Қызы едің сен қазақтың, беу, Надежда

0 301

…Қазақта «Телқоңыр», «Телқара», «Телағыс» деген әдемі ұғым көп кездеседі. Сонымен қатар, «Тел өскен ұл», «Екі енені тел емген құлын» деген де тіркестер бар. Ұлы Абайды бала кезінде Телқара деп атаған. «Білгенге – маржан, білмеске арзан» бұл сөздердің ұлттық-менатлитеттік мағынасы бөлек, орны ерек. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан», бұл нақыл бүгінде телекоммуникация, телепатия секілді неологизмдердің арғы жағында қалып, ақырын-ақырын жылыстап, архаизмге айналып барады. Сөз қадірін жете білетін көнекөздер болмаса, осы күнгі телефонға телмірген «тентектердің» «Телқоңыр», «Телқара» мен «Телағыс» деген сөз қаперінде жоқ-ау тегі, әйтпесе айфонмен туғандай әр баланың екеуі түгілі елуі білсе жақсы…

Осы сөзді он айналып орағытып жүргеніміздің мәні бар. Түрі орыс, таңдайы қазақ Надежда Лушникова «Тел» сөзінің бір көрінісіндей. Әй, осы сөзді оқыс айтып қалған жоқпыз ба, өзі?.. Бұнымызды екі дәлелмен ақтайық. Ол кісіні орсы пен қазаққа телдейін десек, Жиырмасыншы ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап айтыстарда, айқай, айыр көмейден бұйра-бұйра болып ақтарылған шумақ-шумақ сөздер толқын-толқын толғай төгілгенде «тел» сөзі терезенің сыртында қалып қояды. Әлбетте, «әу» демейтін қазақ жоқ, дегенмен, өлеңшімін-ау дегеннің өзі Надежданың айтыста айтқан әрбір сөзін табанда тауып айта алмайтыны рас қой. Айтысқа шыққанда қолындағы қоңыр домбырасымен дүрия көйлек, қызыл бешпет, үкілі тақиясына қарап «осы қыз орыс» дегеннің өзі оның ақсары жүзі мен көгілдір көзіне қарап тұрып айтса да сенбейді. Қазақтың қалқатайы айтысқа шығы-шыға ағарып кеткен ба өзі дерсің… Апырым-ау, атасы орыс, анасы орыс, алайда өзі қазақ, ойы қазақ, тілі қазақ осы кісінің орысша сөйлегені орашолақтау ма қалай?.. Немесе қазақшасы қылыш қайрататындай, қан ойнататындай тұнық болғандықтан оларға қимағандықтан осылай дейміз ба, қайдам… Әйтпесе ана тілін аттап, тіпті кейде таптап кетуге бар кейбір «түсіктерден» көңіліміз қалған ба, әйтеуір ол кісіні орыс пен қазақтың ортасында тел өскен қыз дей алмаймыз, өйткені, ол өзіміздің төл қызымыз! Айтпақшы, Надя апамның бірде әңгіме үстінде «Қайдан білейін, әйтеуір мен қазақпын деген сайын, өздерің орыс қызы деуден шаршамайсыңдар» дегені бар-ды. Онысы рас енді, қай бір жылдары қазақша сөйлейтін ұлты басқа отандастарымыздың қатысуымен түсірілген «Біздің көшенің тұрғындары» телебағдарламасында, ойпырмай, осы кісіні соған қатыстырғанымыз орынсыздау болды-ау. Өйткені өткен дәуірдің ортан белінде, яғни 1964 жылы Шымкентте өткен үлкен айтыста Баукең, Бауыржан Момышұлы риза болғаннан алтын сағат алып берігені, Надя қыздың қалтқысыз қазақшасына қатты риза болғаны емес пе! Соны көріп біле тұра айтыстың ақтаңгері, ақиық апамызды ұйқыдан оянғандай «Бұл қазақша білетін орыс» деп теледидардың таспасына тартқанымыз қалай?.. Ол кісіні осыншама потенциалымен, әлде эфир көрмей, экран көрмей жүр дедік пе екен…
