Қызметшілер тәртібі таразыланды

0 109

Өткен аптада ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласындағы Тәртіптік кеңесінің көшпелі мәжілісі өтті. Тәртіптік кеңес төрағасы Ерлан Әбеннің басшылығымен өткен жиында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», «Мемлекеттік қызмет тура­лы» заңдардың орында­луы және мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексінің сақталуы бойынша атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалды.

 Тәртіптік кеңестің бұл көшпелі мәжілісі Алматы ауда­ны әкімдігінде өтті. Алдымен тәртіптік кеңес хатшылығының бөлім жетекшісі Нияз Ісмағамбетов өткен кеңестің бесінші мәжілісінде қабылданған шешімдердің орындалуы туралы ақпарат берді.

Тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру – бүгінгі күнде мемлекеттік саясат­ты жүзеге асырудың басты шарттарының бірі. Астана қаласы Алматы ауданының әкімі Сапар Ахметов осы мәселе бойынша өзі басқаратын аппарат жұмысының негізгі көрсеткіштеріне тоқталды.

–Бүгінде мемлекеттік қызметшілерді оқыту оңтайлы жүргізіліп келеді. Аппаратта қырық бір қызметкердің білімі жоғары. Кәсіби біліктілігін арттыру үшін жоспарға сәйкес соңғы үш жылдың ішінде елу­ден аса қызметкер білімін жетілдірді. Сонымен қатар әкімдікте аттестациялық, конкурстық және тәртіптік комис­сия жүйелі жұмыс атқарады. 2009 жылдан бері қырық төрт қызметкер сынақтан өткізілсе, отыз жеті мемлекеттік қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тар­тылды. Тәртіптік комиссия тек жауапкершілікке тартып қана қоймайды, өз кезегінде 100 балдық жүйе бойынша аппарат қызметкерлерінің көрсеткішін төрт жылда бір бағалайды, деген Сапар Ахметов одан әрі қызметкерлердің құрамын түгендеп берді.

Аудан әкімдігіне жыл басына бері 127 азамат хабарласқан. Қала әкімдігінің сайтына келіп түскен 455 сауалға жауап берілген. Соңғы бес айдың ішінде тұрғындардан 1008 шағым түссе, мәселеге байланысты тиісті жау­аптар уақытылы беріліп отырған. Аудан басшысының айтуынша, әкімдік алдағы уақытта да бұл бағытта бірқатар нәтижелі жұмыс атқаруға дайын.

Жиында жоспарлы тексеріс бойынша бірқатар басшы­лар есеп берді. Астана қаласы бойынша Қаржылық бақылау инспекциясы, Тілдерді дамы­ту басқармасы, Астана және Ақмола облысы бойынша бай­ланыс және ақпараттандыру инспекциясының басшыла­ры мемлекеттік органдарда өткізілген тексеру жұмыстары туралы мәлімет берді.

Күн тәртібінде қаралған мәселенің бірі – лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік істер. Аста­на қаласы бойынша Салық департаменті Есіл ауданы бой­ынша Салық басқармасының сегіз қызметкерінің тәртіптік істері қаралды. Сондай-ақ, Ал­маты ауданы бойынша Салық басқармасының камералық бақылау бөлімінің жетекші маманы А.Тойкенов, Астана қаласы Сот актілерін орындау департаментінің сот орында­ушылары Е.Махидов пен Ы.Жәнібеков, «Әуежай-Астана» кеден бекетінің бас маманы Д.Мәжитовтің тәртіптік істері кеңес мүшелеріне кеңінен таны­стырылды.

Жиын соңында басқа да тәртіптік істер бойынша және Тәртіптік кеңеске түскен ұсынулар мен қайта қаралу нәтижелері туралы Тәртіптік кеңес хатшылығының бөлім меңгерушісі Нияз Ісмағамбетов баяндап берді.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

six + sixteen =