Қызғылт көлді көрдіңіз бе?

0 550

«Астана ақшамының» оқырмандары білуге тиіс, былтыр Ерейментау ауданындағы қызғылт көл жайында жазған едік. Сол жұртты қызықтырған көлді биыл көзбен көріп келудің сәті түсті.

Бұл көлдің ежелгі ­атауы Көбейтұз екен. Бұл – Нұр-Сұлтан қаласынан 150 шақырым жердегі Ерейментау қаласының маңа­йындағы тоғыз көлдің бірі. Нұр-Сұлтан-Павлодар тас­жолының бойында жатыр. Ерейментаудан өткен соң 20 шақырымдай жүріп Сайдалы қыстағына жетсеңіз, әрі 5-6 шақырым жай жолмен жүріп, ел аузында «Розовое озеро» атанып кеткен көлге табан тірейсіз.

Бұл көлдің құдіреті сол, суы қып-қызғылт, алыстан көз тартады. Ал суға түскенде тіптен таңғалдым, асты аппақ, шамамен үш-төрт елідей қатпарлы кәдімгі тұз. Күрек алып бару керек екен, тұзды аршып жіберсеңіз, астынан емдік қара лай шығады. Келгендердің бәрі қара лайды жағып жағада жүр. Ал көлдің өзіне бір тәулікте 20 минут қана түсуге болады дейді осы жақтың тұрғындары. Одан көп түссеңіз зияны да болуы мүмкін. Келген жұрт өзімен бірге кісі басына 3-4 литр су ала шығады екен, тұздан кейін шайынып алуға, әйтпесе тұз денені ашытып, киімге дейін қатырып тастайды. Көлдің маңайында, үлкен трассаның бойында «Ақжол» деген кемпинг бар. Тамақ береді, демалуға мүмкіндік қарастырылған. Жалпы, мұнда келген жұрт қызғылт көлден кейін маңайындағы тоғыз көлдің біріне барып шомылып, жан сергітіп қайтуды дәстүрге айналдырыпты.
Бұл көлдің сырын білмек оймен қайтарымда Ерейментаудың іргесіндегі Малтабар ауылына соғып, көнекөз қариялардың бірі Сағымбай Әбілұлымен әңгімелестім. «Бұл бұрыннан сол маңайдағы жай көлдердің біріндей болатын. Бала кезімізден түсіп келеміз ғой. Бірақ соңғы жылдары көлдің суы қызғылт тартып кетті. Содан елдің назарын аударатын болды. Құс та қонбайтын болыпты. Ал басқа көлдерге аққу да, тырна да, қаз да, қасқалдақ та қонады. Ал енді негізі бұл маңайда тұзды екі көл бар, мынау үлкені ғой. Бұрынғы аталарымыз, бала кезімізде осында ем үшін келетін. Балалардың айтуынша, бұл көлге еліміздің басқа аймақтарынан, тіпті ресейліктер де келетін болыпты» дейді тоқсанға таянып қалған қадірлі ақсақал.
Иә, Қанжығалы қарт Бөгенбай батырдың еліндегі көптеген көл, қатпар-қатпар тау-қыраттар еріксіз көз тартады. Шөбін тартса май шығатын, тасын қопарса алтын шығатын, көлдерінде балық тулаған, құс шулаған ежелгі Ереймен жерінің табиғаты шынымен де ерекше екеніне шүбә келтіре алмайсыз.Елордаға қайтып келе жатып қызғылт көлді саяхатшылар үшін пайдалануға мүмкіндік қарастырылса, ғалымдарды тартып, көлді зерттеп көрсе, пайдасы болса кәсіпкерлер қолға алып, ем алатындарға, дем алатындарға жағдай жасап берсе, нұр үстіне нұр болар еді деген ой туды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × three =