Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1164

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1165

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1166

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1177
«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қызыл планетаға кім ұшады?

0 291

Әр адам өзін ерекшемін деп есептейтін шығар. Бірақ адам баласы басқа планетаны игеріп, «қосмекендіге» айналғанша ғарышкерден ерекше, ғарышкерден атақты, ғарышкерден гөрі әңгімесі қызық тұлға болмайтын шығар, сірә.

…Ғарышкерлер күніне орай жиын болған. Сонда қазақтың батыры, нар тұлға Тоқтар Әубәкіровті жан-жақтан қаумалаған журналистер, әдеттегідей, сұрақтарын жаудырған еді. Өзге планетаны игеріп, алдағы жиырма жылда Марсқа ел қондырам деп мәлімдеген, сол мақсатын жүзеге асыру үшін өз бағдарламасын жасап, іске кірісіп кеткен америкалық ғалым Илон Масктің бұл кездесуде аталмауы да мүмкін емес-тін. «Масктің мақсаты туралы не айтасыз?» деді бір әріптесіміз ғарышкерге.
Аспан әлемін өз көзімен көріп, ғарыштық биіктікке көтерілудің қандай болатынын жан-тәнімен сезініп, ақылымен тұщынып қайтқан ұшқыш бұған не десін? «Оны (Масктің жоспарын) жүзеге асыру оңай емес, – деді жайбарақат үнмен. – Жиырма-отыз жыл тұрмақ, жүз жыл өтсе де, бәрібір қиын болады. Неге десеңіз, Жерден кетіп, «жер серігіне» айналу адам үшін оңай емес. Адам темір емес қой, оның жаны бар. Дене басқа атмосфераға үйренуі үшін көп уақыт керек. Ол жерде адамның істеген жұмысы сапалы болмайды. Сол үшін басқа планетадан алдымен станса жасайды. Алдымен барғандар өмір сүру үшін стансада жатып, стансада тұруы керек… Мұның бәрі оңай жүзеге аса салады деп ешкім айта алмайды».
Рас, Илон Маск – оптимизм шыңына көтерілген адам. Оның бірнеше рет пайдалануға болатын, яғни ғарышқа ұшып, қайтадан жерге қонатын зымырантасығыш ойлап табуының өзі жасампаз ғалымның адам мүмкіндігінің біз ойлағаннан әлдеқайда жоғары екенін дәлелдеуі еді. Жергілікті мамандардың айтуынша, Илон Масктің зымырантасығыштары экологияға еш зиянын тигізбейді екен. Өткен жылдары әлем ғалымдарының соғыс роботтарын жасамау туралы петициясына қол қойғаны да Масктің шын мәнінде ізгілікқұмарлығын көрсеткен болатын.
Қиял жеткен жердің бәріне адамның қолы да жетеді деп түйсе керек, жасампаз ғалым өз идеясы мен еңбегінің аса ауқымды жетістіктерін жариялағаннан кейін Марсқа туристер апару, тіпті қала салып, адамдарды қоныстандыру туралы мақсаты барын айтып, батыл қадамдарға кірісіп кетті. Ғалымның айтуынша, қыруар қаржы мен ғаламат еңбекті, қабілетті талап ететін бұл бағдарлама бойынша алдағы жиырма-отыз жылда жер бетінен жүздеген адам Марсқа біржола кетіп, сонда өмір сүреді екен. 2040 жылы Марста тұратын адамдардың саны кемінде 80 мыңға жетеді деп мәлімдепті ол. Жерге қайта оралғысы келгендерге «ғарыштық көлік құралдарымен» қайтадан Жерге қонуға мүмкін жасалатын көрінеді.
Илон Масктің ақпанда жасаған мәлімдемесі бойынша биылғы жылдың екінші жартысында Марсқа екі турист жібергелі отыр екен. Кім екенін атамағанымен, Илон олардың қазірден дайындалып жатқанын да айтқан. Сонымен бірге, олар өз бастарын өлімге қиюға да дайын болуы керектігін жасырған жоқ.
Илон Масктің өзінің әзірге «марстық қосмекенді адамдар» қатарында болатын ойы жоқ. Бәлкім, алдына қойған жоспары көп те шығар. Аптасына жүз сағаттан жұмыс істейтін адамның басқаша болуы мүмкін бе?
Сонымен, америкалық алпауыт компания иесі, инженер-ғалым Илон Масктің жоспары шамамен осындай. Ал Марсқа туристті алып ұшатын Falcon 9 секілді зымыранның биіктігі 77,5 метр болады екен де, ол 42 двигательмен жұмыс істейді екен. Аталмыш зымыранды жасап шығаруға әлдеқашан кірісіп кеткенін өзі инстаграм парақшасында да (@elinmask) жариялап отыр.
Сонымен, Маск ғылым жасампаздығының көкжиегін кеңейтпек. Алайда бұл жасампаздық нысаны табиғат та, темір де емес – адамның өзі болғалы отыр. Адамды ол қоспланеталыққа айналдырмақ.
Қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров адам табиғатының өзге планета атмосферасына үйренетініне күмәнді. Әлемдегі ғарышты игеруге бағытталған ең алғашқы қадамдар жүзеге асқан Қазақстан, Байқоңыр ғарыш айлағының тұтынушысы, ғарышқа барып, аспан әлемін өз көзімен көрген адам ретінде бұл сұраққа Әубәкіровтің пікір білдіруге толық құқы да бар еді, біздіңше…
Шынында, адам қоспланеталық бола ала ма? Бір қаладан бір қалаға барғанда көпшілік климаттық өзгеріске төзе алмай жатады. Ендеше, адамның өзге планетаның атмосферасында өмір сүруі мүмкін бе? Адам топырақтан жаралғаны рас болса, Марстың құмды жері топырақтың орнын алмастыра ала ма? Адам туған топырағын, Жер-анасын тастап кете ала ма?..
Біз қасықтай ғана ойлау қабілетімізбен теңіздей ақыл-қабілет иесінің идеясын қабылдай алмай жатқан да шығармыз, бәлкім. Бірақ адам – адам ғой. Масктің қиялындағы бір тал гүл өспейтін «Марстағы өмір» адамды махаббат атты құдіреттен айырмай ма екен?

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды