Әке аманатын ардақтаған

0 193

Сәдуақас Ғылманидің туған қызы, әкесінің жалғыз шырақшысы Үкіжан анамыз тоғызыншы маусымда бұл өмірмен қоштасып, өзінің мәңгілік тұрағына аттанған екен. Осындай суық хабар алдық сол күні 01:51 сағатта Үкіжан Анамыздың ұлы Самат ағайдан. Артынша, Үкіжан Ананың ерекше ықыласы түскен атақты ғалым, қадірменді әріптесіміз Әшірбек Мүмінов мырзадан, сонау Түркия елінен естірту-хабар да келіп жетті.

Иә, өмірін «тағдырдың салғанымен» қаймықпай күресуге арнаған, әке аманатын арқалаған адал перзент – «ҚЫЗҒҰМЫР» иесі Үкіжан анамыз  98-ге қараған жасында өмірден озды. Орны толмайтын қаза. Сәдуақас Ғылманидан қалған жалғыз «тәбәрік» еді анамыз. Қоғамдық санада «Әулие кісі» деген беделге ие болған, парасаты биік, адами қасиеттерге бай біртуар тұлғадан айырылып қалғанымыз біздерге ауыр тиді.

Үкіжан анамыздың балаларына, өзіміз дастарқанынан дәм татқан ұлы Самат пен келіні Тұрсынға, туыс-жақындарына, анамызды қадір тұтқан, Ғылмани әкеміздің рухын құрметтеген барша замандастарымызға қайғырып көңіл айтамыз. Анамыздың иманы сәләмат болсын.

Үкіжан ана үлкен де мағыналы ғұмыр кешті. Ол ұлт руханиятының шырақшысы Ғылмани ғұламаның жоқтаушысы да, одан қалған бай мұраның көпшілікке белгісіз тұстарын қызғыштай қорғап, біздерге жинап-теріп тапсырған сақтаушысы да өзі болды. Елордадағы «Сәдуақас Ғылмани» мешітінің атын қойған да, оның ауласындағы әкесі Ғылмани салған мешітте мұрағат ашуға мұрындық болған да Үкіжан анамыз. Әкесінен қалған құнды жәдігер – Ақмоладағы Сәдуақас Ғылмани салдыртқан жалғыз мешітті жоғалып кетуден аман сақтап қалудың жолын осылайша тапқан анамыздың парасатына, қайраткерлігіне, көрегендігіне бас иесің, қайран қаласың!

Қазақы түсініктегі «Қызғұмыр» атауының мағынасын Үкіжан анамыздың өміріне қарап түсінгендейсің… Ол – өзінің ғасырға созылған осынау өмірінің ішінде бір сәт тыным таппаған, үнемі арпалыс, күрес, алға ұмтылумен өткен қайсар мінезді қазақ қызы. Өмірінің соңына дейін өзінің әкесі – ұлт ұстазы, діни ағартушылық қызметпен белсенді араласқан, ұлт руханиятының белді кейіпкері, атеизм басымдық алып тұрған кезеңде Қазақстанның қазиі қызметін атқарған, «Сәкен кәлпе» деген атақпен елге танымал болған Сәдуақас Ғылманидың (1890-1972) мұрасын насихаттаумен өтті. Біздің асыл анамызбен соңғы кездесуіміз, емен-жарқын әңгіме құрғанымызға да үш айдың шамасы ғана болған екен. Анамыздың өз аузынан естіген, ол кісінің отбасында болғандағы аңғарғандарымызбен, өзге де ойға түйгендерімізбен бөлісудің де танымдық һәм тағылымдық салмағы болар деген ойдамыз. Осынау сүйегі асыл жанның «қызғұмыр» тағдырымен танысу, оны түсіну, оны бүгінгі жастарға үлгі етіп ұсынудан ұтарымыз мол.

***

…Бес жасында анасынан жетім қалған, екінші анасынан 1933 жылғы ашаршылықта айырылған қаршадай қыз үнемі әкесінің жанында болады, өмір бойы оның көзінен таса болмаған екен. Ақмолада Ғылмани отбасынан бес адам ашаршылық құрбаны болады. Үкіжанды ФЗО-ға алып кетпес үшін, қаршадайынан өзінен көп үлкен, көрші ауылдағы әкесінің досы Кәрім ақсақалдың ұлына тұрмысқа ұзатады. Сол кездегі жердің қыртысын ойып алып салатын кішкентай шым үйге, үлкен отбасының 15-ші адамы болып кіреді жасөспірім қыз. Санасы сергек, зердесі мықты анамыздың әрбір айтқан сөзі – қазақтың қасіретті тарихынан сыр шертеді, ғажап! «Мен 1942 жылы 7 сәуірде тұрмысқа шықтым. Сонда әкем өзінің қызын сұрап келген досына мені қатты тапсырған еді, «өмір көп жылатқан балам еді, ендігі жерде өзіңнен сұрайын» деп аманат еткендей болды мені» деп көзіне жас алған еді 100 жасқа жетуге шақ қалған кейуана шешеміз соңғы кездесуімізде. Байқағанымыз, тұрмыс құрып кеткенде де қызы мен әкесінің ынтымағы үзілмеген, әкесі оны үнемі жіті назарында ұстаған, қамқорлығын аямаған. Үлкен толқу үстінде отырып, «қыз сырымен» бөліскен анамызбен бірге жылап, бірге күлдік те. Керемет шертарқатудың да куәсі болдық. «Құдды бір құрбысымен сырласқандай ішін бір босатып алды-ау анамыз» деп өзім де риза болдым сол жолы. Шіркін, қызғұмыр…  «Әкемнің қамқорлығы болмағанда, мен мынадай күнге жетпес едім. Мен мектепте 7 кластық қана білім алып үлгірдім. Ал әкемнен арабша хат таныдым, құранды араб тіліндегі түпнұсқасынан оқып білдім, құртымдайымнан Мәулітті жатқа оқып келемін. Маған өмірді үйреткен әкем» деп еске алатын еді, жарықтық.

Айта кетейік, қазіргі ҚМДБ қолдауымен елімізде өтетін Мәуліт айында айтылатын «Мәуліт» – Сәкен кәлпенің арабшадан аударып жазған қазақша мәуліті. Мұхаммет пайғамбардың өмірбаянын жырлайтын «Мәуліт» дастанын ана тілімізде алғаш рет жазып шыққан – Сәдуақас Ғылмани. Қолжазбаны біздерге аман жеткізген, 1993 жылы алғаш рет оның толық нұсқасын табиғи дауыспен орындаған, мәулеттің қазақ тіліндегі түпнұсқасын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына табыс еткен біздің аяулы анамыз, әкесінің қызы – Үкіжан Сәдуақасқызы! Қолжазба 1949 жылы 6 желтоқсанда жазылған. Үкіжан анамыздың айтқанынан: «Мәуліт жырын алғаш болып арабшадан қазақ тіліне тәржімалаған белгілі дін қайраткері, менің әкем Сәкен кәлпе. Кеңес дәуірінде қолжазбаны баспаға беріп, көпшілік оқырман қолына тапсыру мүмкін емес болатын. Мен оны алғаш рет 1993 жылы Алматыда М.Әуезов театры сахнасында жатқа оқыдым. Біржарым сағат жатқа оқыппын жалғыз өзім. Онда семейлік жазушы Бейбіт Сапаралы, Тұңғышбай Жаманқұлов, т.б. болған. Менің сол даусым «Шалқар» радиосының мұрағатында сақтаулы болуы керек».  Ғажап! Әкесінің аса құнды қолжазбасын сол қалпында 44 жыл бойы аман сақтап келіп, бүгінгі ұрпаққа табыс еткен  керемет ерлік иесі де Үкіжан анамыз!

Қазіргі өзіне қамқор болған анамыздың ұлы Самат Кәрімов осы Ақмолада туған. Ол ағамыз да өзінің атасы жайлы естеліктерге бай адам, «атам мені ерекше жақсы көрді, маған құранды атам өзі үйретті» деп еске алады Ғұламаның немересі. Үкіжан анамыздың келіні Тұрсын ханым да енесіне ерекше ықыласпен қарап, күтіп-баптап отырған қамқорлығына тәнті болдық.  Ол аналарының мейіріміне бөленген, үлкеннің батасын алған, парасаты мен ақылы бір басына жетерлік аяулы жан екен. Өзімді осындай жылы сезімдерге бөлеген, тектінің тұяғы, зиялы да кең жүректі асыл жандарға алғысым шексіз!  Үкіжан анамыздың арнайы шақыруымен биылғы ақпан айында ынтымағы жарасқан осынау отбасының дастарқанында болып, талай қызық әңгімелер тыңдап, рухани өсіп, қызғылықты тарих – қилы тағдырлардың куәгерлерімен бетпе-бет кездескендей әсерде болдым, теңдесі жоқ рухани азық арқалап қайттым сол жолы.

Анамыз қайтқан күні келіні Тұрсын мынадай сөздер жолдапты маған: «Қамажан апай, сізді анамыз ерекше жақсы көрді. Сізге батасын беріп еді ғой, сол бата қабыл болсын!» Әумин, асыл анамыздың берген батасы әркез жадымда, бата-тілектер баршамызға жұғысты болсын!

 

Қамажан Жұмақасова,

әлеуметтанушы 

 

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × three =