1965 жылы Қызылорда Педагогика училищесінің түлегі, қазақтың айтысында қияқтанып жаңа туған айдай болып аты шыға бастаған Надежда қыз алмалы өлкеге, Алатаудың бауырына наурызда келін болып түсті. Жас келіннің бетін Жамбылдың жанында жүрген саңлақтардың бірі Үмбетәлі жырау Жетісудің жеті өзеніндей толқыған толғау-толғау сөздермен ашты. Сәуір өтіп, маусым-мамыр болғанда Алматы облысындағы Үлкенсаз ауылында ай хай айтыс өтті. Ол кезде бүгінгідей жарқ-жұрқ салтанатты сахна қайда, есесіне көкмайсасы көк өзеннің толқынындай, жауқазыны мен қызғалдақ, сарғалдағы жайнаған жасыл жайлауда, ата таудың, Алатаудың бөктерінде сол маңдағы малшыдан бастап еңбеген бала, еңкейген қария демей, жақтаулары түсірілген, үстіне алқызыл кілем төселген, қатар қойылған қорапты қос мәшинедегі ақындардың айтысына жиналды. Анда-санда айтыскерлердің арынымен жағаласқандай аспаннан жауын төгіп-төгіп жібереді. Ондайда қос ақын домбырасын қолтығына қысып, мәшиненің бауырын паналайды. Ә дегенше болмай әуе шайдай ашылып, ақындар ортаға қайта шығады. Сол айтысқа желегі желпілдеген жас келін Надежда да қатысып, қайын жұртындағы атақты ақындармен қайран жақсылармен сөз жарыстырған. Жүлделі орынға жас келін кір жуғыш мәшине ұтып алды. Алдынағы ақындардың бірі «Романтик» магнитоласын алған, одан кейінгілер де о заманғы қат дүниелерге ие болды. Ай, сол жолы алты ай жаз болатын Алатаудың бөктерінде «Үлкенсаздағы» айтыскерлердің жеңісін сол елдің жұрты табандатқан төрт ай бойы тойлады. Тайқазан, қойқазан болмаса-дағы, қара қазан оттан түспей сары самаурын жүз күннен аса бұрқ-сарқ қайнаумен болды. Айтыс-сынды ұлы додада орын алған адамды қазақ емес деп кім айтады! Басқа – басқа Надежда Андреевнаның өз анасы Ирина шешей «Сен менен тудың ба, қазақтан тудың ба?!» – деп қызғаныш та танытып қоятын. Орыс Иринаны «Ира, Ирка» десе, қазақ оны да иіп әкеліп «Ерке» атандырып жіберген. Кешегі көпестің қызы осылайша көнекөздердің көңіліне толды.
Өзі қазақтың келіні, кешегі өткен Тұрлыбектей әкеміздің қосағы, Құралай, Қарлығаш, Ләйла және Жәнібектей төрт перзенттің анасы, шөберенің алақанынан май жалаған, қазақтың қазанында пісіп, қайнап, әбден Әже болғанға дейін ол кісіні оқтын-оқтын орыс, орыс дей бергеніміз қай сасқанымыз! Осы ауылдың келіндері туралап атын атай алмайтындай дулаттың бір атасы Жәнібектің есімін ұлына қойғаны қазақы көкірек көзінің ояу екенін біліп болмадық па, сонда. Бүгінде өзі де үш баланың әкесі алпамсадай Жәнібекті жұдырықтай күнінде ауыл келіндері атын тергеп «Ата» десе, қазақтың қайран да қайран Өзбекәлісі Жәнібекті кішкентай күнінде көтеріп алып, «сен менің әкемсің» деп, бір жасап қалатын. Осы күнде ауыл-елдің анасы кеңетек бүрме көйлектің сыртынан ою басқан қамзол киіп, ақ шәліні күндіктей орап шалмалап шалып тартқанында «Асыл әжем, ғасыр әжем аңсаған» деген ән жолдары ойыңа оралады.
