларды тәрбиелеуге 4 педагог атсалысады. Бір кабинет балалардың шығармашылығына арналса, келесі IT технологиясына, келесі қызықты ойындарға арналыпты. Ғимараттың ауласы да кең. Жаз айларында түрлі мерекелік шаралар өткізуге қолайлы.
«Мұғалім алғанда қоятын басты талабымыз ол ең бірінші баланы жақсы көруі керек, екінші білім беру саласындағы жаңалықтарға ашық болуы тиіс. Және ұлттық тәрбие принцптерін де білуі керек. Осы критерийлерді ескере отырып аламыз. Бізде бірінші сынып мында, екінші сынып анда отырсын деген жіктеу жоқ. Сондықтан мемлекеттік мектепте сабақ беріп үйренген мұғалімдер біздің мектептің еркіндігіне келгенде біраз қиналып қалады. Үй жағдайында мұғалім баламен бетпе-бет келген кезде барлық кемшіліктері айнадай көрініп қалады. Балалар қасыңда жүргендіктен, ешнәрсе жасырып қала алмайсың. Қызық мектептен түлеп ұшқан түлектеріміз – қазір жоғары сыныптың оқушылары. Олар әлі күнге дейін сағынып, үйге келіп кейде тіпті қонып кетеді. Үш орталығымызда осы уақытқа дейін 80-нен астам бала тәрбиелеген екенбіз» дейді педагог.

Смартфонға қарауға уақыты жоқ

Ұлан мырзамен әңгімелесіп отырғанда қасымызға бірнеше бала келіп амандасты. Барлығы да тәрбиелі. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді де осы мектептен үйренгендей. әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дейді. Ендеше білім беруде ең алдымен тәрбие беру бірінші орында тұруы тиіс. «Қазір орталығымызда барлық жағдай жасалған. Үй жағдайында болғандықтан, бізде «жабыламыз» деген арнайы уақыт жоқ. Ата-ана жұмыстан шыға алмай жатса түсіністікпен қараймыз. Қоғамда жалғызбасты аналар көп. Қаншама бала әкесіз өсіп келе жатыр. Осындай әлеуметтік мәселелермен жиі кездесеміз. Аналардың көбі «5-сыныптағы оқушыларға да мектеп ашыңыздаршы» дейді. Біз кейде балалар мектептен нешеде босаса сол кезде өзіміз барып алып кетеміз. Қызық мектептің басты ерекшелігі де – мектептің жанында орналасып, баланы алып кету. Қазір біз балаларды үйіне жеткізіп тастау қызметін қостық. Арасында қонып қалғысы келетіндер де көп. Қазір карантин жағдайында балаларды белгілі бір уақыттарда ғана қабылдаймыз. Мәселен, биылғы оқу жылына «Мұзбалақ» және «Тастүлек» деген екі түрлі бағдарлама ұсынып отырмыз. «Мұзбалақ» бағдарламасы таңнан кешке дейін болса, «Тастүлек» бағдарламасы жарты күнге арналған. Тастүлек бүркіттің 3 жасар балапаны, ал мұзбалақ қанаты қатайған балапан. Соған символикалық негізде қойдық. Биыл біз бағдарламамызды «Гаджетсіз орта» деп алдық. Келген кезде балалар заттарын, телефондарын кіреберістегі жәшікке қойып қояды. Көбіне өзіміздің құрылғыларымызбен фильмдер қосып көрсетеміз. Балалардың телефонмен ойнауға уақыты да жоқ. Олар көбіне бір-бірімен ойнайды. Бір уақыт таза ауаға шығып гимнастика жасайды, үйдің ішіндегі көп бөлмеміз спорттық ойындарға бағытталған. Бала үйде ата-анасы болмаған кезде, өзінің тайм менеджменті болмаған кезде телефонға тәуелді болады. Негізі баланың бір мезгіл телефон ұстағаны жөн. Оны тыйған сайын оның құмары арта береді» дейді Ұлан Еркінбай.

