Қызыл су қаупі күшейді

0 31

Көктем туа қызыл су жайылу қаупі де күшейе түседі. Осыған орай өткізілген онлайн-брифингте Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД басшысының орынбасары Есен Байыров елордада қандай сақтандыру шаралары жасалып жатқандығын айтып берді.

Өткен жылы бас қаланың аумағында қызыл су жайылу қаупі бар 37 аймақ болатын. Төтенше жағдайлар қызметі мен әкімдік тарапынан атқарылған жұмыстардың нәтижесінде биыл олардың саны 29-ға дейін азайтылды. Қажетіне қарай ықтималды су өтетін тұстарға бөгесіндер орнатылып, топырақ үйілген.
– Қыс басынан бері 763 мың текше метр қар шығарылды. Олар қаланың әр аудандарында орналасқан 11 полигонға тасымалданды. «Астана тазалық» ЖШС-те 12,6 тонна инертті материал, 3,5 мың қаппен құм дайындалды. «Астана энергия» АҚ қоймаларында қажетті көмір қоры жинақталды, – деді Есен Байыров.
Сондай-ақ төтенше жағдайларға қарсы түрлі қызметтердің бірлесіп әрекет етуіне байланысты үш меморандумға қол қойылды. Азық-түліктің жеткілікті қоры жинақталды. Әлдебір жағдайлар туындай қалса деген ниетпен 1 жатақхана, 4 қонақүй және 10 уақытша тұрғын-жай әзірленді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one + 12 =