Келбетіне қарап, Қазақстан Халықтары Ассамблеясына да апарып, ерікіз десем ерсі емес шығар теліп қойдық. Ал егер бойына қазақы қасиет қатты сіңбесе күні кеше қазақтың бір ақынының қазасының үстінде оның орыс келіні шалбар киіп, сирағы сидаңдап жүргенін аңдап қалып, шақырып алып: «Сенің бұның қалай, бар да көйлек киіп кел!» деп сөккені қай қазақтан кем!
Таяу жылдары шыққан жаңа кітабының мұқабасында аппақ жүзі айдай болып, «Мен қазақтың қызымын» деп ат қойып өлеңдер жинағын шығарды. Қолдарыңызға тиіп пе еді? Оқыдыңыздар ма? Көкірек көзі көреген кісі осындайда «Қызы едің сен қазақтың, беу, Надежда» дер еді.
…Әңгіменің ортасынан ауса да әлқиссаны қосып қоялық. Әлбетте жайсаң жан туралы әр әңгіме бір-бір әлқисса. Надежда Лушникова айтыскер ақын, музейтанушы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, аудармашы. Надежда Лушникованың Құдай берген осы қасиеттері туралы әлденеше күн қатарынан айтса артық болмас. Ілгеніміз бен шалғанымыз, һәм шолғанымыз көп емес шығар, өйткені ол кісінің жанында ең болмаса шәкірті Жылбектей көп жүргеніміз жоқ. Астанаға келгенде Құдай жарылқап, ойламаған жерден құдайы көрші болдық. Ол кісі бірінші қабатта, біз тоғызыншы қабатта тұрамыз. …Ол кезде «Астана ақшамында» қызметтемін, көктем мерекесіне орай шығарылған нөмірге Лушниковамен сұхбат жасау тапысырды. Телефон нөмірін тауып, мен Арқада, ол кісі Алатауда, екеуіміз телефонмен сұхбат алдым. Сұхбат жүргіздім. Сөз алғаным алған-ақ қой, газеттің талабы бойынша, сұхбаттың сәнін келтіру үшін фотосурет қажет. Оны қайдан аламын? Электронды пошта арқылы жолдайсыз ба? деп сұрап едім, ол кісі: – «Әй, әдемі қыз» (ол кісінің әдеті), әлпетіңді көрмесе де әңгімені «Әдемі қыздан» бастайды екен. – «Сол Астанаңда Күлтөбе деген тұйық көше бар» деді. Мен кідіріп барып – «Ия» дедім. Кідіргенім, іштей таңырқап қалғаным. Өйткені, өзім сол көшенің тұрғынымын. Әрі қарай тыңдадым. – «Сол көшенің осындай нөмірлі үйінде, мынадай нөмірлі пәтерімізде менің Ләйлә деген қызым бар. Фотосуретімді сол қызымнан алғайсың» деді. – «Апа-ау, сіздің Ләйләңіз мынау айтып тұрған үйдің бірінші қабатында емес пе?». – «Ия, біздің пәтеріміз бірінші қабатта. Сен оны қайдан білесің?». – «Өйткені өзім сол подьездің тоғызыншы қабатында тұрамын». «Ойпырым-ай, Әдемі қыз, онда екеуіміз көрші болдық қой». Міне, содан бері аяқ-табағымыз араласып кетті.
Хош, сонымен жұмыстан келе жатып Надя апамның пәтерінің қоңырауын бастым. Ләйла менің келетінімнен хабардар екен, алдын ала дайындап қойған анасының суретін алдымнан алып шықты. «Шеше көрген тәрбиелілігі ғой дастарқанға шақырды. Бір көрген босағаға бас салып төрге шығу ұят қой, бас тарттым. Ләйлә – «Сіз келеді деген соң арнайы пісіріп едім, үйіңізге алып кетіңіз» деп иісі де, буы да бұрқырап тұрған пирогты қояр да қоймай қолыма ұстатты. Ертесі жұмысқа барғанда осы әңгімені айтып бердім. Бас редактордың бірінші орынбасары Талғат Батырхан Надежда апаның бұрынырақта «Астана ақшамына» ат басын тірегенін айтты. «…бір кезде кабинетке бір орыс апайдың кіріп келгені. Солтүстік облыстағы тамырлардың бірі екен деп «Здрәстелеп» жатырмыз. Бірақ жүзі жылыұшрап тұрды. Көкейіміз алдамапты. Алматыдан, Ұзынағаштан келгенін айтты. Жалма-жан «Ой апа, сіз Надя апа, Надежда Лушникова емессіз бе? Мен де Жетісуданмын. Талдықорғаннанмын» деп тәптіштеп әңгімені ағыта жөнелдік. Ол кісі мұқият тыңдап, ара-арасында әңгімеге дем беріп қояды. Біраз отырған соң қайтпаққа қамданды. Күлімсіреп: «Жансәулем, Арқаның даласы, Арқаның өткір желі саған Алатаудың май самалы емес, сал самалы емес, абайлап жүріңдер, суық тигізіп алмаңдар» деп қамқорлығын айтып кетті.