Динара бір аптада қазақша үйренді

Қызық мектептің тағы бір ерекшелігі – мұндағы балалар кітапты қолынан тастамайды. «Балалар кітап оқымайды» деп жүрген уақытта, қаз-қатар тізіліп классиктердің шығармасын оқып отырған оқушыны көргенде біз де сасып қалдық. Негізі балалар кітап оқиды, тек біз оқытудың жолын дұрыс таба алмай жүрген тәріздіміз. «Бүгін ғана балалар Толстойдың аудармаларын оқып, бір-бірімен талқылап отыр. Біріншіден, кітап оқуға жағдай жасалу керек. Бала жатып оқыса да, ойнап жүріп оқыса да, өздерінің еркінде болу керек. Сосын бір мезгіл ата-ана немесе ұстазы дауыстап кітап оқып беруі қажет. Балаға «Оқы, оқы» деп құр айта бергеннен оқымайды. Топтанып, кезектеніп, рөлге кіріп оқуы керек. Суретті, ертегі кітаптарды жиі талқылап, сұрақтар қою қажет. Мүмкіндік болса оқыған әңгімелерді сахналап, ойынмен байланыстыруы тиіс. Сөйтіп бала кітаппен қалай жолдас болып кеткенін өзі де байқамай қалады. Қазір балаларға арнап әртүрлі шығармаларды өзіміздің жас жазушылар да жазып жүр. Осы уақытқа дейін балалар әдебиеті идеологияның құралы болып келді. Баланың тілімен, баланың ойымен жазу өте күрделі. Бірақ соны нау­қаншылықпен жазатындар да бар. Мұны баламен жұмыс істеп жүргенде жиі байқаймыз. 1-сынып баласының тілдік қоры бар, 10,15 жасар балалардың да өздеріне ғана тән тілдік қоры бар. Кейбір баланың табиғаты жаратылыстану ғылымдарына жақын болса, кейбірі шығармашылыққа жақын. Ал тіпті ешнәрсе оқығысы келмейтін, бәрін көру арқылы қабылдайтын балалар да бар. Балалар жазушылары осы үрдістен шығуға ұмтылуы керек. Қанша айтқанмен, қазақша әдебиет аз. Біз әлемдік аудармаларды, qasymkitap жобасының жаңа үлгіде басылып жатқан кітаптарын оқып жүрміз» деді педагог.
Орталық баланың 4 түрлі интеллектін дамытуға жұмыс істейді. Біріншісі – кітап арқылы келетін рухани интеллект, екіншісі – білім арқылы келетін эмоционалды интеллект, үшіншісі – физикалық интеллект, төртіншісі – зияткерлік интеллект. «Қызық мектептің арнайы күнделігі бар. Келген бала күн сайын не үйренгенін жазып, соны толтырып кетеді. Баланың нәтижесін көбіне ата-анасы да айтып жатады. Көз алдымызда да байқаймыз. Мысалы, жаңадан келіп жүрген Динара деген қыз мүлдем қазақша сөйлемейтін. Қазір енді орысша сөйлемей кетті. Оған ешкім арнайы сағат қойып, қазақша үйретейік деген жоқ. Адамға ана тілі мейірім арқылы сіңеді. Біз соны ғана ескердік. Апасы хабарласып «Баламызға не істедіңіздер? Бір аптада қалай өзгеріп кетті?» дейді. Динараға үйде әжесі де ертегі оқып бермеген. Бұл – тек бір отбасының емес, тұтас қоғамның проблемасы» деді Ұлан Еркінбай.
Орталықтың бағасы да қолжетімді. Бір балаға айына – 50-60 мың теңге. Мұның ішіне барлық оқыту бағдарламасымен қатар тамақ та кіреді. Ал жеткізу қызметі бөлек. Ұлан мырза болашақта демеушілер табылып жатса, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына Міржақып, Ахмет атындағы арнайы грант бөліп оқытуды жоспарлап отыр.

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine − eight =