Айтпақшы, алдында айтқан Жылбек Надя апаның шәкірті. Әнеубір жылы Астанаға келіп Жамбылмен айтысқан қырғыз ақынының сөзін орындап көпті тәнті еткені бар.
Айтыс демекші, Надежда Андрейқызы бүгінде айтыстың ардагері. Жасы да, тәжірбиесі де толысып Алатаудың бір сенгірі 80 жасқа келіп отыр. Ол кісінің өлеңдері өте-өте көп. Соған сай ақынның өзі туралы, өлеңі туралы жазатындар, саралайтындар одан да көп болмақ керек. Тұрмыста да, жұмыста да, сөзге де, іске де, асқа да бесаспап апамыз қай шаруаның да шасасына шаң жұқтырмай, аты мен атағы шалғайдан жетіп жатады. Меккеге барып қажылық өтеп қайтқан қария шау тартса да шалдыққан жоқ. Қазақ сөзінің сөлін, нәрін, қазақ әдебінің әрін, айтыстың абыройын сәті түскен сайын айтып, қаузап келеді. Апамыз айтыстың бүгінде әр-әр жерінен әр кетіп бара жатқанын, кейбір айтыскерлердің халықтың қамын, әлеуметтің әл қуатын емес, шөпті де, шөңгені де сөзге қосып, оңды-солды ойсыз ұйқастыра бергеніне наразы. «Бұрындары айтыстың сөзін сол заманғы Компартияның саяси бюросының сынынан кем көрмей, басшы-қосшы атаулы тездетіп тезге салатын. Ал қазір әкім-қара айтыстың сөзіне «айтыпсың-ау деп те қарамайды» деп қапалы.
Надежда Лушникованың қазақ сөзін қылтамырынан тап басатыны соншалық, анау-мынау аударманың қатесін ә дегеннен біле қояды. Әлі есімде, Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер» трилогиясының жолма-жол аудармасындағы білместіктен болған қателікті аңғарып қалыпты. Әбе-аға маған кітаптың орысша аудармасын бір қарап шығуымды өтінді. Қарадым. Кітапта «…алыстан жылқышының дауысы талып естілді» деген жолдағы жылқышы сөзін аудармашы «пастух» деп тәржімалапты. «Бұл жерде «жылқышы» сөзі жылқы баққан адам емес, құс түрінің атауы еді. Мен соны өзгертіп, өңдедім» деген сөзіне әлі күнге тәнтімін.
Надежда Лушникованының айтыстан бастап қазақ сөзі мен қазақы рухтың биігін сақтауда еңбегі мен ықылас пейілі-ұшан теңіз. Оның сыртында ол кісінің осы күнге дейін жазған өлеңдерінің өңі де, салмағы да әдебиетіміздің гауһар тасындай көп қырлы. Біз айтып отырған әңгімеміз ол кісінің өмірбаяны мен шығармашылығының бір-бір аңдатпасындай аз ғана парасы. Надя апаның нақ әлеуеті нағыз теңіздің тереңдігіндей. Бойлап, білуге бірнеше толқын ұрпақтың қауқары қажет.
Жазар көбейсін, жыл сайын келетін жасар көбейсін, Надежда Андрейқызы.

Раушан ТӨЛЕНҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × four =